Қоғам • 18 Маусым, 2024

Мүдде бірлігі

62 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің партия манифесінде айтқан «Барлық елдің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сөзі коммунистердің ең танымал ұранына айналды. Бірақ олардың бір адым ілгері, екі адым кейін жүрісі бұл ойды іске асырған жоқ. Себебі қоғамның бірігу нүктесі өтірік еді.

Мүдде бірлігі

Данышпан Лев Толстой идеялары ішінде «болмыс бір­лігі» алдыңғы сапта тұ­рады. Ойшылдың «Жалпыадам­заттық ортақ рух» тұжырымдамасы кемел­денудің кілті болып саналады. Жа­қында жазушының көп­том­дығының бірінен қо­ғамдық сананың тұтастығы хақында жазылған толғамына көзім түсті. Оқып отырып өтірікке құрылған кез келген басқару жүйесінің «құм үстіне салынған құбылмалы сарай» ғана екеніне көзім жете берді. Әрі қарай арыс­тан ақ­сақалдың өзі сөйлесін:

«Адамдар ақиқатта ғана біріге алады. Ол үшін бір-бі­ріне қарама-қарсы жүрудің қажеті жоқ. Керісінше, бар­лығы ақиқатқа қарай жүруі керек. Тек сонда ғана олар біртұтас болмысқа айналады. Адам­дар жарасайын деп жарас­пайды, жолдары бір бол­ғаннан кейін жарасады.

Үлкен храм бар деп елес­тетейік. Оның жарығы жо­ғарыдан бір нүктеге ғана түседі. Құлшылық қылушылар бастарын қосу үшін бір-біріне емес, әлгі ортадағы сәулеге ұм­тылса жеткілікті. Сонда ғана олар өзара жұмылады».

Ал біздің сәулеміз не деп аталады?

Оны біз көріп тұрмыз ба?

Бақытқа қарай бастайтын бағытымыз бар ма қазір?

Қазіргі қазақ қоғамының ма­ңызды мәселесінің бірі осы. Мүдде бірлігі қалыптаспай, мем­ле­кеттік тұтастық мүмкін емес. Ал оны рухани бірлікке ұмтыл­ған жандар ғана жасай алады.