Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Мәскеу биржасының» хабарлауынша, валюта және бағалы металдар нарығында, сондай-ақ қор және ақша нарығында доллар мен еуро валюталық жұбы алынып тасталып, сауда басқа барлық құралмен жүзеге асырылады. Сөйтіп, Мәскеудің доллар және еуромен есеп айырысуды ресми тоқтатудан өзге амалы қалмады.
Қатаң шектеуден соң, «Мәскеу биржасында» рубль индексі 3100 тармақтан төмен түсті, оның акциялары да құлдырап кетті. «Ресей Жинақ банкі» – 4%, ВТБ 4,7% жоғалтты. Сарапшылар пайымынша, РФ Орталық банкіне бұдан былай доллар мен еуроның шынайы нарықтық бағамын бекіту қиынға соғады. Мұның соңы кеңес кезіндегідей Ресейде шетелдік валютаның қос бағамының пайда болуына әкелуі бек мүмкін. Алғашқы бағамын цифрлық платформалар ақпараты негізінде Орталық банк бекітеді. Екінші бағамды нарық қалыптастырады. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, салынған санкцияның бізге әсері осы тұстан қаттырақ білінуі мүмкін. Кеңес одағында 1 доллар 60 тиын-копейкаға тең деген ресми бағам бекітілгені белгілі. Ал «қара нарықта» доллар үшін бұдан сегіз еседей қымбат құн 5–6 рубль сұралатын. Демек РФ қазынасында қордаланып қалған шетелдік валюталардың қомақты бөлігінің қара нарықта сатылуына РФ қаржылық институттары ресми түрде жол беруі әбден мүмкін. Әзірге бір доллар үшін 88 рубль деп белгіленген бағамның өзге платформада қандай болатыны туралы картаны РФ әлі ашқан жоқ.
Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, Ресеймен 7 мың шақырымға созылатын ортақ шекарасы және ЕАЭО-да ортақ келісімдері бар Қазақстан бұл мәселені қалай шешеді деген мәселе Ұлттық банк пен Үкімет үшін №1 проблема болуға тиіс. Себебі ресейлік банктер алғашқы күні-ақ ет қызумен төл бағамын орнатып, бір валюта үшін 110–120 рубль белгілеп тастады. Бірақ көп ұзамай оған түзету енгізілді.
Қазір көрші елдің ақпарат кеңістігі бір-бірін жоққа шығаратын ақпараттардан белі қайысып, оған біздің ақпарат құралдары да үн қосып тұр. Біздегі ақпарат «Мәскеу биржасының» «КАSE»-дегі үлесіне қарап алаңдаса, тәуелсіз сарапшылар Ұлттық банк ұстанымына қарап іштен тынады.
Ресейлік «The Bell» басылымы өзінің телеграм арнасында CEPA зерттеушісі Александр Коляндрға сілтеме жасап жазғандай, клиенттердің қор биржасында доллар мен еуроны сату және сатып алу мүмкіндігі шектеліп қалған. Осыған байланысты Ресей Орталық банкі биржадан тыс операциялар бойынша валюта бағамын анықтауға кірісуі мүмкін. Сонымен бірге, Коляндрдың айтуынша, валютаны сақтау үшін алым көтерілуі мүмкін, ал оны Ресейден шығару одан да қымбатқа түседі. Демек ендігі жерде долларды нарықтың еркіне салып, сырттан бақылап отырудан өзге жол жоқ. Сарапшылар айтып отырғандай, доллар мен еуроны алып-сатудан түскен баға қаржы институттарына ес жиып алуға мүмкіндік береді.
«KASE» бұл шектеудің отандық биржа жұмысына ешқандай кері әсері болмайтынын мәлімдеп үлгерді.
«KASE»-де орналастырылған акциялардың 13,1%-ы «MOEX»-ке тиесілі. Ал «OFAC» шығарған №14024 атқару бұйрығына сәйкес тұлға «SDN» тізімінде болса, акцияларының 50%-ы немесе одан артық үлесін «SDN List»-тегі тұлға жеке өзі немесе өзге де санкциядағы тұлғалармен бірге тікелей немесе жанама бақылайтын болса, бұғаттау санкцияларын қолдану тәуекелін туындатады. «KASE ондай тұлғалардың қатарына жатпайды және шектеулер Қазақстан қор биржасына және «KASE клиринг» орталығына ешқандай әсер етпейді», делінген мәлімдемеде.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДРА) «KASE қызметі туралы» мәлімдемесінде 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасының» негізгі акционерлері отандық инвесторлар екенін, олардың үлесі 86,9%-ды құрайтынын айтады. Оның 46,9% акциясы Ұлттық банкке тиесілі. «MOEX» акцияларының үлесі – 13,1%.
ҚНДРА түсіндіруінше, «Мәскеу биржасы» егер «KASE» акцияларының жартысына ие болғанда, оған қарсы санкциялар біздің биржаға да таралатын еді. Себебі бұғаттаушы санкцияларды қолдану өлшемшартының бірі – «SDN» тізіміндегі тұлғаның тікелей немесе жанама түрде, жеке немесе жиынтығында ұйымның 50% не одан да көп акциясына иелік етуі. Бұл өлшемшарт «KASE»-ге қатысты қолданылмайды.
