Ол туралы ой-пікірлер қандай?
Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз қызметін бастады. Яғни 1994 жылы Елбасы ұсынған идея жүзеге асты. Экономикалық әлеуеті зор, халыққа пайдасы мол ұйым бірегей мүмкіндіктерге жол ашпақ. Себебі, үлкен нарықты көздеген әр кәсіпкердің табысқа жетуіне Одақта ұтымды тұстар жетерлік. Өйткені, тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд. долларлық мөлшерге жеткен. Ресей мен Беларусь еліне қазақстандық экспорт 63 пайызға ұлғайып, 6 млрд. доллар құрады.
Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің бастапқы кезеңінде еліміздің Еуразия кіндігінде орналасқан өңірлеріне үлкен жауапкершілік жүктелмек. Осыған байланысты газет тілшісіне тиісті сала мамандары өз ой-пікірлерін төмендегіше жеткізді.
Мұқамғали АРЫСПАЕВ, Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы:
– Еуразиялық экономикалық одақтың мақсаты – үш елдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілеттілігін нығайту. Сол арқылы халықтың тұрмыстық жағдайын көтеру. Кеден одағы шеңберіндегі өнімдерге қатысты кейбір техникалық регламент талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүргізуді қамтамасыз ету тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі біздің департаментке жүктелген болатын.
Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енген соң тауар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бұрынғыша заңды күшінде, яғни Кеден одағының техникалық регламентімен реттеледі. Ал кедендік техникалық регламенттері қабылданған тауарлар мен өнімдерге санитарлық шаралар аясындағы Кеден одағының нормативтік-құқықтық актілері қолданылады. Қазір тауардың (өнімнің) сәйкестігін нақтылайтын төрт құжат бекітілді. Бірінші – ұлттық сәйкестік сертификаты немесе Кеден одағының сәйкестік сертификаты, екінші – сәйкестік туралы ұлттық декларация немесе Кеден одағы сәйкестігі туралы декларация, үшінші – мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (мемлекеттік тіркеуге жататын өнімге беріледі), төртіншісі – ветеринарлық анықтамалар мен сертификаттар (өңделген мал шаруашылығы өнімдеріне беріледі). Бірақ Еуразиялық одақ шартына сай одаққа мүше елдерден тауар өткізгенде осы құжаттардың біреуі болса жарайды.
Салтанат ҚАМЕШЕВА, Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы:
– Қазіргі кезде Кеден одағы елдері арасында 35 техникалық регламент қабылданған. Соның 32-сі күшіне енген. Биыл тағы екі техникалық регламент ақпан айының 15-нен бастап өз күшіне енетін болады. Сонымен қатар, 2016 жылдың 15 мамырынан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен «Темекі өнімдерінің техникалық регламенті» енеді.
Еліміздің кәсіпкерлеріне жеңілдіктер жасауда техникалық реттеудің жалпы жүйесін жасақтаудың маңызы зор. Мүдделі тұлғаларды көптеп тарту үшін облыстарда техникалық реттеу мәселесі жөнінде аймақтық штаб құрылды. Сондықтан бизнес өкілдері техникалық регламенттерге өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстары болса, штабқа хабарласуларына болады.
Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ құрылған сәттен бастап үлкен нарық пайда болды. Мұның өзі біздің бизнесіміз үшін, тауарларымызды өткізу үшін қосымша төленетін төлемдердің алынып тастауымен маңызды.
Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта көрсетілгеніндей, оған мүше елдерден жеке тұлғалар өз мақсатына пайдалану үшін алынған көлік және тауарлар үшін қосымша құн салығы алынбайтын болады.
Бұған қоспағымыз, одаққа мүше елдер аймағына импортқа шығарған өнім туралы есеп электронды түрде берілмек. Бұл фактор кәсіпкерлерге қағазбастылықты азайтып, өнім өткізу ісін жеңілдетеді деп күтілуде.
Еламан ӘЙПІШЕВ,
журналист.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.