Орыс тарихшысы һәм жазушы Александр Шабалов «Об этнической принадлежности хунну» атты монографиясында: «Ежелгі ғұндар алтын, күміс, қола бұйымдарды пайдаланып, қолданбалы қолөнер туындыларының керемет дамыта білді және ол бұйымдарды түрлендіріп, әшекейлеу арқылы адамзат тарихына зор төңкеріс әкелді» деп жазады.
Расында, Александр Сократович айтқандай, ғұндардан қалған құнды мұраның бірі – өздеріңіз көріп отырған мына бір қола қазан. Бұл жәдігердің салмағы – 4,720 кило, биіктігі – 33,7 см, ауыз жағының диаметрі – 25,5 см, түбінің көлемі – 14,8 см, тұтқасының биіктігі – 4,5 см. Қазан б.з.б. IV ғасырда көне түріктің ұйық мекені Өтукен қойнауында жасалыпты.
Пішіні ромбик тектес, ауыз жағы кең де, түп жағына қарай жіңішкере түскен. Қос тұтасы тұтас құйылып жасалған, екі жағында шағын саңлау тесігі бар. Сыртына төрт жерден ай бедерлі таңба салынған. Бұл қазан қазір Моңғолияның оңтүстігі атақты Гоби шөлінің бел ортасында орналасқан Өмнегоб аймағының орталығы Даланзадгад қаласындағы орталық музейде тұр. Аталған мекеме артефактілерінің молдығы және тарихи кезеңдерге қатысты жәдігерлердің маңыздылығы жағынан ел астанасындағы Шыңғыс қаған музейінен кейінгі екінші орында екен.
Мамандардың айтуына қарағанда қола қазан бірнеше жыл бұрын Баян-оба сұмын өлкесіндегі «Шығыс ши» атты қоныстан табылыпты. Қазіргі таңда зерттеп, зерделеу жұмысы жүріп жатыр. Аяқталған соң ғылыми айналымға жіберілмек көрінеді.