Бұған дейін жазғанымыздай, өңірдегі 600-ден астам оқушының қоқыс қалдықтарынан жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі көрмеге жиналған жұртшылық білім алушылардың өнерін жоғары бағалады. Сондай-ақ бірнеше жас ғалымның инновациялық жобасы да жұртшылық тарапынан қызығушылық тудырды. Әсіресе қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыт жобасы мамандарды тәнті етті.
Жергілікті атқарушы билік таратқан мәліметке жүгінсек, Тұрар Рысқұлов ауданында «Ең белсенді тұрғын», Шу ауданында «Ең үздік аула сыпырушы», Қордай ауданында «Ең үздік аула», Талас ауданында «Ең үздік көше» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері өңірдегі ерікті жастар өз қалауымен бірқатар жұмыстың сапалы атқарылуына мұрындық болғанын айта кеткен ләзім.
Волонтерлердің белсенділігімен Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ бастауын Қырғыз Республикасынан алатын Талас өзенінің бойы, Айша Бибі, Бауыржан Момышұлы көшелерінде аялдамаларды бояу мен жуу жұмыстары талапқа сай атқарылды.
Бұдан бөлек, Байзақ ауданының орталық саябағы, Жамбыл ауданындағы Айша бибі кесенесінің маңы, Қордай ауданының орталығы мен Меркі ауданындағы Сыпатай батыр, Сарысу ауданындағы Шоқай датқа кесенелерінің айналасы, Шу қаласындағы теміржолшылар саябағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті атқарушы билік келтірген дерекке сенсек, жыл соңына дейін жалғасатын науқанға жамбылдықтар айрықша үлес қосуға дайын екен. Осы жылы өңірдегі жолдарды жөндеу жұмыстарына 23,1 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа 469,6 шақырым жол жөндеу жоспарланған.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған road-эстафетасына қатысушылар Жамбыл облысына да келді. Елорда төрінен келген топ мүшелерін жамбылдық белсенділер күтіп алды. Олар екі жүз шақырымнан астам жол бойында тазалық жұмыстарын жүргізіпті.
Жалпы, өңірді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына 10,3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Тұрғын үйлер мен жолдарды жөндеу, саябақтарды абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.
Жамбыл облысы