Руханият • 12 Маусым, 2024

Өмір мәні

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниеге келген әр адам ақыл-ойы артқан сайын өзін іздеп, өмір мәнін табуға құлшынады. Шәкәрім қажы «Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» деген үш сұрақпен жан құлағын бітеп, ізденуге шақырады.

Өмір мәні

Фото: ernur.kz

АҚШ-тың Кенеди аэропортында Джон Смит есімді кісі, кезіккен адамға «Дүниедегі ең жаман нәрсе не?» деген ­сұрақ қояды. Кенет бір монахтың алдына келіп:

– Дүниедегі ең жаман нәрсе не? – дейді сұрағын қайталап.

Сонда монах:

– Сен кімсің? – дейді.

– Мен – Джон Смитпін!

Ол жай ғана есімің ғой, сен кімсің? – дейді.

– Мен журналиспін! – дейді Джон.

– Ол сенің атқаратын қызметің ғой, сен кімсің?

– Адаммын!

– Бұл сенің биологиялық атауың ғой, сен кімсің?

Джон үнсіз қалады.

– Міне, дүниедегі ең жаман нәрсе – өзіңнің кім екеніңді білмеу, – дейді монах.

Иә, барлық есті адамның алдынан кесе-көлденең тұратын сұрақ – осы сұрақ. Будда дара жол іздеушілерге: «Тауқыметтен, дәрменсіздіктен, кәрілік пен өлімнен құтылмайтыныңды түсіне тұрып, өмір сүруге болмайды; өзіңді өмірден, өмірдің кез келген мүмкіндігінен азат етуің керек» деп бағыт нұсқайды. Ал Соломон күйреуіктікке салынып: «Өмірдегінің бәрі ақымақтық та, даналық та, байлық пен кедейлік те, қуаныш пен қайғы да – бәрі-бәрі әурешілік пен бекершілік» деп шорт кеседі. 

Бәзбіреулер өзгелердің пікіріне сүйеніп, өмір мәнін долбарлап жатады. Жо-жоқ. Мән табу дегеніміз – басқаға сүйене салу емес, керісінше, барша адамзат еңбегі арқылы жалғыздықта жаңаша һәм өзіңше ізденіп шындықты табу. Адамның іш тереңдігі мен ақыл ауқымының ешкімге ұқсамайтынын ескерсек, әр адамның ақиқатты табу жолы ешкімге ұқсамақ емес.

Белгілі өзбек ақыны Мұхаммед Салық бір сұхбатында: «Мен не үшін өмірге келгенімді және не үшін өлетінімді анық білемін. Бұл өзім үшін үлкен бақыт. Кез келген шы­ғармашылық осы тылсымды білуге қызмет еткенде ғана мән мен мазмұнға ие болады» деген болатын. Шынында, Блез Паскаль айтқандай, «біз мұнда қандай биіктіктен құла­ғанымызды білу үшін» келгеніміз анық.