Фото: kerchtt.ru
Кездесуде «Gedeon richter kz» серіктестігінің PR-менеджері Динара Бірмағанбетова мен медиаменеджер Назым Жанғазы компанияның бастамасымен Астана, Алматыда жүргізген сауалнама нәтижесін жария етті. Сауалнамаға ұзын-саны жүздеген адам қатысқан. Олар – шамамен 18 бен 65 жас шамасындағы қала тұрғындары. Осы тұрғындардың 13%-ы дерт туралы бұрын-соңды естігенмен, толыққанды хабары жоқ екен. Ал тұрғындардың 28%-ы шизофрения диагнозы қойылған науқастарды қоғамнан алшақтату керек деп санайды.
«Сауалнама нәтижесінде мұндай психикалық ауытқулармен бетпе-бет келмеген тұрғындар дерт туралы біле бермейді деген қорытынды жасауға болады. Оффлайн сауалнама қорытындысы шизофрения туралы ақпараттан бейхабар адамдардың жас санатында ғана емес, тұрғылықты жері мен тіліне де айырмашылық барын көрсетті. Мысалы, Астана тұрғындарына қарағанда Алматы жұртшылығы бұл дерт туралы көбірек біледі», дейді «Gedeon richter kz» PR-менеджері Динара Бірмағанбетова.
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 87%-ы шизофренияның не екенін біледі, 48%-ы бұл аурумен ауыратындардың қоғамға қауіпті деп есептемейді. Сол секілді сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 67%-ы шизофрения диагнозы қойылған адамдарды оқшаулау қажет деген пікірмен мүлде келіспейді.
Басқосуда Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко тәжірибесін бөлісіп, шизофренияға қатысты сауалдарға жауап берді.
«Елде 47 мыңға жуық адамға шизофрения диагнозы қойылған. Әрине, бұл – тұрақты бақылауды және ұзақмерзімді терапияны қажет ететін өте ауыр психикалық ауытқу. Бірақ қазіргі дамыған медицинада тәуір нәтижелерге қол жеткізуге болады. Кейбір пациенттердің жеке және әлеуметтік қызметін мүмкіндігінше қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын жақсарта алатын заманауи антипсихотикалық препараттар бар. Шизофренияға шалдыққан адамдардың кем дегенде үштен бірі дұрыс терапиямен симптомдардың толық ремиссиясын сезінеді. Сондықтан шизофренияға шалдыққан адамдар қоғамға қауіп төндірмейді деп сеніммен айта аламыз», дейді Елена Полиенко сөзін түйіндеп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша шизофрения шамамен 24 миллион адамға немесе дүние жүзінде 300 адамның біріне (0,32%) әсер етеді. Елімізде шизофренияның таралу деңгейі халықтың 0,6-0,7% және елдегі барлық психикалық ауытқуы бар науқастардың 19%-ын құрайды.
Бұл жолы кездесуді ұйымдастыруға «Niettes» платформасы мен «Gedeon richter kz» серіктестігі себепші болды. Аталған компания азаматтардың психикалық денсаулығына қамқорлық жасау ең маңызды бағыттарының бірі екенін еске салады. Атап айтқанда, «Gedeon Richter»-дің стратегиялық мақсаты – осы сегменттегі өнім ассортиментін кеңейту.
«Біз орталық жүйке жүйесі саласындағы түпнұсқа зерттеулерге ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені компания Шығыс және Орталық Еуропадағы ең ірі биохимиялық өнімдерді әзірлеуге белсенді қатысады. Осылайша, біз шығаратын дәрілік өнім – бұл шизофренияның сандырақ немесе галлюцинация сияқты белгілерін ғана емес, сонымен бірге кең таралған кіші белгілері – апатияны, ангедонияны және мотивацияның төмендеуін емдеуде тиімділігі дәлелденген жалғыз антипсихотикалық дәрі», дейді «Gedeon richter kz» бас директоры Павел Хегай.
Мамандар шизофренияға шалдыққан әрбір науқасқа қолдау қажет деп санайды. Олардың қоғамнан алшақтап, назардан тыс қалмауына әрқайсымыз үлес қоса аламыз. Өйткені талай жылдан бері саланы зерттеп-зерделеп келе жатқан білікті дәрігерлер шизофрения диагнозы қойылған науқастардан қорқудың қажеті жоқ екенін ескертеді.
Жания Әбіл,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті