Аймақтар • 14 Маусым, 2024

Ғылыми бақ көмекке зәру

136 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылғы су тасқынынан Батыс Қазақстан облысында қара­пайым халық қана емес, шағын және орта бизнес нысандары, сонымен қатар ғылыми зерттеу жұмысымен айналысып келе жатқан ерекше тәлімбақ та зардап шекті.

Ғылыми бақ көмекке зәру

Әрине, Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта бизнес нысандарына және агроөнеркәсіп кешеніне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидаларын әзірлеп, бекітті. Алайда табиғат апатынан толық немесе ішінара бүлінген мүлік – өндіріске қажет құрылыстар, ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтар, ауыл шаруашылығы өнімдері үшін залалды өтеуге қатысты бірқатар мәселе туындап отыр.

Ұлттық экономика министрлігі бекіт­кен «2024 жылғы су тасқынының сал­да­рынан шағын және орта бизнес субъек­тілеріне келтірілген мүліктік шығын­дарды өтеу қағидалары» атты құжатта жоғалған, бүлінген мүлік үшін өтемақы беру кезінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнес нысандары назардан тыс қалған. Ал Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы №167 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипат­тағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залал­ды өтеу қағидаларында» тек өлген мал мен құс және дәнді дақыл алқап­тарының шығы­нын өтеу көзделген.

«Осылайша, шын мәнінде шығынға ұшыраған шаруалар мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалғалы тұр», дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

п

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезінде екі жылыжай бүлінген. Біріншіден, ол жерде егілген көкөніс суға кетіп, пайдасыз болса, екіншіден, жылыжайдың поликарбонат жабыны, қымбат суару жүйесі де істен шыққан.

Осы жерде мүлік пен техника залалын орнына келтіруге Ұлттық экономика бекіткен қағида іске қосылуы қажет болатын. Алайда «қағиданың шарттары агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнес нысандарына қолданылмайды» деген бірауыз сөз кедергі болып шықты. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидада тек өсімдік шығынының орнын толтыру көзделген. Сонда тасқыннан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өкілдерінің техникасы мен ғимараттарын кім қалпына келтіреді?

Бұған қоса Батыс Қазақстан облысында белгілі бағбан Қайрат Кәрімов өсіріп отырған Сергей Исаев атындағы эксперименталдық коллекциялық тәлімбақ та суға кетті. Бәйтерек ауданы Мичурин ауылының Шаған өзені жағасында орналасқан аумағы 7,6 гектар болатын бұл бақта алманың қатаң континенталды климатқа арналған 200-ден аса сорты, 80 түрлі алма телтүбірі (подвой), жүзімнің 200-ден аса ерекше түрі, сондай-ақ декоративті, емдік қасиеті бар теректер мен бұталар, қылқанжапырақты ағаштың бірнеше түрі өсетін. Дәл мұндай генофонд, ерекше тәлімбақ еш жерде жоқ. Әрбір сорт, әрбір ағаш қайталанбас дара еді. Мұнда жартыкелілік апорттың өзін жолда қалдыратын алып алма, жемісі сары шиедей немесе албырап піскен өріктей алмалар да болатын. Бұл алманың шырыны биохимиялық дәруменге бай, әр сорттың ерекше дәмі мен өзіне ғана тән жұпары таңғалдыратын.

«Алманың жаңа тұқымын шығаруға әдетте ғалым-селекционердің бүкіл өмірі, кейде тіпті бірнеше ұрпақтың ғұмыры кетеді. Ал сондай еңбекпен келген сорттың жоғалуы оп-оңай, тұқымсыз қалған адам сияқты өледі де қалады. Оны қайтып тірілту мүмкін емес. Мысалы, 1910 жылы Парижде өткен әлемдік көрмеде алтын медаль алған оралдық алманың «анус» сорты бүгінде жоғалған. Алма да адам сияқты, бір сорт жоғалар болса, оның бүкіл тарихындағы қасиетін өзімен бірге ала кетеді...», дейді Қайрат Кәрімов.

Қайрат өзінің жұбайы Розамен бірге ондаған жылдан бері шағын бақта ғылыми жұмыспен айналысып жүрген еді. Олар­дың бағында алманың бірнеше сор­ты зерттеліп, түрлі телтүбірге жасалған комбинациялары тәжірибеден өтіп жатқан. Бұл жұмыс еліміздің климаты қатаң өлкелерінде бау-бақшаны дамыту, соның ішінде әуесқой және өндірістік бағыттағы бағбандық үшін аса қажет еді.

«Асылдың құнын зергер біледі» деген. Қайраттың эксперименттік тәлімбағы туралы Қазақстан мен Ресейдің аса ірі бағбан ғалымдары бірнеше рет Президентке хат жолдады. «Қайраттың тәлімбағында қазір бүкіл посткеңестік елдерінде теңдесі жоқ қазына жинақталған. Осы кезге дейін тек бір ғана отбасының күшімен жасал­ған бұл жұмыстарға мемлекет қолдауы керек-ақ. Тәлімбақтағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге шығару, жаңа сорттарды өндірістік масштабта өсіру қажет», деген еді ғалымдар.