«Осыған байланысты Қазақстан қор биржасы мен «KASE клиринг» орталығы штаттық режімдегі жұмысын жалғастыра береді. Сауда-саттық, клиринг пен есеп айырысулар стандартты регламент бойынша жүргізіледі. «KASE» санкциялық шектеулерді ескеріп, «MOEX»-пен іскерлік қарым-қатынасты жалғастыру мәселесін қарастырады», деп жазылған ресми ақпарда.
Тәуелсіз сарапшылардың сөзінше, біздің елдің мұндай жағдайда «Мәскеу биржасын» акционерлер қатарынан күштеп шығарып тастауға мүмкіндігі бар. Экономист Ғалымжан Айтқазин «KASE» хабарламасындағы соңғы сөйлем «Мәскеу биржасымен ынтымақтастықты тоқтату мүмкіндігіне тікелей нұсқау» болып көрінетінін атап өткен. Бірақ ҚНДРА таратқан мәліметтерде қандай шешімнің қабылданары ашып айтылмады. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан қор биржасы Мәскеу биржасы жүйесінде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Себебі біздің бірқатар жүйе «MOEX» жүйелеріне негізделіпті. Олардың ақысы баяғыда төленгендіктен жұмыс жағдайында тұр. Сондықтан мұнда ешқандай проблема болмайды.
Сондай-ақ санкциялық шектеуге ілініп қалмаған ресейліктер «KASE»-мен жұмысты жалғастыра алатынын да айтып өтті.
«Ресейден кез келген санкцияланбаған банк, кез келген қаржылық агент келе алады. Олардың кейбірінің «KASE»-ге кіру мүмкіндігі бар. Бұл белгілі бір дәрежеде қатысушылардың қосымша ағынын қамтамасыз етеді», дейді ҰБ төрағасы. Тимур Сүлейменов журналистермен кездескенде Қазақстан қор биржасының акцияларын Мәскеу биржасынан кері сатып алу туралы шешім қабылданса, Ұлттық банк мұны өз қаражаты есебінен жүргізетінін ескерткен. Ол сондай-ақ Мәскеу биржасынан акцияларды сатып алумен қатар басқа да нұсқалар қарастырылып жатқанын тағы да нақтылап, санкция ызғарынан жаурап қалған ресейлік биржаны терезеден болса да кіргізіп алуға дайын екенімізді әдемілеп тұрып жеткізді.
«Мәскеу биржасы – Ресей қаржы, валюта нарығындағы басты әрі анықтауыш сауда-саттық алаңы. Бұл жерде ірі ойыншылар валютаны сату/сатып алу операцияларын іске асыра отырып, доллар мен еуроның рубльге бағамын анықтайтын нарықтық орта. АҚШ Мәскеу биржасын ауыздықтау арқылы қысқа мерзімде Ресейдің қаржы, валюта секторына кері әсер етсе, ұзақ мерзімде бұл жалпы экономикаға өз әсерін береді. «SDN»-дегі пункт бойынша Мәскеу биржасы еншісіндегі 50% және одан жоғары үлесі бар компаниялардың барлығы автоматты түрде осы тізімге кіреді. АҚШ министрлігі жасаған «SDN» тізімге Мәскеу биржасынан бөлек, оған (100%) еншілес Ұлттық клирингтік орталық та кірді. «MOEX» күзге дейін «KASE»-нің акционер қатарынан шығады деп ойлаймын. Себебі санкция тізіміне кірген Мәскеу биржасы алдағы уақытта Қазақстан қор биржасына тек проблема алып келеді. Жоғары тәуекелмен отандық қор биржаның дамуына кері әсер етеді», дейді сарапшы Нұрсұлтан Ерболат.
2023 жылдың қорытындысы бойынша «KASE» қор биржасының қаржылық есептілігіне қарасақ, баланстағы меншік капиталы 4,2 млрд теңгені құрап отыр. Актив көлемі – 3,2 трлн теңгеге жетсе, бір жылдық таза табысы – 18,6 млрд теңге.
«Тәжірибеге сүйенсек, санкцияға ілінген «MOEX» өз үлесін компанияның «баланстық құн» бағасы бойынша есептемейді. Бағаны қос тараптың құзырлы органдары келіссөз жүргізу арқылы анықтайды деп ойлаймын. Бұл тұста қаржылық көрсеткіштен қарағанда, саяси шешімдерге басымдық берілуі мүмкін», деп сөзін түйіндеді Н.Ерболат.
Белгілі экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, АҚШ-тың «MOEX»-ке қарсы санкция тек шетел валютасының саудасына әсер етеді, салдары көрші мемлекетке сезілмейді.
«Валюта бағамы Мәскеу биржасында анықталып келді. Бірақ Ресейде валюта бағамын анықтайтын басқа платформалар жетеді. Енді курсты анықтау мәселесі айтарлықтай жылдам шешіледі. Бұрын Мәскеу биржасы арқылы анықталып келсе, енді бұл мәселе Ресейдің Орталық банк қабырғасында да шешілуі мүмкін. АҚШ санкциясы Ресейдегі долларлық операцияларға іс жүзінде әсер етпейді. Ресейдің сыртқы саудасындағы доллардың үлесі – шамамен 15%. Сонымен қатар Ресей ұлттық валюталармен сауданы белсенді түрде дамытуға тырысып жатыр», деп есептейді сарапшы.
АЛМАТЫ