Мақсаты – жұртқа дін мен діндарды масқаралап, айыптау екен. НКВД-сы бар, шолақ белсенділері бар, халықты жинап Аппақ ишан мен басқа да молдаларға неше түрлі ғайбат айтты дейді. «Халықтан кім сөйлейді?» дегенде, ешкім үндемепті. Сонда бір қария тұрып: «Айналайындар-ау! Осы сендер адамнан тудыңдар ма? Бәріміз де Мақсұмды қырық жыл аппақ десек, ол қалай қара болады? Алла сөзін жұрт санасына құйған адамды қалай ғайбаттаймыз! Төбемізде Құдай тұр ғой...» деп кемсеңдеп жылап жіберіпті.
Иә, кеңес өкіметі діндар мен зиялының айбарынан, білікті де ақиқат сөзінен қорықты. Қару кезеніп, атып тастауға асықты.
Мынау – Аппақ ишанның соңғы суреті. Азапталған, қиналған, қорланған түрі. Не үшін? Халқымызды иманға ұйытып, дін-ислам оқуына жаңашылдық әкелгені үшін! Құрбан айт күндері ел жолында, иман жолында құрбан болғандардың аруағын бір еске алып қойған орынды.
Мақсұм Сейдахметұлы туралы соңғы жылдары академик Мәмбет Қойгелдиев, қаламгер Көлбай Адырбекұлы т.б. бірсыпыра материал жариялады. Қазір қолда бар дерек пен жұртшылық естелігін танымалдандыру қажет-ақ.
Аппақ ишан 1864 жылы туып, 1931 жылы 67 жасында Павлодар түрмесінде азаптан қаза тапқан. Ол 1926 жылға дейін Шаян мешіт-медресесінің имамы әрі мүддарисі болған. 1905 жыл мұғдарында қажылыққа барған. Қариялар шежіресіне сүйенсек, арғы тегі - пайғамбарымыздың қызы Фатима мен Әли шадиярдың 35-ұрпағы. Қазақ этногенезінде орны бар қожа сойынан. Көнекөздердің айтуынша, мешіт-медресенің негізін Аппақ ишанның әкесі Сейдахмет Қосымұлы қалапты. Сірә, әу баста тұрқы қарапайымдау болса керек. 1883 жылдан оқу басталған. Мешіт-медресе құрылысына патша үкіметі де, қазақ байлары жәрдемдесіп, кешенді ғимараты 1906 жылы біткен. Ол мешіттен, дәрісханадан, азанханадан және 29 құжырадан (шәкірттер тұратын орын) тұрады. Мұнда бір мезгілде 100 шәкірт оқыған. Білім алуға қазақ елінің төрт тарапынан да келген. Медресе бағыты қадімнен жәдитке табиғи түрде өткенін екі дерек нақты дәлелдейді: 1) патша өкіметінің
150 мың рубль бөлуі (осы уақытта ол заманауи жәдит мектептерін ғана қолдаған); 2) Аппақ ишанның зайырлыққа жақындығы – баласы Бақабулланы 1918 жылы Ташкентте Алаш зиялылары ашқан Қазақ педагогика курсында (бүгінгі Абай университетінің бастауы) оқытқанынан көрінеді. Біздіңше, саяси репрессиядан нақақ күйген дін қайраткері есімін Түркістан, Шымкент, Павлодар өңіріндегі рухани нысандарға беруге болады.
Сабыр ШӘРІП,
PhD