Суреттерді түсірген – Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ
Тек тауықтың төс етінен ғана өнім дайындайтын серіктестік бүгінгі азық-түлік желісінде танымал котлет, шницель, митбол, стрип мен наггетс сияқты тамақ түрлерін шығарып отыр. Ал негізгі шикізат – тауық еті «Макинск құс фабрикасынан» келеді.
«Зауыттың ашылғанына бір ай болды. Күніне әртүрлі атаумен және түрлі көлемде дайын өнім шығады. Бір сағатта 400-600 килоға дейін котлет немесе басқа да тамақ түрін дайындауымыз мүмкін. Ал есеп бойынша зауыттың жылдық қуаттылығы – 3 346 тонна. Осы уақытқа дейін біздің өнімге ұқсас өнім көрші елдерден толықтай импортталып келді. Енді мұндай жартылай фабрикаттар шығаратын кәсіпорын өзімізде бар деп толық сеніммен айта аламын. Біз өнім сапасына кепілдік беретін еуропалық технологиялар мен стандарттарды қолданамыз», дейді зауыттың операциялық істер жөніндегі директоры Сания Омарова.
Санияның сөзінше, өндіріс желісі ең заманауи және жоғары технологиялық аппараттармен жабдықталған. Мұндағы ең қажетті – етті тарту, араластыру, пісіру құралдары Германиядан, белгілі «Alco-food-machines» компаниясынан шыққан.
80-нен астам адам жұмыс істейді. Көбі – жергілікті тұрғын. Жұмыс уақыты таңғы 7-де басталып, түнгі 12-ге дейін жалғасады. Әрине, осы уақыт аралығында қызметкерлердің екі ауысыммен жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
«Жұмысты «Макинск» құс фабрикасынан келген шикі тауық етін қабылдаудан бастаймыз. Оларды арнаулы мұздатылған камераларға орналастырамыз. Әр камераның көлемі – 64 шаршы метр. Мұздату температурасы – 18 градус. Кей камераның температурасы шикізатты пайдалану ретіне қарай бөлек болады. Сондай-ақ мұнда етті қуыруға арналған сұйық май, тұз, ұн немесе әртүрлі дәмдеуіш сақтайтын бөлмелер де бар. Ал кесу бөлмесінде етті тарту, яғни фарш станогына дайындайды. Одан соң түрлі дәмдеуіштерді қоса отырып, арнайы станокта араластырып, біткен соң формалық аппаратқа жібереді. Сол жерде аппарат етті котлет немесе шницель, митбол сияқты түрлі өнім формасына салып, түрлі қоспа қосу арқылы пісіру үдерістерін жүргізетін пешке жіберіледі», дейді тауарларды сапалық бақылау бөлімінің басшысы Талғат Тұрсынов.
Айтуынша, дайын өнім шығаруда өндіріс желісінде негізгі қызметті заманауи пеш атқарады. Әртүрлі формадан шыққан тауық еті алдымен 185-190 градуста 30 секундтық қуырылу кезеңінен өтеді. Ол кезде ет толық пісіп үлгермейді, сыртқы қабаты ғана қытырлақ күйде қалады. Одан соң пешке барып, онда 165 градуста 7 минут айналдыра пісіріледі. Ал пештен шыққан өнім -40 градустық мұздатқышқа жіберіліп, жылдам салқындату үдерісіне түседі.
«Мұздатылған өнімді арнайы қаптамада орап, түрлі салмақта дайындаймыз. Мысалы, 600 грамнан бастап 2 килоға дейін әртүрлі тауық етінің дайын өнімі болуы мүмкін. Ол қаптамалар тауарлық белгісі бар 12 килолық қағаз қораптарға салынып, қоймаға жіберіледі. Сонда таразыда өлшеніп, күнделікті өнім салмағы да анықталып отырады. Жалпы, компания шикізаттан бастап өнімді қаптауға дейінгі барлық кезеңде ең жоғары сапаға кепілдік береді. Бізде дайындалған дайын фабрикаттардың жарамдылық мерзімі – 90 күн», дейді Талғат.
Байқағанымыздай, цех ішіне барлық жұмысшы басынан аяғына дейін түгел залалсыздандырылып, шаш немесе басқа да заттар өнімге түспеу үшін арнайы киіммен ғана кіргізіледі. Егер ол тәртіп сақталмаған жағдайда автоматты түрде кіре берістен «жасыл» белгісі қосылмайды, ондай жағдайда ол қызметкерге цех ішіне баруға рұқсат берілмейді.
Кәсіпорын алдағы уақытта өзінің өндірістік қуатын жылына 10-12 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жоба іске асса, қызметкер саны 150-ге дейін көбейеді. Сондай-ақ көршілес елдерге өнімді экспорттау жөнінде құжаттар да әзірленіп жатқан көрінеді.