Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Дарынды балалардың басқосуында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың 58 медаль иегері мен олардың ұстаздары марапатталды. Бірінші орын – 200 мың теңге, екінші орын – 150 мың теңге, үшінші орын – 100 мың теңге сертификаттарға ие болған дарынды оқушылардың жетекшілері Алғыс хаттарға ие болды.
– Облыстың мақтанышына айналған, республикалық, халықаралық олимпиадалар және ғылыми жоба сайыстарының жүлдегерлерімен кездесу дәстүрге айналды. Мен үшін мұндай кездесулердің мәні басқа, мағынасы бөлек. Біз, үлкендер, баламыздың өмірлік жолына қызығушылық танытып, әр жетістігіне қуанамыз. Сіздер өздеріңіздің білімдеріңіздің арқасында ерекшеленіп қана қоймай, мектеп беделін көтеріп, облыстың, еліміздің мерейін үстем еттіңіздер. Жетістіктеріңізді естіп, бір жасап қаламыз. Сол себепті, бұл кездесу ерекше жылулық пен қуаныш сыйлайды. Облыста балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Халықаралық, республикалық олимпиадалардан жүлдегер атанған сіздерді көріп, болашағымыздың жарқын екеніне сенім артамыз. Сіздер лайықты білім алып, елімізді көркейтеді деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы.
Емін-еркін әңгіме кезінде оқушылар ойға алған жоспарларымен бөлісті.
Мәселен, Қарағандыдағы №30 мектептің түлегі, Ульяна Радионова орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері. Алдағы уақытта филология саласында білімін тереңдеткісі келеді. Қарқаралы ауданы Бесоба аулының 11-сынып оқушысы Айдана Төлеген география пәнінен үздік нәтижелерге қол жеткізіп, республикалық олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған еді. Айдананың пәнге деген сүйіспеншілігін география пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін әкесі арттырған. Айдана «менеджмент және басқару» мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап отыр.
Ал Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасының жеңімпазы атанған, математикалық ғылымдар бағыты бойынша олимпиаданың қола жүлдегері, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Жеңісбек Бейбарыс облыс әкіміне жаңа заманауи оқушылар сарайы үшін оқушылардың атынан алғысын білдірді. Онымен қоса, жас ғалым «қаладан да осындай оқушылар сарайы салына ма?» деген сауалын жолдады.
Өз кезегінде аймақ басшысы жас дарынды жаңа жетістігімен құттықтады. Алдағы уақытта жас дарындарды даярлайтын мұндай сарайлардың бой көтеретінін айтып, жауап берді.
— Бүгіндері қосымша білім беруге өте маңызды көңіл бөлініп келеді. Бұл жайлы Президент жыл сайынғы Жолдауларында атап өтеді. Алдағы уақытта Пришахтинск балалары үйірмелер мен секцияларға қатысып, жаңа достар тауып, ғылым үйренуге және жан-жақты дамуға болатын екінші үйлеріне айналады деп үміттенемін. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Майқұдық пен Теміртауда оқушыларға арналған заманауи сарайлар салу әрі биыл Балқаш пен Осакаров ауданында қосымша білім беру орталығын ашу жоспарымызда бар, – деді Е.Қабдулаұлы.
Кездесу кезінде облыс әкімі оқушылардың талабын шыңдап, білімін тереңдетіп жүрген ұстаздар қауымына алғыс айтты.
– Бүгін жақсы кездесу болды деп есептеймін. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Білім биігінен көрініп, жетістікке жеткендеріңіз – мұғалімдеріңіздің ерен еңбегінің арқасы. Талантты тани білу, дарынды аша білу – мұғалімнің шеберлігі. Жас болса да, туған жерлерінің атын шығарып жүрген талантты, дарынды оқушыларға және оларды білім бәйгесіне дайындап жүрген ұстаздарға алғыс білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Одан кейін сөз алған Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Екатерина Нипрук дарынды шәкірт тәрбиелеу әр ұстаздың міндеті болуға тиіс деді.
– Математика пәнінің мұғалімімін әрі балаларға үш тілде сабақ беремін. Бүгінгі кездесуге оқушылармен бірге қатысып отырғаныма қуаныштымын. Сізге де үлкен алғыс білдіреміз. Жас таланттарымыз бүгінгі кездесуден соң әрмен қарай талабын арттырады деп ойлаймын. Оқушының талантын танып, оны аша білу – әр мұғалімге берілген сын, – деді Е.Нипрук.
Мұнымен қоса, дарынды балалар аймақ басшысының мектепте қалай оқығанын, бос уақытында немен айналысатынын сұрап білді. Мамандық таңдау кезінде қандай қағидаттарға сүйену керектігін сұрады. Облыс әкімі ел ертеңі саналатын жастарға сенім көп артылатынын айтып, жүзін шаттық бөлеген балалармен кездесуден ерекше әсер алғанын жеткізді.
Қарағанды облысы