Орталық саябақты тазалауға Доскей және Петровка елді мекендерінің жастары да келді. Квест қатысушыларына түрлі жарыс ұйымдастырылды. Олар қоқыс қалдықтарын сұрыптап жарысты. Белсенді қатысқандарға сыйлықтар үлестірілді.
– «Таза Қазақстан» акциясын жер-жердегі ел-жұрт кеңінен қолдады. Біз бірінші кезекте жерімізге, өз үйімізге ұқыпты қарауымыз керек. Бұл акция соны үйретеді. Квестке қатысушылар ойын арқылы экологияға деген қамқорлықты, табиғатқа деген жанашырлықты ояту керектігін түсінді. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау әрқайсымыздың жүрегімізде болуы керек. Біздің басты міндетіміз – осы үрдісті әрмен қарай жас ұрпаққа жеткізу, – дейді жастар көшбасшысы Жанболат Жаңбырбаев.
Бұқар Жырау ауданында «Таза Қазақстан» акциясына 230 ұжым – бес мыңға жуық адам қатысты. 130 арнайы техника жұмылдырылды, 10,5 мың тонна қалдық шығарылды, 44 рұқсат етілмеген қоқыс полигон тазартылды. «Мөлдір бұлақ» апталығында 30-дан астам бұлақ тазартылды.
Өскелең ұрпақтың табиғатқа деген қамқорлығын арттыру үшін мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар құстардың ұясын жасады.
Мұнымен қоса елді мекендерді көгалдандыру бағытында да жұмыстар жанданып, жалғасын тауып жатыр. Осы көктемде 5 300-ден астам ағаш егілді. Мысалы, Қарақұдық ауылында жергілікті кәсіпкерлер туған өлкесінің табиғатын жақсарту үшін акция аясында пирамидалы және күміс терек, қызыл шетен ағаштарының 400 көшетін екті. Міне, туған жерге, табиғатқа деген тағзымның үлкен бір көрінісі.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы