Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Палаталарға шын бәсеке керек
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаевтың пікірінше, асыл тұқымды мал өсіруде және көбейтуде түсінбейтін жағдай көп. Рас, бұрын кеңестік шаруашылықтарға мемлекет тарапынан малды асылдандыруға ерекше қамқорлық болды. Өйткені барлық мал мемлекетке тиесілі, сондықтан селекциялық жұмысқа, аурудың алдын алуға тікелей араласатын. Қазір төрт түлік жеке құрылымдар қолында. Демек олардың иелерінің түсінігі бойынша мал басын асылдандыруға мемлекет мүлде араласпаса керек.
«Міне, осы түсінік бізді құртып отыр. Менің ойымша, мемлекет асыл тұқымды малға қатысты жұмысты уысынан шығармауға тиіс. 2010-2011 жылдары алғаш рет сүт бағытындағы ірі қара мал шаруашылығының республикалық палатасы құрылды. Бұл – өз жұмысын өзі реттейтін, бірнеше шаруашылық біріккен ұйым. Қазір мұндай ұйымның жетеуі бар. Қой шаруашылығы бойынша 17 палата құрылған. Расын айтсақ, қазір мұндай палата құрғыштар әр бағытпен әр өңірде көбейіп тұр. Біз мынаны түсінуіміз керек. Нарықтық экономикада асыл тұқымды мал не үшін керек? Бүгінде халықтан түскен салықты асыл тұқымды түлікті дамыту мақсатында шаруашылықтарға субсидия ретінде беріп келеміз. Себебі одан алынатын өнімнің жоғары сапада әрі мол болғанын қалаймыз. Тіпті мал басы аз болса да, сүтті немесе етті көп беретін тұқым көбейгені жақсы ғой. Асыл тұқымды мал басы өсіп, өнімділік жоғарылаған сайын азық-түлік бағасы реттеледі, халық қалтасына салмақ түспейді. Демек асыл тұқымды төрт түлік – ауыл шаруашылығымыздағы ең берік діңгек. Бірақ жоғарыда айтқандай, саны көп, сапасы жоқ палаталарға еркіндік беріліп кетті. Яғни өздері басы бірігіп, мал тұқымын жақсартуда жұмыс істесін деген пікірмен оларды қадағалаусыз қалдырдық», дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, біріншіден, асыл тұқымды селекциялық жұмыс ақсады, екіншіден, мұнда кез келген сорттағы мал тіркелген. Дұрысы, асыл тұқымды деген параметрге сай емес мал да тізімге кіріп кеткен.
«Шетелдерде мұндай палатаға мүше асыл тұқымды шаруашылық иесі өз түліктерін тексертіп отырады. Өйткені соған мүдделі. Оның ет күйіндегі және тірілей салмағы немесе сүттілігі, жалпы асыл тұқымға сай келу параметрін өзі тіркелген палатасы тексереді. Соған орай бағалайды. Оны арнайы базаға енгізіп, фермердің өсіріп отырған барлық малының ортақ параметрі анықталады. Осы арқылы сол палата ішінде құрылған асыл тұқымды орталықтар, яғни аталықтармен жұмыс істейтін ұйым фермермен бірге жұмыс істейді. Шаруашылықтағы ең мықты қошқар не бұқа таңдалып, оны ерекше күтімге алып, қолдан ұрықтандыру арқылы болашақтағы төлдің сапасын зерттейді. Бұл жерде 100 бұқаның ішінде бір ғана аталықтың ұрығы мықты болуы мүмкін. Осылайша, биылғы анықталған деңгейді сапалы аталықтар арқылы өткен жылғы өнімділікпен салыстырып, геномдық болжау арқылы жылма-жыл өнім деңгейін арттырып отырады. Міне, осындай кешенді жұмыс арқылы өнімділікті көбейтіп, дұрыс жолмен дамиды. Ал бізде керісінше, аталықпен жұмыс істейтіндер өзінше бөлек, палаталар өз алдына өлместің күйін кешіп келеді», дейді Мәжіліс депутаты.
Палата басшылығы кез келген тұқымды тіркей беретін көрінеді. Арнайы жеке мамандар да қағаз жүзінде анықтама бере салуы мүмкін. Оларға да шаруашылықтар өз қаржысына мал тұқымындағы сапа көрсеткішін анықтауға тапсырыс береді. Ақшасы төленген соң жеке сарапшы шаруашылық иесінің көңіл күйіне қарай отырып, асыл тұқымды мал басының пайызын көбейтіп беруі әбден мүмкін. Бұл анықтама қағазы палатаға тапсырылған соң ол тараптан да сол асыл тұқымды шаруашылықты артынша тексеру, анық-қанығын білу жұмысы жүргізілмейтінге ұқсайды. Тіпті оны жүргізетін палатада штаттық маман жоқ. Асыл тұқымды деп саналған мал басы өскен сайын палатаға төленетін жарнапұл көбейе түседі екен.
«Егер палата тарапынан қадағалау болып, асыл тұқымды шаруашылықтағы мал сапасы мен өнімділігі туралы теріс нәтиже шығарып, құрамға қабылдамаса, біраз дүние дұрысталар еді. Бірақ оған шама жоқ. Өйткені мал басы асыл болса да, болмаса да, тіркелген малдың әрқайсысынан ақша түсетін болған соң, әр палата өз қызметкерінің айлығы не басқа қажеттілігі туралы ойлана отырып, асыл тұқымды мал деп тіркей салуы әбден мүмкін», дейді депутат.
Ірілендірудің тиімді тұсы
Мал шаруашылығының ардагерлері мен сарапшылар селекциялық жұмыс пен қымбат асыл тұқымды түлік санын көбейтуде кооперативтің тиімді екенін айтып келеді. Мәселені тек біріккен жағдайда ғана шешуге болады. Сонымен қатар жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу мен карантин шараларын жасау жеке әрі шағын қожалықтарға тым ауыр.
«Ауылдағы мал өсіріп отырған 3-4 шағын қожалық біріктіріліп, ұжымдық бірлестік болғаны жақсы-ақ. Біріксек, ұтарымыз көп. Алдымен саланы жетік меңгерген білікті басшы керек. Олар асыл тұқымды мал басын көбейту, жем-шөп қорын әзірлеуге қажетті техникаларды алу, оған төменгі пайызбен несие қарастыру сияқты қолдауға жедел ие бола алады. Әрі қарай бұған қосымша тері мен жүн өңдейтін шағын өндіріс цехтары ашылғаны тиімді. Асыл тұқымды мал басын көбейткенімен, оның өнімін сұрыптайтын кәсіпорын болмаса, әрине, басталған іс кері кетеді. Әсіресе ауылдық жерде бордақылау алаңы, сүт өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорын ашуға мемлекет қолайлы жағдай туғызып, сол тауарларды дүкен сөрелеріне дейін жеткізуге мүмкіндік болса, ел жағдайы бірте-бірте түзеледі», дейді Ауыл шаруашылығы ардагерлер корпорациясының құрметті ардагері Жаппарберді Бержанов.
Оның сөзінше, бұрынғы кеңестік дәуірдегі мал басын асылдандыруды армандамаған жөн. Ол кезең келмеске кетті. Енді қолда бар тұқымды құртпай, басын көбейтуге тиісті қолдау жасалуы керек.
«Рас, бұрын асыл тұқымды түлікке баса назар аударылды. Ет, тері және жүн мен сүт бағытында әрі жеке-жеке бағытта мал өсіретін ірі кеңшарлар жұмыс істеді. Тоқырау жылдары тарап кетті. Мысалы, тері бағытында қаракөл қой шаруашылығын айталық. Көп жерде мұны қолдан ұрықтандырды. Әртүрлі кластық сортқа бөлінген аналықтарды бөлек баққызды. Яғни бірінші класты аналықтарды 600 басқа толтырып, бір отар етіп арнайы күтімге алатын. Аталықтар бөлек, өз сортымен ерекше күтіммен бағылады. Күздің күні шағылысу пунктіне әкеліп, ұрықтандырушы-техниктің, яғни осеменатордың көмегімен ұрықтандыру жұмысы басталады. Ол бірнеше қошқардың ұрығын жасанды қынаппен алып, оны арнайы зертханада зерттеуден өткізген соң, талапқа сай мықты элиталық қошқардың ұрығын ғана таңдайды. Мұны бірінші класты аналықтың жатырына арнайы құрылғымен жібереді. 150 күннен соң бөлек жайылымда бағылған аналықтардың төлдеу маусымы басталып, туылған қозылар да тиісті зерттеуден өтетін. Еркек төлдің терісі қадағаланып, сорты жоғарыларды арнайы киім өндірісіне жөнелтіп отырды. Осылайша, қойдың сапасын мамандар жылма-жыл көтерді. Ал қазір ше? Ол жүйе жойылғалы қой тұқымының барлығы шатыс, аралас болып кетті. Күйік кезі де әртүрлі. Туған төлдің тұқымын ашып айту қиын», дейді Жаппарберді ақсақал.
Ардагердің айтуынша, қолдан ұрықтандыру технологиясын қолдану деңгейінің төмендеу себебі – ұрықтандырушы мамандардың тапшылығы мен тиісті мемлекеттік бағдарламалардың жоқтығы әсер етіп тұр. Екіншіден, шағын және орта шаруашылықтардың көбі қолдан ұрықтандыру әдісінің тиімділігін әлі түсіне бермейді.
Елімізде 36 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі асыл тұқымды түлік өсірумен айналысады. Санын арттыру, жалпы мал басындағы асыл тұқым түлік үлесі, өнім көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттен қолдау шаралары мүлде жоқ деуге келмес. Бүгінде оларға екі бағыт бойынша субсидия беріледі. Бірі – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, екіншісі – өнім өндіру. Бұл шаралар жергілікті бюджет арқылы орындалып жатыр. Аталған бағыттарды субсидиялау Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №5 бұйрығымен бекітілген.
Асыл тұқымды түйенің бір басын сатып алуға 100 мың теңге қаралған. Жылқыға да осы баға. Импортталған асыл тұқымды қошқар сатып алуға әр басына – 150, аналығына 30 мың теңге қарастырылған. Отандық аналық тұқымға 15 мың теңге беріледі. Ал тәуір отандық бұқаға – 150 мың, аналығына да осы сома төленеді. Етті-сүтті аналық ірі қараны ТМД елдерінен әкелсеңіз – 225, ал тіпті одан әрі Аустралия, Солтүстік не Оңтүстік Америка, Еуропадан алдырсаңыз 300 мың теңге субсидия беріледі. Сүтті бағыттағы түліктің субсидия бағасы басқа. Шаруашылықтар мен кооперативтерге белгіленген қаржы көлемі де бөлек. Өнім туралы айтар болсақ, бюджет қаражаты есебінен қымызды өндіру мен өңдеу құнын арзандатуға литріне – 60, шұбатқа 55 теңгеден субсидия төленеді.
Республикадағы асыл тұқымды ірі қара – 885,9 мың, қой – 2 113,1 мың, ешкі – 1,4 мың, жылқы – 45,9 мың, түйе 1,9 мың бас деген мәлімет бар. Әйткенмен жекешелендіру кезеңінде мал атаулы күйзеліске тап келді. Әркім өз үлесін алып, шаруасын күйттеп, қолдағы малынан барынша табыс алуды ғана мақсат тұтты. Шаруашылықтар бөлініске түсіп, асыл тұқымды малдың парқы еленбеді. Есебі де дұрыс жүргізілмеді. «Сонда біздегі асыл түліктің саны аз ба, көп пе?» деген сауал көлденеңдеп алдымыздан шыға береді.