Медицина • 16 Маусым, 2024

Марқакөлдің мейіргері

115 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ардақ Нығметқызы Төсқайың дәрігерлік амбулаториясында мейіргер болып жұмыс істегелі қырық жылға таяды. Ақ қар, көк мұзға қарамастан дәрі-дәрмек толы чемо­данын сүйретіп жүріп, қаншама жанның өміріне араша түсті? «Құдайдан соң Ардаққа сыйынамыз» деседі Төсқайың тұрғындары.

Марқакөлдің мейіргері

Суретті түсірген – автор

Оқуын тәмамдай сала Төс­қайың ауруханасында жұ­мысқа кіріскен. Ол заманда дәрігерлер құрамы толық бол­ғанымен, тоқсаныншы жыл­дар­дағы апалаң-төпелеңде көпшілігі көшіп кетті. Аурухана жабылды. Көп үйдің есігіне қара құлып салынды. Адам саны күрт азайды. Соның өзінде Ардақ Нығметқызы қыз­метін­де қала берген. Негізгі маман­­дығы – балалардың учаске­лік егу мейір­­гері. Бірақ тау басындағы Төс­қайың аулында ақ халат киіп жүр екенсің, алдыңа келгенді құт­қа­рып, шақырту түскен жерге баруың керек. Дала заңы. Бұл жақта Гиппо­краттың антына адал болмау мүмкін емес.

– Мен жұмысқа тұрғанда дәрі­­герлер көп еді. 1991 жылдан­ бас­тап, дәрігерлік амбулатория­ деңгейіне түстік. Кейін бәрі көш­ті. Мамандығым балаларды егу мейіргері болға­нымен, қазір еңбек­теген баладан еңкейген қар­тына дейін қараймын. Келген дәрі­герлердің көбі тұрақтамады. Үйренген жұмысым, оған қина­ла­тын мен жоқ. Төрт жылдан соң зейнетке шығамын, – дейді Ардақ Нығметқызы.

Ауылдың сеніп отырған жал­ғыз медбикесі зейнетке кетсе, анты­на адал, тұрақты дәрігер табыла ма? Бұл басы ашық сұрақ. Ардақ Нығметқызындай бір орында ең­бек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Айтуынша, осы уа­қыт­­қа дейін түрлі жағдайда 12 әйел­ді босандырған. Әртүрлі дене жа­­рақатымен келген жүзде­ген адамға көмек көрсеткен. Қол-аяғын сындырып алғандарға ал­ғаш­қы көмек көрсетіп, орта­лыққа жө­нел­тіп отыр­ған. Ашық жара­қат­тар­ды тігіп те жіберуге мәжбүр болған.

– Қайбір жылы қыста Балықты бұлақ аулында адам шошырлық оқиға болды. Бір жігіт өзіне пы­шақ салып, ішек-қарынын ақта­рып тастаған. Алып ұшып жет­сек, тірі жатыр. Әлгі жерде көме­гімді көрсетіп, қарнын тігіп бер­дім. Көмек күтетін жағдай емес. Жедел жәр­дем­мен Ұранхай аулына асықтық. Екі сағаттық жолды бір жарым тәулік жүр­дік. Ақтүтек боран. Ем-домды қой­ныма салып, жылы­тып беріп отыр­дым. Арғы жақ­тан қарама-қар­сы шыққан жедел жәрдем де жете алмады. Ақыры, трак­тор шақырып, әзер жеттік, – деп еске алды Ардақ Нығ­метқызы.

Шындығын айтсақ, Төсқа­йыңда сол заманнан бері өзгерген түк жоқ. Жолымен қыстыгүні ғана емес, көктем мен күзде де жүру мұң. Төсқайыңның өзінде ғана 380 жан тұрады. Жалпы, округте 762 адам бар. Ал Төсқайыңның амбулаториясына тиесілі жедел жәрдемнің жүруінен тұруы көп. Ауыл-ауыл­дарға шығып, екпе салар кезде қиын. Ал кейіпкеріміз ауыл ішіндегі шақыртуларға жаяу-­жалпы жүре береді. Оның өзі оңай емес. Әдет­те аурудың түнде қозатыны бар емес пе? Сол кездері Ардақ Нығмет­қызының телефонында маза болмайды. Күн-түн демей, көмекке асығады.

– Шалғайда, шекара шебінде жатып, жан сақтап отырмыз. Өзім де ауырып, балдақпен жүрген кездерім болды. Үйді-үйді жос­парлы аралауым түк емес, түн ортасы шақырту түссе қиын. Ауыл іші тас қараңғы. Абалаған ит. Жүріп көр сондайда. Жедел жәрдем ауыл ішінде жүрмейді. Жаңа жедел жәрдем бірде-бір рет бұйырмаған. Қазіргіміз Ақбұлақ аулынан келген ескі көлік. Оның үстіне, бұл жақтың жолы нашар. Неше рет науқаспен жолда қалып, жолаушылап жетіп жүрдік, – дейді білікті мейіргер.

Кешегі коронавирус кезінде де көз­ге көрінбейтін тілсіз жаумен кү­­рес­кен Ардақ Нығметқызы еді. Ем-домын жасап, жүздеген адамды­ аман алып қалды. Сол жылдары Төс­­қайың округінен коронавирус бо­­йынша бірде-бір адам өлімі тір­кел­­мепті.

Сондай-ақ аяғы ауыр аналарға да бас-көз болып, қадағалауына алып жүреді. 90-жылдары жоқ дегенде жылына 20 сәби дүниеге келсе, қазір жылына 7-8 сәби ғана туады. Оның басты себебі сол баяғы, ауылда жас­тар жоқ.

– Босанатындарды 34 аптасында Өскеменге жібереміз. Уақтылы тексеріп, үнемі қада­ғалап отырамыз. Өзім де босандырып алған кездер болды. 37 жылда көрмегенім жоқ, – дейді ол қараңғылау бөлмені көзбен шолып.

Амбулатория ғимаратының ескі­лігі өз алдына бір мәселе. Ал зама­науи мүмкіндіктің жоқты­ғы­на қара­мастан, ауылдастары үшін ж­ұ­мыс істеп жүрген ақ желеңді Ардақ Нығметқызының еңбегі ерен.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы,

Төсқайың ауылы