Сұхбат • 13 Маусым, 2024

Бекболат ШӘКІРОВ: Сотталғандарды жұмыспен қамту керек

91 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өңірімізде қауіпсіздігі әртүрлі 10 түрме бар. Онда жазасын өтеп жатқан­дар­­дың 1 500-ге жуығы – жұмыссыз. Олар қара жұмыстан қашпайды. Тек жұ­мыс жетіспейді. «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіп­орны түрмеге түрлі кәсіп иелерін тартқанымен, сотталғандардың жар­ты­сына жұмыс тауып бере алмай отыр. Ал жазасын өтеушілердің сот үкімі кесіп берген 6 млрд 362 млн теңге төленбеген өтемақысы мен 64 млн теңге алименті бар. Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыс­тық-атқару жүйесі департаментінің басшысы, әділет полковнигі Бекболат ШӘКІРОВ сотталғандарды сыртқа шығарып, кәсіпорындарға жұмысқа жұмыл­дыру керек деген ұсыныс айтады.

Бекболат ШӘКІРОВ: Сотталғандарды жұмыспен қамту керек

– Бекболат Еркебайұлы, «Еңбек-Қа­ра­ғанды» республикалық мемле­кеттік кә­сіп­орны өңіріміздегі бірнеше түзеу меке­месіне кәсіп иелерін тартып, сол арқы­лы жазасын өтеушілерге жұмыс беріп отыр. Біз – бұқаралық ақпа­­рат құралдарының өкілдері арнайы ұйым­дастырылған баспасөз тур­ла­рында бұған көз жеткіздік. Бірақ өзі­ңіз көрсеткен статистика ойландырып қойды. Сотталушылардың 1 500-ге жуы­ғы жұмыссыз. Яғни жартысы. Оның үстіне олардың өтемақысы да өте көп екен...

– Қарағанды мен Ұлытау облысындағы түрмелердегі сотталушылардың мойнында 6 млрд 362 млн теңге төленбеген өтемақы, 64 млн теңге өндірілмеген алимент бар. Олар неге төлей алмайды? Жұмыс жоқ. Ал олардың жұмысқа деген құлшынысы жоғары. Еңбекке қабілетті. Темір торда уақытын босқа өткізгенше еңбек етіп, ақша тауып, қарызымызды қайтарсақ деген ниеттері бар. Бірақ ашығын айтқанымыз жөн, «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай отыр. Бұл мекеменің құ­рыл­ғанына он жыл болды. Әлі өз­ге­ріс жоқ. Жұмыс беріп отырған 20-ға жуық кәсіпкер бар. Бірақ тапсырыс аз болғандықтан, жұмыспен қамтуда іркі­ліс бар. Егер «Еңбек-Қарағанды» РМК жұ­мыс­пен қамтамасыз ете алмаса, соттал­ған­дарды сыртқа шығарып, жұмыс берейік.

– Бұл қадамға заң қалай қарайды екен?

– Мұны мен ойдан шығарып отыр­ғаным жоқ. Бұл жоба бізде заңды түрде болған. Бірақ бұрын күші жойылған. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері туралы» 1992 жылғы 23 маусымдағы №1407-ХII Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 4-тармағында (бұрынғы редакциясы), «Ішкі әскерлердің жеке құрамының міндеттерінде» былай деп жазылған: «Әскерлер күзететін қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінен сотталғандарды айырбастау пункттеріне және кері, сонымен бірге өндіріс нысандарына және кері айдауылдау. Осы нысандарды онда сотталғандар жұмыс істеген уақытта күзету» деп көрсетілген. Соған байланысты «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» 2015 жылғы 10 қаңтардағы №274 ҚР Заңына жоғарыда аталған нормаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет. Әуелі осылай заңдастырып алу керек. Бұл ұсынысымды Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жазбаша түрде жолдағанмын. Әлеуметтік әділдікті орнату керек. Біздің басты мақсатымыз да сол. Қылмыскерлер қоғамға моральдық, материалдық залал келтіреді. Оның үстіне сот үкімі кесіп берген өтемақы­ны төлемейді. Ал одан залал көрген жақындарына қажетін кім төлейді? Жақында бір адамды қабылдадым. 21 жастағы жалғыз ұлы кісі қолынан қаза тауыпты. Бірнеше жыл өтсе де, өтемақы алмаған. Бізге келіп: «Маған оның ол жақта текке отырғаны не керек? Жұмыс істеп, өтемақымды төлесін. Жазасын өтеу деген өкіметтің ақ төсегіне жатып, дайын тамағын ішу ғана ма?» деп ренжіді. Үнсіз қалдым. Осы секілді зардап көрген адам қаншама? Сол себепті бірнеше заңға өзгеріс енгізіп, жазасын өтеушілерді сыртқа шығарып, зауыт, кәсіпорындарға жұмысқа тұрғызу керек.

– Жазасын өтеушілерді сыртқа шыға­рсақ, жұмыс істеп жүрген жері­нен қашып кету қаупі орын алмай ма? Оған кім кепіл болады?

