Оқиға • 17 Маусым, 2024

«Өзгенің баласын жерлеген». Қызылорда дәрігерлері мәйіттерді шатастырған

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғарғы Сот Қызылорда облысында моральдық шығынды өндіру бойынша істің қорытындысын жариялады, деп жазады Egemen.kz.

«Өзгенің баласын жерлеген». Қызылорда дәрігерлері мәйіттерді шатастырған

Фото: elements.envato.com

Жергілікті тұрғын Қызылорда қалалық сотына келтiрiлген моральдық шығынның орнын толтыру туралы облыстық патологиялық бюроға талап қойғаны белгілі болды.

Талап қоюшының 4 айлық қызы 2023 жылы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

Сол күні перинаталдық орталықта тағы бір әйелдің сәбиі өлі туған. Балалардың мәйіттері мәйітханаға жеткізілген.

«Талап қоюшыға мәйітті беру туралы өтініш бергенде, мәйітхана қызметкерлері оның баласының мәйіті қателесіп басқа ата-анаға берілгенін хабарлаған. Соңғысы мұны білмей, талап қоюшының сәбиін жерлеген. Содан кейін эксгумация рәсімі жүргізіліп, қыздың денесі талап қоюшыға берілген. Міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін мәйітхана қызметкеріне тәртіптік жаза – қатаң сөгіс жарияланды. Бюроның бас дәрігері қызметінен босатылды», делінген Жоғарғы Сот хабарламасында. 

Сот аталған факті медициналық мекеме қызметкерлерінің салғырттығынан болғанын растады.

Бұл оқиға арызданушыға моральдық-психологиялық азап пен эмоционалдық күйзеліс туғызды. Осыған байланысты сот талапты қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу ретінде шағымданушының пайдасына патологиялық бюродан 1 млн теңге өндірді.