Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Мұндай маңызды жиынның Металлургтер қаласында өтуі де тегін емес. Форумда ірі өндіріс ошағы бар өңірлердің экологиялық мәселелері ашық қозғалып, оларды шешудің жолдары қарастырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «ECOLFR» қауымдастығы ұйымдастырған форумға жоғарыда атап өткен министрліктің, Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі қызметкерлері, Парламент депутаттары, жергілікті билік өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қоғамдастықтар, сондай-ақ экобелсенділер қатысты.
«Таза ауа, кіршіксіз табиғат – жас ұрпақтың болашағы, еліміздің әл-ауқатының негізі. Сондықтан «Саф ауа» форумын экология мәселелері ерекше назар аудартатын және кешенді шешімдерді талап ететін Теміртау қаласында өткізуіміз бекер емес. Мемлекеттің, бизнестің және жұртшылықтың бірлескен күш-жігері, озық технологияларды тарту және өнеркәсіпті дамытуға жауапты көзқарас – жағдайды оңалта алады деп сенеміз. Өңірлердің экономикалық табыстары ғана емес, таза ортасы да бүкіл Қазақстан үшін үлгі болсын. Біз соған ұмтыламыз», деді «ECOLFR» қауымдастық кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова форумды салтанатты түрде ашып.
Президент кеңесшісі, Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Зүлфия Сүлейменова өзінің баяндамасында бірнеше мәселе көтерді.
«Климаттық қаржыландыруды жетілдіру маңызды. Мысалы, электр қуаты желілері жақсы жұмыс істеуі үшін ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) интеграциясы бөлігін жаңғырту көзделіп отыр. Бұл – жылумен жабдықтау жүйесін жақсарту, энергия тиімділігін арттыру, өндірісті көгалдандыру, «жасыл» болат өндірісі Қазақстанда пайдаланылуға тиіс өте маңызды жаһандық құралдар», деді З.Сүлейменова. Мұнымен қоса, жасыл таксономия, климаттық қаржыландыру, еліміздің әлемдік бағдарламаларға қатысуы, сондай-ақ жасыл экономикаға түбегейлі көшу мәселелеріне толығырақ тоқталды.
Қарағанды өңірінде өндіріс ошағы көп. Сол себепті де, облыстың даму бағдарламасына экологиялық қауіпсіздікке бағытталған бірнеше жоба енген. Яғни баламалы энергия көздерін салу, қоқысты бөлек салатын контейнерлерді орнату, жыл сайын 1 миллион көшет отырғызу арқылы жасыл аймақтарды құру секілді. Ең бастысы, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарын газбен жұмыс істеуге ауыстыру.
«Біздің облыстағы экология – аса маңызды мәселелердің бірі. Себебі біз өнеркәсіпті өңірміз. Бұл Қарағанды, Теміртау мен Балқаш қалаларына қатысты. Сол үшін қабылданған бесжылдық бағдарламамыз бар және біз оны орындаймыз. Біздің бюджетке түсетін экологиялық төлемдер экобағдарламаларды орындауға жұмсалады. Биылдың өзінде біз осы мақсаттарға 40 млрд теңге бөлдік», деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Теміртаудағы «Qarmet» АҚ алпауыт өндіріс ошағы өздерінің зиянды қалдықтарын азайту мақсатында 2024–2028 жылдарға арналған даму стратегиясын құрған. Мұның ішінде болат дивизионын біртіндеп газдандырып, көгалдандыруға көп көңіл бөлу үшін биыл 29,7 млрд теңге бөлген. Мұны компания бас директорының орынбасары Евгений Зицко өзінің баяндамасында жеткізді.
«Энергетика мен қоршаған орта арасындағы байланыс айқын. Планетамыздың тұрақтылығы көбінесе бұл қатынастың қаншалықты үйлесімді болатынына байланысты. Экономикалық өсімді жоғары көміртегі ізі бар ресурстарды тұтынудан бөлу Еуропалық одақ үшін де, Қазақстан үшін де стратегиялық маңызды басымдық. Осыған байланысты көміртегі шығарындыларына баға белгілеудің әділ жүйесін құру Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын тиімдірек қысқартуға мүмкіндік береді. Еуропалық одақ Қазақстанның шығарындыларға квоталар саудасының еуропалық және отандық жүйелерін жанастыру жөніндегі мақсаттарын толық қолдайды. Біз ЕО трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі (CBAM) туралы жағдайды тұрақты талдау жөніндегі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күш-жігерін жоғары бағалаймыз және өз тарапымыздан барлық қажетті ақпаратты беруге дайынбыз», деді Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің бағдарлама менеджері Роберт Брудзински.
Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін кешенді шешу қажеттілігі туындағаны турасында да ашық пікірталас өрбіді. Мәселен, 1000-нан аса кәсіпорын сапалы шикізат тапшылығын көріп отырғаны айтылды. Мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін қалдықтарды басқару саласында жалпы сомасы 230 млрд теңгеден асатын 94 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Оның ішінде 49 қоқыс сұрыптау кешені салынады, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 кәсіпорынның жұмысы жаңғыртылады. Соның арқасында 800-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады.
Сонымен қатар форумда сөз алған спикерлер өнеркәсіптегі энергетикалық трансформация, ондағы энергия тиімділігін арттыру бағыттары мен құрылыстағы жасыл технологиялар жөнінде ой алмасты.
Қоршаған ортаны бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген өңірлерде соңғы бес жыл ішінде ауа ластануының деңгейі 15-20 пайызға кеміген. Тіпті экологиялық түрлі апаттарды, төтенше жағдайларды жедел анықтап, салдарын жоюдың арқасында 10-12 пайызға төмендегені және айтылып, автоматтандырылған жүйені басқа аймақтарға да енгізу жөніндегі мәселелер көтерілді. Қысқасы, табиғат тазалығының егжей-тегжейі талқыланған форумда көтерілген ұсыныстар арнайы хат ретінде мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарға жолданады.
Форум соңында экология тақырыбында салған суреттерімен жүлделі орын алған оқушылар мен мұғалімдер дипломдар, экобелсенділер Құрмет грамотасы, Алғысхаттармен, салалық медальдармен марапатталды.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы