Маман • 14 Маусым, 2024

Мамандығы – мейірім сыйлау

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейбір мекемелерде аса бір лауазымды қызмет атқармаса да, абырой-беделі сол ұжымның басшысынан кем емес мамандар бар. Ел-жұрттың, ұжымның сый-құрметіне бөленген сала майталмандарына әркез төрден орын табылады. Кәсібінің нәсібін көріп отырған жандармен Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ұлттық госпиталіне барғанда жүздескен едік.

Мамандығы – мейірім сыйлау

«Сырқаттанған әрбір жан ет жақыным»

Әдетте, медицина қызметкер­лері күні десек, бірден бас дәрігер, танымал хирургтер еске түседі. Барлық марапат-мадақ, ізгі тілек­тер соларға ғана айтылатындай көрінеді де тұрады. Алайда дә­рі­гердің сенімді серігі, адал көмекшісі – мейіргерлердің де еңбегін ескермеске болмайды. Осы тұста біз Ұлттық госпитальдің мейіргері Айгүл Айтбекқызының ағынан жарылып айтқан бір үзік сырын ұсынуды жөн көрдік.

«Бала кезде түрлі мамандыққа қызығып, ананы-мынаны арман­дайсың. Бір қызығы, ақ халат киіп, адамдарға көмектесуге бала шағымнан қызықтым. Кейін, ол арман өмірлік мақсатыма айналды. Медициналық колледжге оқуға түстім. 1989 жылы меди­ци­налық колледжден соң сол заманда «Совмин» орталық ауруханасы деп аталатын емдеу орнына жолдама алдым. Биыл мұнда жұ­­­мыс істеп жүргеніме 35 жыл то­­лады екен. Жұмыс барысында басшылық мені ширасын деген болуы керек, бірден халі ауыр науқастар жататын жансақтау бөліміне жіберді. Ажалмен бетпе-бет келген науқастардың жағдайын жасай жүріп, әріптестерімнен үйренгенім ұшан-теңіз. Ең алғаш бізге аса қамқор болған адам ем-шара бөлмесіндегі тәжірибелі маман Г.Д.Коваленко еді. Ол кісімен әлі күнге дейін әріптестік қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Қазақтың бетке ұстар азаматтары Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Н.Тілендиев, Р.Бағланова сынды талай тұлғаны емдеуге араласып, алғыстарын алған сәттерді ешқашан ұмытпаймын», деп өткен шақты еске алады А.Айтбекқызы.

а

Жылдар жылжып, жансақтау бөлімінде шыңдалған Айгүлді басшылық 2-кардиологиялық бөлімге аға мейіргерлік қызметке жіберген. Өз ісін жетік білетін маман онда табан аудармай 10 жыл еңбек етіпті. Бөлімде түрлі жастағы науқастарға қарайлап жүрген Айгүл Айтбекқызы «Сырқаттанған әрбір жан ет жақыным» деген ұстанымды ту еткен мейірбан жан. 2012 жылы ұжым басшылығының шеші­мімен Айгүл клиникадағы ме­йіргерлерге жетекші болып та­ғайындалды. Ол аға мейіргер қызметін атқарғалы үш мәрте Ұлттық аккредитациядан «өте жақсы» деген бағамен өтіп, үш рет халықаралық «Алтын стандарт» JCI белгісін алған. Бір ауруханада 35 жыл табан аудармай жұмыс істеп, көптің батасын алған жаны жайсаң мейіргерге толайым табыс тілейміз.

 

«Кейде психолог болып кетесің»

Әрбір саланың ұстыны – білікті мамандар деп білеміз. Кейіпкеріміз Күлсімхан Айт­жанқызы 1985 жылы Алматы қала­сындағы қалалық медицина колледжін тәмамдап, еңбек жолын №1 қалалық балалар ауруханасында операциялық мейіргер болып бастаған. Сонда білікті де білгір мамандардан тәжірибе жиып, әжептәуір ысылып қалған маман 1995 жылы №7 қалалық клиникалық ауруханасына шақы­рылады. Нейрохирургиялық опе­рация мейіргері болып жұ­мыс істей жүріп, қиындығы мол мамандықтың қыр-сырын мең­герген Күлсімхан Айтжанқызы «Совмин» ауруханасына жұмысқа шақырылады.

Өз ісінің білгірі Күлсімхан Айтжанқызы салада 39 жыл еңбек етсе, соның ішінде қазіргі Ұлт­тық госпитальде 26 жылы өтіпті. Күлсімхан Мұратова жұ­мыс барысында операциялық мейір­герге төзімділік, сабырлық, шыншылдық секілді қасиеттердің ауадай қажет екеніне көз жеткіз­генін айтады. «Кейде психолог те болып кетесің. Науқас адам­­ның көңілін аулап, жылы сөзіңмен демеу оған күш беретінін байқайсың. Операция алдында бойын үрей билеген адамға керекті сөз тауып айтудың өзі тап­қыр­лықты талап етеді», деді маман бір сөзінде.

Иә, операциялық мейіргер – дәрігердің бірінші көмекшісі ғана емес, хирургиялық топтың мүшелерін байланыстыратын негізгі тұлға. Ол операция барысында хирургке керекті құ­ралдарды дәрігердің қас-қа­ба­ғын бағып, алдын-ала біліп тұруы керек. Хирургиялық топ­­тың жұмысы тепе-теңдікті, сенімділікті әрі жоспарлы операциядан шұғыл операцияға ауы­су жылдамдығын талап етеді. Науқастың операция­дан кейінгі айтқан алғысы мен жылы лебізі дәрігерлерді, мейір­гер­лерді қа­наттандырып қана қоймай, білімін жетілдіруге мін­дет­тейді. Өйткені өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасты аяққа тұрғызып, үміт сыйлау – зор бақыт. Сол бақытты күндер бар қиындықты ұмыттырады.

 

АЛМАТЫ