– Серік Рахметоллаұлы, жақында партия съезі өтетінінен хабардармыз. Аталған жиында қандай мәселені қарастыруды жоспарлап отырсыздар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда ірі саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр. «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидасы, Жаңа, Әділетті Қазақстан ұстанымдары іс жүзінде қолданысқа енгізілді әрі ол еш науқаншылдықсыз, дәйектілікпен, табандылықпен, жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылып жатыр.
Реформалар барысында «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңға маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, саяси партиялардың мемлекеттік тіркеуден өтуге қажетті сандық шегі 40 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіліп, әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар жандарға арналған 30%-дық квота енгізілді. Партиялардың Парламент Мәжілісіне өту үшін сайлаушылар даусын жинау межесінің 7%-дан 5%-ға дейін шегерілуінің де маңызы зор болды. Нәтижесінде, ел Парламентіндегі саяси партиялар саны екі есеге артып, 3-тен 6-ға жетті.
2022 жылғы маусымда ел Конституциясына «басқарудың суперпрезиденттік формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға» өту үдерісін бастаған өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өткізілді. «Ауыл» партиясы Мемлекет басшысының реформалары мен барлық активтің зор ұйымдастырушылық-идеологиялық жұмысы арқасында кейінгі жылдары елдегі беделді әрі ықпалды қоғамдық-саяси күшке айналды.
2022 жылғы қарашадағы ел Президентінің сайлауында «Ауыл» партиясы атынан саяси додаға түскен бұқараға танымал кандидат Жигули Дайрабаев саяси ұйымның туын өз деңгейінде көтере білді. 2023 жылғы наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау қорытындысы бойынша біздің партия Мәжілістегі фракция саны жағынан екінші орынды және мәслихаттардағы депутаттықтың 228 мандатын иемденді. Партия өкілдері ауылдық округтер, аудандық маңызға ие қалалар, аудандар әкімдіктерінде де әкім болып сайланды. Бұл сайлаушылардың біздің партияға жоғары сеніммен қарайтынын айғақтайды, сонымен бірге партияға сайлаушылар алдында үлкен жауапкершілік жүктейді.
Осындай трендтер нәтижесінде партияның қызметін қайта құру, жаңғырту мәселесі бой көтерді. Бұл партияның бағдарламалық құжаттарын – оның Жарғысы мен Бағдарламасын барынша жаңарту қажет екенін көрсетті. Сондықтан алда өтетін съездің күн тәртібіне партия органдарының дәстүрлі есептерін тыңдау мен олардың жаңа құрамын сайлаумен қатар партия Жарғысы мен Бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жоспарланған.
– Мұны партияның толық трансформациясы деп айтуға бола ма?
– Әрине. Елімізде кейінгі жылдары болған түбегейлі жүйелік өзгерістер қоғамның толық трансформациялануына алып келді. Ұлттың саяси мінез-құлқы өзгерді, азаматтық ұстаным күшейді. Біз де партия ретінде қоғаммен бірге өз қатарымызда да, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерде де өзгерістерді өткеріп жатырмыз. Бүгінде «Ауыл» – жүз мыңдаған азамат өз даусын сеніп тапсырған саяси бренд. Біз сайлаушылар алдындағы бұл жауапкершілікті сезінеміз және өз қызметімізді шынайы іспен әрі тың бастамалармен нықтай түскіміз келеді.
– «Ауыл» партиясының студенттердің құрылыс жасақтарын қайта жаңғыртқанын білеміз. Саяси ұйымның осы бастамасы туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Мұндай бастама көтеруімізге көктемдегі су тасқыны ықпал етті. Негізінен ауыл тұрғындарын шашетектен шығынға батырған тілсіз жау бізді жұдырықтай жұмылып, шұғыл шешім қабылдауымызға негіз болды. Партия мүшелері осынау сын сағатта халықпен тығыз байланыста болды. Біздің белсенді аграрлық қызметкерлер, шаруалар уақыт оздырмастан әр өңірдегі Комиссиялар құрамында су тасқыны салдарын жою бойынша жұмысқа кірісіп кетті, заңгерлер тұрғындар үшін шығынның орнын толтыру тәртібі бойынша консультациялар ұйымдастырды. Орталық аппаратта тәулік бойғы режімде гуманитарлық көмек жинау және жөнелту бойынша штаб жұмысы жолға қойылды. Жастар қанатының белсенділері мен еріктілері қарғын су көтерілген бірінші күннен бастап өңірлерге барып бөгендер көтеруге, тоғандар салуға, гуманитарлық көмектерді түсіруге көмектесті.
Президенттің су тасқыны кезінде халыққа жолдаған Үндеуі партияластарымыз тарапынан ерекше қолдау тапты. Мемлекет басшысы қоғамды бірлікке, апат салдарымен жұмыла куресуге шақырды. Партия активінің Мемлекет басшысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен қолдауға деген ықыласы студенттердің құрылыс жасақтарын құру идеясының өмірге келуіне себеп болды. Студенттердің құрылыс жасағын партия белсенділері, нақты айтқанда, Жастар қанаты бар болғаны бір ай ішінде жинады. Бүгінде олар Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облысындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмысына кірісіп кеткен. Ал енді біз құрылыс жасақтарын Ақмола мен Атырау облысында құруды жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманың отандастарымызға қысқа мерзім ішінде баспаналарын қалпына келтіруге көмек болатынына, ал жастарымыздың тәжірибе жинақтаумен қатар қаржылық мүмкіндігін де біршама жақсартатынына сенімдімін. Бұдан бөлек, партияға құрылыс жасағын құрғаннан кейін сол сияқты санитарлық (ветеринария, зоотехник мамандығын оқитын студенттерге), сервистік (туризм, қонақүй және мейрамхана бизнесі факультетінің студенттеріне), механикаландырылған, экологиялық, клинингтік, сонымен қатар жолсеріктер отрядын жасақтау жөніндегі ұсыныстар түсе бастады. Біз, әрине, бұл бастамаларды қолдаймыз. Бұл жобалар студенттердің жаз айларында қаржы табуға, өндірістік тәжірибе жинақтауына жағдай жасар еді. Ұйымдастыру жұмыстарымен бетпе-бет келгенде біз құрылыс компанияларының құрылысқа жақын шетел азаматтарын тартуға әбден әдеттеніп алғанын байқадық. Бұл әдет кейбір құрылыс компанияларының бизнес-үдерістің бір бөлігіне айналып кеткен сыңайлы. Олар тіпті ішкі ресурстарды іздемейді де. Айтатындары «жергілікті халық жалқау, жұмыс істегісі келмейді». Ал біз керісінше, әсіресе жастардың жұмыс істегісі келетінін және жаңа мамандықты игеру үшін ынта-ниеттері жоғары екенін байқадық. Бір сөзбен айтқанда, «Жастар құрылыс жасақтары» сияқты жобалар арқылы тек әлеуметтік қана емес, экономикалық тиімділікке де қол жеткізуге болады деп ойлаймын.
– Бүгінде «Ауыл» партиясы қандай бағытқа баса назар аударып отыр?
– Партия қызметінде ауылдың, агроөнеркәсіптік кешеннің проблемалары, ауыл тұрғындарын әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі басымдыққа ие болған және солай болып қала береді. Халықтың 38%-ы, яғни 8 миллион адам ауылдық жерлерде өмір сүреді. Сондықтан ауыл мен агроөнеркәсіптік кешен елді толық көлемде модернизациялау мәселесін жүзеге асыруда әрдайым басымдыққа ие болады. «Ауыл» партиясының Парламенттегі депутаттық фракциясы екі заң жобасына – «Агробанк туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасына бастамашы болып, оны әзірледі. Біз Сайлауалды бағдарламамызда сайлаушыларға «мұны істейміз» деп уәде бергенбіз. Аталған заң жобасы бойынша фракция депутаттары жүйелі жұмыс істеуде: заң жобасы Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттық корпусының 80%-ының қолдауына ие болды, Агробанктың қаржылық үлгісі әзірленді, парламентаризм институтының қорытындысы алынды. Қазір орталық мемлекеттік органдардың мақұлдауына жіберу мен Парламентке енгізу үшін құжаттар дайындалып жатыр.