– Былтыр бірінші болып қанатқақты жоба бастадық. Облыстық прокуратура, жергілікті атқарушы органдардың арнайы келісімімен 40 сотталған әйелді сыртқа шығарып, үш ай жұмыс істеттік. Жақын маңдағы шаруаның алқабындағы картопты жинап, сұрыптады. Бейне­бақылауды барынша күшейттік. Қара­уыл­дарымыз қырағылық танытты. Түскі астарын апарып беріп отырдық. Жұмыс беруші таңертең автобуспен алып кетеді, кешкілік әкеп тастайды. Тексерістен өткіземіз. Аптасына бес күн жұмыс істеді. Ешкім қашпады. Тіпті қашуға талпынбады да. Туысқандарына салмақ салмай, өз қаражаттарын тауып, қажеттеріне жұмсады. Қылмыстық-атқару кодексінің 119-бабы бойынша біз мекеменің сыртына шығара аламыз. Онда «Күзет аумағынан тыс» деп жазылған. Біздің құқығымыз бар. Бірақ мұнда тағы бір мәселе бар. Бір сотталушыға үш қарауыл керек. Бұл өте көп. Бұрынғы нормаға өзгеріс енгізу керек деген ұсынысымды да жеткіздім. Қазір заманның дамыған кезі. Арнайы электронды қадағалау браслетін пайдалануға әбден болады. Оны шешіп, я болмаса белгіленген аумақтан асып кетсе, орталыққа бірден дабыл келеді. Оның ай сайынғы төлемі 25 мың теңгеге шығады. Оны жұмыс берушілер төлеуге ниетті. Оған сотталушылар да қарсы емес. Бастысы, жұмыс істесек болды дейді.

– Жұмыс беруші кәсіпорындар бұған қалай қарайды? Дегенмен де қоғам­ға қауіп келтірген адамнан секем­­­денетін шығар?

– Жоғарыда айттым ғой, 40 сотталушы әйелді жұмыспен қамтыдық деп. Соны естіп алған бірнеше за­уыт, кәсіпорын басшылары: «Бізге де ер-азаматтарды бөліңіздер. Жұмыс берейік. Тіпті түскі асын, браслетін, бейнебақылау камераларын, басқа да шығындарын өтейік», деді. Сотталған азаматтарды Ұлттық ұланның сарбаздары күзетеді. Өйткені олардың заңынан 2015 жылы осы норма алынып тасталған. Қайта өзгеріс енгізуіміз керек. Қаншама сарбаз бар. Күзетті күшейту керек. Сотталғандарға жұмыс берейік. Еңбек етсін. Қоғамға солай пайдасын тигізсін. Біз 1 500 сотталушының барлығын сыртқа шығара салмаймыз. Олардың ішінде денсаулығы жарамайтын, психикалық ауытқуы барларға рұқсат бермейміз. Жұмыс берушілер неге келеді бізге? Өйткені қара жұмыстан қашатын адам көп. Жұмысшы қат. Ал сол жұмысты тепсе темір үзетін сотталғандар істесінші, қалай өнеді. Жазасын өтеп жүргендердің ішінде мықты мамандар бар. Кез келген техникаңызды да, технологияңызды да игеріп кетеді. Жұмыс беретіндер тегін істетеміз деп отырған жоқ. Орта есеппен 150-200 мың теңге айлықтарын төлейді. Бұл қаржыға сотталғандар залалдарын өтейді, отбасына көмектеседі. Оның үстіне жұмысы бар адамның бос уақыты да жоқ. Оқыс оқиғалар азаяр еді. Темір тордағы уақыттары да жылдам өтеді.

– Сотталғандарды сыртқа шыға­рып, жұмыспен қамту әлемнің басқа елдерінде қалай?

– Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде кездеседі. Дамыған мемлекеттер күзет қауіпсіздігін оңтайландырып, күшейтіп алған. Сөйтіп, сотталғандардың жұмыс күшін пайдаланады. Тек пайдаланып қана қоймайды, олардың еңбек арқылы оңалуына оң әсер етеді. Біздің де түпкі мақсатымыз – осы. Тағы бір нақтылап айта кететін дүние, сотталғандар сот кесіп берген өтемақысының жартысын төлесе, яғни бас бостандығынан айырылған мерзімін азайтып, жазасын жеңілдетер еді. Қоғамдық жұмысқа араластырсақ, олардың да тәрбиесі жақсарар еді.

– Осы орайда мынандай да заңды сұрақ туындайды. Сотталушылардың тамағы тоқ, сыртқа шығып істейтін айлығы тәуір жұмысы бар. Түрмені азайтамыз деп қылмыскерлердің қатарын көбейтіп алмаймыз ба?

– Мұндай ой, әрине, мазаламай қоймайды. Бірақ қылмыскер ертеңін ойлап, ондай қадамға бармайды деп есептеймін. Рас, түрменің тіршілігіне үйреніп, қайта айналып келетіндер бар. Бірақ сирек. Олардың жұмысқа деген мүлдем ынтасы да жоқ. Сол себепті сотталушыларды еңбекке жұмылдыру есебінен олардың өз-өзіне жағдай жасауын қамтамасыз ету маңызды. Соған әсер ету керек. Ең бастысы, залал келтірген өтемақыларын төлету. 6 млрд 362 млн теңге аз қаражат емес. Жан-жақты ойластыру керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Egemen Qazaqstan»