Басылым Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаевтың бастамасымен жарыққа шыққаны белгілі. Ғылыми-танымдық журнал жарты жылдан бері қазақ тілінде тұрақты шығып келеді. Әр нөмірі литий, ғарыш, робот секілді маңызды ғылыми тақырыптарға арналған басылымға шетел оқырмандары да қызығушылық танытып, өзбек тілінде де басып шығару ісі қолға алынған болатын.
«Әл-Жәбр» – алгебра деген мағынаны білдіреді десек, оның негізін қалаған Әл-Хорезми 1200 жылдай бұрын Арал теңізі маңында өмір сүрген ғұлама. Орталық Азия халықтарының мақтанышына айналған ғалымның математика ғылымына енгізген терминдері бүгінгі таңда кеңінен қолданыста.
«Біздің мақсат – ұлы бабаларымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан екі ғалым Орталық Азиядан шыққан болса, соның бірі – Әл-Хорезми. Ғұламадан «Алгебра және алгоритм» деген екі сөз қалған. Қарапайым телефон, теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады. Менің байқауымша, оқу, білім, ғылым жүйесі және мінез-құлық жағынан өзбек және қазақ жастары арасында үлкен ұқсастық бар. Сол себепті «Әл-Жәбрдің атасына» қызығушылық үлкен екенін байқадық», дейді академик Асқар Жұмаділдаев.
Балалар мен жалпы ғылымсүйер оқырманға арналған журналда орта және жоғары сынып оқушыларының тапсырмасы «Тай жарысы», «Құнан жарысы» деген атаумен берілген. Журналдың өзбекше нұсқасы қазақ тіліндегі журналмен қатар жарық көріп тұратын болады.
Өзбекстан Ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Гүлсанам Тиллаеваның айтуынша, журналдың өзбек тілінде жарық көруі қазақ-өзбек ғалымдары арасындағы өзара ынтымақтастық пен достықтың жарқын көрінісі. Алдағы уақытта журналдың мазмұны тереңдеп, оқырманын жаңа біліммен сусындата беретіні анық.
Журналдың шығуына қолдау көрсеткен Qalan Edtech-компаниясының негізін қалаушылардың бірі Асқар Болат атап өткендей, журнал озық идеялар мен жетістіктерді насихаттайтын басылым ретінде еліміз ғана емес, математикаға қызығушылық білдіретін барлық Орталық Азия балаларын да ынталандырып, екі ел арасындағы ғылыми байланыстың, ғылым мен білімнің дамуына ықпал ететін болады.
АЛМАТЫ