Айбын • 13 Маусым, 2024

Бейбіт елдің басты миссиясы

85 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бітімгерлік операциялар орталығында «Орталық Азия және БҰҰ бітім­герлігі: ағым­дағы қызмет және перспективалар» тақырыбында өңірлік дөңгелек үстел өтті. Жиында Қазақстан мен Тәжікстан қорғаныс ведомстволарының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы кеңсесінің, Халық­аралық Қызыл Крест комитетінің және отандық жоғары оқу орын­да­рының өкілдері бас қосты.

Бейбіт елдің басты миссиясы

Қатысушылар халықаралық гума­ни­тар­­лық құқық және бітімгер­ліктің ген­дерлік аспек­­­тілерін тал­қылады. Сондай-ақ оты­­рыста Қазақ­станның Орталық Азия елдері арасында бейбітшілікті н­ы­ғайту ісіне қосқан үлесі айрықша атап өтілді. Дөңгелек үстел барысында Қор­ғаныс министрлігі Бітімгерлік операция­лар орталығының басшысы, полковник Бауыр­жан Нығметуллин еліміздің әскери қызмет­шілерді бітімгерлік және тілдік дайын­дау тәжірибесімен бөлі­суге дайын екенін жеткізді.

«Қазақстан халықаралық қоғамдас­тық­тың жауапты мүшесі ретінде БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қатыса отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосып келеді. 2018 жылы Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып бітімгерлік бөлімшелерін БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына жіберді. Іс-шараға 500-ден астам Қазақстан азаматы қатысты. Біздің әскери қызметшілердің Непалда, Кот-Д'Ивуарда және Малиде БҰҰ миссияларына қатысу тәжірибесі бар.

Қазір отандық бітімгерлер Ливан­да, Батыс Сахарада, Орталық Африка Рес­пуб­ликасында және Конго Демокра­тия­лық Республикасындағы миссияларда қыз­мет етіп жатыр. Қазақстан үшін тарихи қадам БҰҰ-ның Голан жоталарындағы мис­сия­сында бітім­герлік контингентті өз бетінше өріс­тету болып отыр. Бүгінде ондағы мис­сия құрамында 139 қазақстан­дық қызмет өткеріп, қарама-қарсы тараптар арасындағы атыс­ты тоқтату режімін сақтау жөніндегі міндеттерді орындап жүр. Қазақстан әскери қызметшілерінің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу географиясы­ның кеңеюі еліміздің әскери және гуманитарлық дағдарыстардан зардап шегетін адамдарға қолдау көрсетуге деген оң ниетін айғақтайды. Біз Орталық Азия елдерінің бітімгерлік әлеуетін күшейту аясында БҰҰ миссиялары үшін сарапшыларды дайындауда және бірлескен бастамаларды іске асыруда күш-жігерімізді біріктіре аламыз», деді Б.Нығметуллин.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк­те­гі бас кеңсесінің Бітімгер­лік опера­ция­лар департаментінің өкілі Гер­берт Лорэт Қазақ­стан­ның бітім­герлік опера­ция­ларға қатысу үшін өз контин­гент­терін жіберетін елдермен өзара іс-қимыл жасаудағы қызме­­тін оң баға­лады. Әрі іс-шара Орталық Азия өңі­рін­­де білім мен тәжірибе алма­суға, дайын­дық тұрғысынан серік­тес­тік қарым-қатынас орнатуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Жалпы, Қорғаныс министрлігінің Бітім­герлік операциялар орталығының базасында әртүрлі елдің тыңдаушы­лары­ның қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымы сертификаттаған курстар ұйым­дас­тырылып тұрады. Универ­ситет­термен тығыз ынтымақтастық­­та халықаралық гуманитарлық құқықты зерделеу, студенттерге бітімгер­лік тақырыбында дәріс өтеді. Бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік тәжірибе жинақтауына, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын жетілдіруге және оларды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге ықпал етеді. Осы мақсатта қосымша білім беру мекемесінің мамандары тыңдаушыларды оқытудың тәсілдері мен әдістерін жетілдіру бағытында үнемі жұмысын өзгертіп тұрады. Таяуда ғана штаб офицерлері арнайы оқуда болды. Оған қазақстандық офицерлермен қатар Ұлыбритания, Германия және Қытай қарулы күш­терінің әскери қызметшілері – барлығы 17 адам қатысты. Курсқа Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі БҰҰ миссияларының құрамында бітімгерлік қызмет өткеретін персоналды даярлауда практикалық тәжірибесі бар орталықтың әскери қызметшілері нұсқаулық етті.

«Штаб офицерлері жоспарлау­мен, үйлестірумен айналысады. Сондай-ақ тап­сырмалардың орындалуын жіті қада­ға­лайды. Оның құзыре­тіне жауапкершілік аймағындағы жағдайды нақты уақыт режімінде бақылау, оқиғаларға талдау жүргізу кіреді. Тиісті бағыттар негізінде миссия қолбасшылығына есептер мен ұсыныстар әзірлейді. Мұндай курс­тарда біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, әскери қызметшілерге БҰҰ миссиясы штабының офицері тап болатын жағдайлар мен қиындықтарды егжей-тегжей түсіндіреміз. Болашақ бітімгерлер ағылшын тілі, далалық медицина, радиобайланыс, шахталар, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар мен жарылмаған снарядтар, күш қолдану ережелері, сондай-ақ халықаралық және гуманитарлық құқық нормалары туралы білімдерін шыңдайды», деді курс жетекшісі – Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бітімгерлік дайындық басқармасының аға офицері, подполковник Ермек Төлесов.

Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің 1325 (2000) «Әйелдер. Әлем. Қауіпсіздік» қарарын іске асыру бо­йынша Қазақстан гендерлік теңдік, әйелдерді қорғау және тең құқық сая­сатын ұстанушы елдер қатарында ата­лады. Оған қазақстандық әскери қыз­мет­ші әйелдердің БҰҰ бітімгерлік операция­ларына әскери бақылаушы және штаб офи­цері ретінде қатысуы дәлел бола алады. Бүгінде 8 әйел әске­­ри қызметші БҰҰ-ның шетелдегі мис­сия­­лары құрамында қыз­мет етеді.

Айта кетейік, 2018 жылы БҰҰ серти­фикаттауынан өткен курс төрт жыл қатарынан өткізіліп келе­ді. Осы уақыт ішінде Қорғаныс министр­лігінің Бітімгерлік операциялар орталығы Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларының штабтарында жұмыс істеу үшін елуге жуық сертификатталған әскери маман даяр­лады.