Жазушының шығармашылығы қай кезде де оқырманын ойлантып тастайтын образымен ерекше есте қалады. Оның романдары, әңгіме, повестерінің кейіпкерлері қаншалықты өміршең, күрескер болса, ол сомдап шыққан драмалық образдары да қазақ театр өнерінде серпіліс тудырып, ұлттық драматургияның қазанында қайнап шыға келді.
Қалихан Ысқақ драматургияға тосыннан қосылды деп тағы айта алмайсыз. Себебі бұл жолға инсценировка мен киносценарийлер арқылы келгендей көрінеді. Бұлай деп топшылауымызға алғашқы пьесаларынан-ақ тартыс пен толымды кейіпкерлер, тарихи тұлғаларды сөйлету мен көнені тірілтудегі автор мақсаты көзге ұрады. Тәуелсіздік кезеңінде суреткер ел, туған жер тарихын тереңінен қаузауға кірісті. Бұл оның драматургиясында барынша көрініс тапты.
Қалихан Ысқақтың қаламынан туған жиырмадан астам драмалық шығарма шыншылдығымен, оқырманға айтар астарлы ойымен әрдайым ерекшеленеді. Осы тізімде «Жан қимақ», «Таңғы жаңғырық», «Қараша қаздар қайтқанда», «Талақ», «Сайқының тұқымдары», «Сабатаж!», «Есеней-Ұлпан», «Жансебіл» туындыларынан жазушы-драматургтің биік талғамы байқалды. Үлкен суреткер ретінде әрбір құбылыстың мән-мағынасын, сырын ұғынып, тұңғиығына үңілетін автор шығармашылық зертханасы барынша зерделілігімен, әр тақырыпты қаузай отыра оны тереңірек ашуға тырысады.
Қ.Ысқақтың қай пьесасын алсаңыз да ең алдымен айшықталатыны – оның тілі. Автор қазақ тілінің қаймағын бойына сіңіргендіктен кейіпкерді сөйлетуі де, суреттеуі де кең тыныста қолданылады. Бұл ерекшелік заман тынысы мен диапазонын ашып, кейіпкердің дамуы мен оқиғаның өрбуінде шешуші рөл атқарады. Осы екі ғана ерекшеліктің өзі үндестік тауып, шығарма динамикасын ойната отырып беруге сеп екені сезіледі.
Театр сахнасының қазынасын байытқан айтулы дүниенің бірі – «Жан қимақ» драмалық повесі. Мұндағы басты кейіпкерлер Әбдікерім болыс, Мұса, ақын Махмұт, Әбдікерімнің қызы Бағила, Тортай қажы мен ел ағалары, ру басы, старшындар. Оқиға да осы кейіпкерлер арасында өрбиді. Ең алдымен, драмалық шығарманың басты шарты – кейіпкерлердің өзара тартысы мен оқиғаның шиеленісуі. Махмұт – Сұлтанмахмұт Торайғырұлының прототипі. Шыншылдығы мен әділет сүйгіштігі көрерменін баурайды. Осы шығарма аясында шоқ жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан ақын тағдырының бір кезеңі суреттелген. Алаш ұранды ақынның Алтай аймағында болып, бала оқытып қараңғы қазақтың көгінде күн болып, ел сауатын ашуға белсене араласқаны мәлім. Осы туындыны оқып отырып та, сахнадан көріп отырып та оның сол өңірде өзіне тән мінез-құлқының ашылғанын аңдау қиын емес. «Жан қимақта» Махмұт пен Бағила арасындағы махаббат тамаша арқау тапқан.
Жазушы-драматург шығармашылық мұрасының ішінде кейіпкерлері айшықты сомдалған дүниелердің бірегейі – екі актілі «Сайқының тұқымдары» драмасы. Жиын саны онға тарта кейіпкерлер арасында талас-тартысқа толы драмада дараланып шыға келетін бедерлі бейнелер автордың басты идеясын алдыңғы қатарға шығарады. Бір-бірін өсіріп-кемелдендіріп отыратын кейіпкерлер арасындағы кең диапазон шығарманың көркемдік көкжиегін кеңейте түседі, шынайы бет-пішінін танытады. Кейіпкерді өсіретін, шығармадағы өмірді жандандырып, сыртқы құбылыстың сырын ашатын ең басты кілт – оқиға, тартыс, мінез қақтығыстары көрерменді өзіне тартады.
Жазушы-драматург Қалихан Ысқақ үшін бұзылмайтын қағида – өмір шындығын нанымды бейнелеп, образдарды даралап беруге күш салу. Ол не нәрсені әңгімелеп әрі кейіпкерді сомдап отырса да, шығарманың шешімінде бекер алмағанын, текке таңдамағанын ұғасыз. Өмірлік детальдары арқылы оның пьесалар әлемінен өз шындығыңды тауып, кеңістігіне шын, бәлкім шым батасыз...