Жәдігер • 19 Маусым, 2024

Берлиндегі Түркістан студенттері

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл – тың әрі ойландыратын сурет. Оны қазір жүйелі жобаларды бастаған өзбек жәдиттерін (жәдит – патшалық Ресей түркі-мұсылмандары біліміндегі жаңашылдық) зерттеу орталықтары мен өзіміздің «Qyr balasy» қоры жариялаған материалдардан көруге болады. Бұл фото Германияда 20-жылдардың басында түсірілген. Тың екенін – ортасында Ғазымбек Бірімжан бастаған Алаш зиялыларының екінші толқыны өкілдері тұрғаны, ал ойлы екенін – Орталық Азия жас оқығандарының, соның ішінде екі бойжеткенінің бейнесі хатталып қалғаны аңғартады. Бәрінің жүзінен зиялылық еседі.

Берлиндегі Түркістан студенттері

Иә, бұл – бүгінгі біздегі халықаралық «Болашақ» бағдарламасының арғы бастауы. 1922 жылы Түркістанның Тұрар Рысқұлов, Бұхараның (ол кезде бөлек республика) Файзолла Хожаев сынды қайраткерлері ақылдаса келе, Түркістаннан – 16, Бұхарадан – 46, Хорезмнен 2 шәкіртті Берлинге оқуға жібереді. «Неге бірінен көп, бірінен аз?» деген сұрақтың жауабы да айқын – бәрін бөлінген қаржы көлемі шешкен. Батыс біліміне ұмтылушылардың сапасын біздің Ғазымбек Бірімжанға қарап-ақ айтуға болады. Ол бұған дейін Орынбор реалды училищесі мен САГУ-дың медицина факультетінде оқып, «Ақжол» газетінде қызмет істеген. Жалпы, қазақтан 5 жігіт барды делінеді. Олардың төртеуі: Ғазымбек Бірімжан, Дамолла Битілеуұлы, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Темірбек Қазыбекұлы. Мына суретте осының үшеуі (Ғазымбек, Әбдірахмен, Темірбек) тұр.

Өзбек ағайындар мына фотодағы өз азаматтарының көбін біршама байып­тап жаза бастады. Қатарынан оза туған түркістандық екі қыз – Хайырниса Мә­житханова мен Мәриям Сұлтанова екені де мәлім.

Түркістан мен Бұхарадан барғандар бізде қат мамандықтарға түскен. Мы­салы, Ғ.Бірімжан ауылшаруашылық университетіне қабылданған. Суреттегі бикештерден Хайырниса мен Мәриям Дармштатта педагогика мамандығын меңгеріпті. Мәриям бұған дейін Ташкент пен Орынборда осы бағытта (татарша орта арнаулы білім) оқыпты. Ең аяныштысы, бұлар елге келе сала қуғындалған. Тіпті лайықты қызмет те берілмеген. 1938 жылы бірі атылып, бірі ұзақ жылға сотталады. Жалпы, бұл суреттегілердің көбі дерлік өлім жазасына кесілген.

Айтқандайын, 1923 жылы Т.Рысқұлов Германиядағы жерлес студенттерге көмек көрсетуге Берлинге арнайы барады. Қайраткердің осы сапарына 20 мың алтын ақша (2 мың червонец) бөлінген екен. Сонда «Тұрар оны қалай жұмсаған?» дейсіз ғой. Студенттердің кеңсесін ұстау шығындарына, кітаптары мен кеңсе заттарына, бір бөлігін елдегі оқу орындары үшін қажетті микроскоп алуға, қиналған жастардың жеке қажеттеріне жұмсапты. Бір қызық дерек: қайраткер студенттермен, оқу орындары басшыларымен кездесуін хаттау үшін фотограф пен кинооператор жалдаған. Кейін осы қаржыдан пәле іздеушілер де шыққан. Бұл сапардың маңызы – қанша бақылау қойылса да, Т.Рысқұловтың эмиграция өкілдерімен кездесуі дер едік... Қайраткер осы сапарының ресми бөлігі туралы кезінде мақала да жазған (Рыскулов Т. Наши студенты в Германии // газета «Туркестанская правда», 2.12.2023, № 257).

 

Сабыр Шәріп