Қайраттың тәлімбағы биылғы алапат су тасқыны кезінде екі айдай су астында қалды. Мамандар бақтың кемінде 80 пайы­зы жойылды деп болжап отыр. Көптеген теректің тамырына зақым келді. Алайда Қайрат пен Роза баламасы жоқ бақты қалпына келтіруге болады деп отыр. «Зайыбым Роза екеуміз үмітімізді үзбей, кей ағашты қазірдің өзінде будандастырып қойдық. Алдағы уақытта су баспайтын басқа жерден де балама бақ өсіргім келеді. Шыны керек, бізге Владивостоктан Еуропаға дейінгі аралықтағы ғалымдар хабарласып, алаңдаушылық білдіріп, қолұшын созғысы келіп отыр. Осындай қолдау өз еліміздің тарапынан да болса деймін», дейді Қ.Боранбайұлы.

Алайда дәл қазіргі жағдайда ерекше эксперименталдық коллекциялық тәлімбаққа табиғат апатынан келген зардапты есептеу ережесі жоқ болып тұр. Жоғарыда айтылған министрлік қағидасына сүйенсек, 7,6 гектар бақтағы жүздеген түп терекке төленетін өтемақы тәлімбаққа кеткен шығынның жүзден бірін де жаппайды. Бұл бақтың қадір-қасиеті оның аумағы мен өсіп тұрған тал-теректің санымен емес, ғылыми-практикалық мән-маңызымен өлшенуге тиіс еді. Бақ ішінде өсіп тұрған әр тал флора зор ғылыми ресурс салынған, келешекте өлкенің (еліміздің десе де болады) тұрғындарының саулығы, эко­номиканың отандық өнімдер арқылы қарыштап ілгері басуына үлес қосатын, азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысында аса маңызды нысан екені сөзсіз. Өкінішке қарай, қолданыстағы қағида бүгінгі пайда емес, келешекті көздейтін баққа тиген зардапты ескеруге жарамай тұр. «Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС тәлімбаққа тасқыннан келген шығын кем дегенде 277 244 300 теңге екендігін есептеп шығарғанымен, қолданыстағы қағида арқылы әрі кеткенде 20 млн теңге шығынды өтеуге мүмкіндік береді.

«Қайрат Кәрімовтің маңдай тері­мен өсірілген бұл бақ біздің келешек ұрпаққа керек. Оны осындай дәрежеге жеткізуге көптеген шетелдік, оның ішінде ресейлік ғалымдар атсалысты. Егер бұл тектік қорымызды сақтап қала алмасақ, онда басқаға тәуелді боламыз. Қазақстанды алманың отаны десек, сол атақтан айы­рылып қалмауымыз керек. Осындай алма бағы арқылы азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етіп, көптеген эко­ло­гиялық мәселелерді шеше аламыз. Сон­дықтан Қайрат пен Розадай адамдарды бәріміз қолдауымыз керек», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, «Интенсивті бақ» қа­зақ­стандық-нидерландтық орта­лы­ғының жетекшісі Гүлфаридат Кәмпитова.

Қазіргі таңда Оралдағы бірегей алма бағын қалай сақтап қалу мәселесі ғалымдар мен жанашыр адамдарды қатты алаңдатып отыр. Жақында облыстық кәсіпкерлер палатасында осы тақырыпта арнайы жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов те өңірде су тасқынынан зардап шеккен нысандарға толайым көмек көрсетуге жоғарыда аталған қағидаларға өзгеріс енгізуді сұрап, Үкіметке екі мәрте хат жолдаған.

Дәл қазір өңірде танымал тұлғалар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері Үкімет басшысына ашықхат жолдап, екі нәрсе сұрап отыр. Оның біріншісі – қолданыстағы заңнамаға (қағидаға) Сергей Исаев атындағы халық­аралық эксперименталдық коллек­циялық тәлімбаққа су тасқыны салдарынан тиген залалды есептеу барысында бақтың генефондтық мән-маңызын, ғылыми бағытын жан-жақты ескеруге мүмкіндік беретін толықтырулар мен өзгерістер енгізуді сұрайды. Мысалы, 22.04.2024 жылғы №18 бұйрықпен бекі­тіл­ген «2024 жылғы су тасқыны салда­­ры­нан шағын және орта кәсіпкерлік субъек­­тілеріне келтірілген мүліктік шы­ғынға өтемақы төлеу қағидаларын» агро­өнеркәсіптік кешеннің кәсіпкерлік субъек­тілеріне келтірілген шығынға өтем­ақы төлеуге қолдануға рұқсат ету қажет.

«Егер қандай да бір себептермен қолданыстағы заңға (қағидаға) жоғарыда аталған толықтырулар мен өзге­ріс­тер енгізу мүмкін болмаған жағ­дайда, тәлімбаққа су тасқынынан келген зардапты өтеудің бюджеттен тыс мүмкіндіктерін қарастыруды сұраймыз», делінген ашықхатта.

 

Батыс Қазақстан облысы