Денсаулық • 13 Маусым, 2024

Ауырып ем іздегенше...

55 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам папилломасы вирусы (АПВ) қаншалықты қауіпті? Жатыр мойны обырын алдын алуға септесетін АПВ-ға қарсы вакцинация елде қашан жүргізіледі? Бұл тақы­рыпты Астанада өткен форумда қоғамдық, ғылыми, халық­аралық ұйым мүшелері (ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰДБ, ЕО), Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, сондай-ақ белгілі дәрігерлер, ғалымдар, дін қызметкерлері мен қоғам белсенділері талқылады.

Ауырып ем іздегенше...

Мамандардың ай-туын­ша, биыл АПВ-ға қарсы вакцинация қайта басталады. Жалпы, адам папилломасы вирусы (АПВ) – әлемде өте кең таралған, шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Осы вирустың 200-ге жуық түрі белгілі, олар кемінде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. АПВ-ға жиі әсер ететін анатомиялық аймақ жатыр мойны болғандықтан, осы ағзаның онкологиялық аурулары әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бүгінде аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцинациялау.

Қазақстандағы ДДСҰ өкіл­ді­гінің иммунизациялау бағдарла­масының үйлес­ті­рушісі Қанат Суханбердиевтің айтуынша, халық вакцина жасаудың қан­шалықты маңызды екенін тү­сініп, ауырмайтын жол іздеуге белсене қолдау білдіргені жөн.

«Адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау 2006 жылдан бері 135 мемлекетте жүзеге асты, 100 миллионнан астам адам бұл вакцинаны салдырды. Вакцина салдырған Швеция, Аус­тралия, АҚШ секілді тәжірибелі мемлекеттер де бар. Мыса­лы, Аустралияда 20-25 жас аралы­ғындағы екпе салдырған қыздар­да мұндай ауру түрі мүлдем анық­талмаған. Біздің елде де ауру­дың алдын алу үшін вакцина салу өте маңызды. Қазақстанда вакциналау шарасы қыркүйек айының басында басталып, 2 рет егіледі. Бірінші екпе егу сатысы қыркүйек айында болса, екіншісі 6 айдан кейін ғана жасалады. Айта кету керек, көр­ші Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан мемлекеттерінде АПВ-ға қарсы вакцинаның егіліп жатқанына 2 жылдан астам уақыт өтті», дейді Қ.Суханбердиев.

Коронавирус пандемиясы кезінде вакцинаға күмән­мен қарағандар болғаны рас. Де­генмен аталған дертке қоғамдық им­мунитет қалыптастырып, ауру­ды жеңетін бірден-бір жол вакцина салдыру екенін жұрттың дені түсінді. Яғни қоғамда вак­цинаға деген түсінік өзгерді. Форумда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әл­назарова адам папилломасы ви­русынан болған қайғылы жағ­дайлар туралы статистиканы кел­тіре отырып, аурудың алдын алуға жауапкершілікпен қарау керек екенін еске салды.

«Елімізде жатыр мойны обыры – барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі өлімнің екінші себебі. Жыл сайын елімізде жатыр мойны обырының 1 900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, жылда 600-ден аса әйел осы паталогиядан қайтыс болады. Сол үшін вакцинация туралы жұмысты дұрыс үйлестіру, халыққа жеткізу мәселесі бар­шамызға байланысты», деді Денсаулық сақтау министрі.

Форумға қатысушы шетелдік қонақтар мен мамандар, қоғам белсенділері пікір білдіріп, АПВ-ға қарсы салынатын вакцинаны қолдау үшін қандай жұмыс жүргізетіндерін ортаға салды. Сонымен қатар басқосуда сала мамандары вакциналауға қанша қаражат бөлінгенін де атап өтті.

«Бізде әзірге тек екі және төрт валентті вакцина салу ойластырылып отыр, егер екі және төрт валентті вакцина ойдағыдай өтсе, басқа мемлекеттегідей біздің де елде тоғыз валентті вакцина салынады. Еліміз бұл вакцинаға 9,6 млрд теңге қаражат бөлді. Арнайы препараттарды сатып алу бүгінде басталып, ендігі кезекте халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, вакци­наның маңыздылығын жеткі­зуіміз керек», деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.

 

Жәния ӘБІЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті