Жарқын Сыздыққызы бұл жолда үздіксіз оқыды, тынымсыз еңбектенді. Анасының «біздің үйге бір дәрігер керек», деген бір ауыз сөзін жерге тастамаған ол «анам, қолымнан келетінін білген екен ғой», дейді. Бала кезден келе жатқан арманы – тележурналист болу еді. Содан болар алдына алаңдап келген жүкті аналардың алдымен жылы сөзімен жанын шуаққа бөлейді. Сосын барып қана ем-домына кіріседі.
Осылайша, Жарқын Сыздыққызы 1996 жылы Қарағандының медициналық институтының жалпы медициналық факультетіне оқуға түскен. 2002 жылы емдеу факультетінде акушер-гинеколог мамандығын тереңдетіп оқып, одан кейін тағы бір жылдық білімін интернатура арқылы жетілдірді. Білім алып жүріп, практикаға да қатысып, тәжірибесін әбден толықтырған жас мейіргер ісі дипломына қол жеткізген соң алғашқы еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы орталық аурухананың босану және гинекология бөлімшесінің меңгерушісі болып бастады. Сонда бес жыл еңбек етіп, екінші дәрігерлік категориясын алды. Аудандық ауруханадан біліктілігін молайтып алған ол қайта Қарағандыға қоныс аударды. Облыстық перзентханада 2022 жылға дейін акушер-гинеколог болып еңбек етеді. Осы уақыт аралығында аймаққа мықты акушер ретінде аты танылды. Жүкті аналардың барлығы тәжірибесі толыққан, ана мен бала денсаулығының білгірі болған Жарқын Сыздыққызын арнайы іздеп келеді екен. Еңбегі еленіп, жоғары санаттағы дәрігер атанды. Жарқын Сыздыққызы 2022 жылдан бастап №2 перинаталдық орталықтың меңгерушісі. Яғни білгір маман, білікті басшы Пришахтинскідегі перзентханаға жетекшілік етіп отыр.
Жарқын Сыздыққызының медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі – 25 жыл. Осы бір жылдар уағында қаншама қызықпен де, қиындықпен де бетпе-бет келген.
Жұмысына алғаш кіріскен жылы шалғай ауылдағы бір ананың толғағы жетіп, өз көліктерімен аудан орталығына келе жатады. Күн болса, 40 градус аяз. Оған алаңдаған жас акушер жедел-жәрдем көлігімен оларға қарсы бет алады. Содан орта жолда кезігіп, жедел-жәрдем көлігінің ішінде аспай-саспай аман-есен босандырады. «Дегенмен, сол жолы жауапкершілікті қатты сезіндім. Сыртта аяз қысып тұр. Аса қатты керек-жарағымыз да жоқ. Бір өзім ғана. Оның үстіне енді ғана жұмысқа қабылданған кезім. Содан бастап әр ана мен балаға үлкен жауапкершілікпен, аса ұқыптылықпен қарау керегін түсіндім. Өйткені бір емес, екі адамның денсаулығы мойыныңда тұрады», дейді білікті акушер.
Түрлі қызықтарға да тап болып жатады. Әсіресе ақ көйлекпен келген қалыңдықты босандырып алғанын әлі қызық қылып айтады. «Сол жолы жедел-жәрдем көлігі құйғытып келіп, сигналын қайта-қайта баса берді. Ішіндегі жүргізуші «келін келді, келін келді», деп дауыстап шықты. Біз түсінбей тұрмыз. Сөйтсек, тойда отырып толғағы жеткен келіншек екен. Перзентханаға кәдімгі ақ көйлекпен кіргізіп алдық. Аман-есен босанды. Оны естіген тойда отырған туыстары перзентханаға келіп, әрмен қарай думандатқан. Осы бір ерекше сәт есімізде», деп жылы естелігін жымиып жеткізді абзал жан.
Ардақты акушер жыл сайын білімін жетілдіріп, тәжірибесін тереңдетіп отырады. Үнемі ізденіс үстінде. Онсыз тағы болмайды дейді. Өйткені медицина ғылымы да көз ілестірмес жылдамдықпен дамып келеді. Озық технологияны оқып, білуді өзіне талап етіп қойған. Әр жылы Израиль, Түркия, Ресей елдеріне барып, арнайы курстарды оқыды. Ол мемлекеттердің ана мен бала денсаулығына қалай қарайтынын, қандай көмек көрсететінін оқып-тоқиды. Сол арқылы тәжірибесін байытып, кәсібилігін шыңдайды.
Жарқын Сыздыққызының көп жылғы еңбегі елеусіз қалған емес. «Алтын дәрігер» медаліне, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болған. Алдыңғы жылы министрліктің «Денсаулық сақтау саласының үздігі» мәртебелі марапатына қол жеткізген.
Еңбек жолында мұндай биік дәрежеге қол жеткізуіне өмірлік жолдасының да қолдауы бар. Мұны акушер бізге былай жеткізді: «Жан-жарым екеуміз сонау студент кезімізде отау құрдық. Өмірдің әр баспалдағын содан бері бірге басып келеміз. Ол маған, мен оған қолдау білдіремін. Өйткені жауапкершілігі жоғары жұмыстың ауыртпашылығы әрдайым басым болады. Жолдасым да медицина саласында еңбек ететіндіктен, бір-біріміздің жанымызды түсінеміз».
Иә, жолдасы Самат Нұркеев те облыстық клиникалық аурухананың білікті проктологі, хирургі. Жоғары санаттағы дәрігер. «Алтын дәрігер» медалінің иегері. Бір шаңырақтың астындағы екі бірдей «алтын дәрігер» бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлы Нұрәли Назарбаев интеллектуалдық мектебінің 10-сыныбын бітірді, қызы Жансұлу «Мұрагер» мектебінің 5-сыныбын тәмамдады. Екеуі де ата-аналары секілді «алтын дәрігер» атанып, емделушілерге шипа дарытқысы келеді.
Қарағанды облысы