«Ауыл» фракциясы жұмыс істеген 1 жыл ішінде барынша белсенділік танытып, жоғары біліктілігін көрсетті. Біз Үкіметке өз атымыздан 61, қосалқы авторлықта 591 депутаттық сауал жолдадық. Олардың бәрі халықпен кездесу нәтижесі бойынша түзілді. Былтырдың тек 8 айында депутаттар 111 елді мекенде 3000-нан астам адамды қамтыған кездесу өткізді.
– Парламентте 2023 жылғы бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата есебін тыңдау кезінде мемлекеттен бөлінетін қаржы толық көлемде жетпейтін фермерлер мен шаруа қожалықтарының талай жылдан бергі арман-тілегін жеткізген едіңіз. Сіздің ойыңызша, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына не кедергі болып отыр?
–Тиімсіз менеджмент пен АӨК саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолындағы өзара сабақтастықты үзетін Ауыл шаруашылығы министрлерінің жиі ауысуы. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел Үкіметіне «ауыл шаруашылығы саласында қаржының тиімді пайдалануы бақылансын» деп нақты тапсырма берді. Бүгінде АӨК жүйесінде Аграрлы кредиттік корпорация мен «Қазагроқаржы» сынды екі ірі қаржы ұйымы жұмыс істейді. Екеуі де «Бәйтерек» Ұлттық холдингі құрамына кіреді, бірақ олар Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынбайды. Ал нәтиже үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап береді. Аталған қаржы ұйымдары ақшаны көбіне ірі корпорацияларға бөледі. Нәтижесінде, мемлекет бөлетін қаржының 95%-н 5% аса ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары ғана алатын болып шықты. Ауыл шаруашылығын басқаруға келген әр министр өз бағдарламасын енгізуге тырысады, бірақ олардың ешқайсысы күтілген нәтижеге дейін жеткізілген емес. Оған тарих куә.
АӨК саласының тиімсіз басқарылғаны туралы бір ғана мысал келтірейін. 2003-2005 жылдары АӨК-ті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске асырылды. Бюджеттен бүкіл салаға 3,5 млрд теңге субсидия бөлінді. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 700 млрд теңге болды. Басқаша айтқанда, бюджет қаражатының әр 1 теңгесіне 200 теңгелік ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бүгінде 20 жыл өткен соң біз АӨК-ке сол кездегіден 140 есе көп қаржы – 500 млрд теңге саламыз да жалпы көлемі 10 трлн теңгеге жетпейтін өнім аламыз, яғни бюджеттен бөлінген субсидияның 1 теңгесіне қазір бар болған 20 теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріледі. Бұл АӨК өндірісінің тиімділігі 20 жылда 10 есеге төмендегенін көрсетеді. Партия сондықтан да Агробанк құру мәселесіне бастамашы болды. Бұл мәселе қазіргі жағдайда бұрынғыдан да өзекті. Оның жарқын мысалы ретінде тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұрақтандырған «Отбасы банкін» алуға болады.
– Партияның ауыл кәсіпкерлігін инвестициялауға қалталы азаматтарды тарту тәжірибесі туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Біз бұл бастаманы сайлауалды бағдарламамызда ұсынған болатынбыз. Белсенділер биыл «Құс еті: ауладан дастарқанға» қанатқақты жобасын іске қосты. Бұл – «қалай жеке аула шаруашылығын дамытуға және ауылдықтарға көмектесуге болады?» деген сұрақтың жақсы жауабы. Мысалы, осы көктемде біз партия мүшелерінің жеке қаржысына 600 тауық, 800 қаз балапанын, сонымен қатар оларға қажет жем сатып алдық. Оларды жобаға қатысушылар Ақмола облысы, Ақкөл ауданында тұратын, құс өсірумен айналысқысы келетін ауылдықтарға таратып берді. Біздің мамандар жоба барысында қатысушыларға құс өсірудің барлық қыр-сырын үйретеді. Бұл жоба ауыл тұрғындарының құс өсіруде тәжірибе жинақтауына, сонымен қатар іскерлік белсенділігін арттыруына мүмкіндік береді. Ал қаржысын балапандарға салған демеушілер күзде экологиялық таза және нарық бағасынан 30% төмен бағада өнім алады.
Партияның сараптама бөлімі қызық жұмыс жүргізіп жатыр. Грант алуда тәжірибесі бар қызметкерлер гранттық бағдарламаларға қатысушыларға әдістемелік қолдау көрсетеді. Қазір бізде үш оң нәтиже бар: Ақмола, Алматы, Қызылорда облысындағы біздің қатысушылар әлеуметтік бағыттағы гранттарға ие болды.
Партия сонымен қатар барлық өңірде әлеуметтік мәнге ие «Мен донормын», «Кітапқа екінші өмір сыйла», «Компьютерге екінші өмір сыйла» акциясын белсене жүзеге асырып жатыр. Ауылдықтар ел Президенті бастаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын да белсенді түрде қолдады. Тіпті ең шалғай жатқан ауылдарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл акциялардың барлығына партияның «Ауыл жастары» жастар қанатының белсенділері жұмылдырылды.
Ауыл тақырыбын фотосуретшілер жұмысында дәріптеу мақсатында біз «Ауыл нақыштары» фотобайқауын өткіздік. Қазір еліміздің барлық өңірінде ең көркем фотосуреттер жинақталған көшпелі көрме өткізіліп жатыр. Аузы дуалы ақсақалдар арасында өткізілген «Батаменен ел көгерер» атты байқау да қызықты жоба болды. «Ауыл» партиясы жанында бұдан басқа екі комиссия – Әйелдер, балалар және отбасы жөніндегі, сонымен қатар Мүгедектігі бар адамдар құқығын қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Аталған комиссиялардың филиалдары барлық өңірде құрылған әрі олардың жұмысы жолға қойылған.
– Қазір уақыттың ыңғайына қарай қоғам да тез жаңарып, жедел өзгеріп отыр. Осындай кезеңде «Ауыл» партиясы да көштен қалмай, заман ағымына ілесу үшін алдына қандай мақсат қойып отыр?
– Әрине, біз саяси күштер арасындағы күрес жыл өткен сайын күшейе түсетінін жақсы білеміз. Себебі сайланбалы лауазым үшін белгілі бір партия мүшелерімен қатар жерлестері арасында беделге ие өзін-өзі ұсынушылар да күресетін болады. Съезд делегаттарына жеткізгіміз келген біздің басты ойымыз – тиімді кадрлық резерв қалыптастыру жолында жұмыс істеу. Барлық партияның, оның ішінде біздің де өміршеңдігіміз, күшіміз, беделіміз мүшелерімізге байланысты екені айдан анық. Біздің мақсат – еліміздің әр өңірінде, әр ауылдық округінде халықпен бірге болу.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «Ауыл шаруашылығы саласындағы реформалар үшін сапалы заңдар қажет. Мен Мәжіліске өткен «Ауыл» партиясы осы жұмысқа өз үлесін қосатынына сенімдімін», деді. Мемлекет басшысының осы айтқаны, сонымен қатар сайлаушыларымыздың бізге артқан сенімі партиямыздың негізгі темірқазығы.
Әңгімелескен –
Қуат Әуесбай,
«Egemen Qazaqstan»