Өнер • 20 Маусым, 2024

Да Винчи: он күнде 7 мың адам

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Да Винчидің «La Bella Principessa» картинасы Ұлттық музейдің төріне келгелі әйгілі туындыны өз көзімен көруге асыққандар көп болды. Тіпті бұл мүмкіндікті қалт жібермей, Астанаға әр өңірден ағылған адамдар да аз болмады. Аңызға айналған суретшінің түпнұсқа шығармасын та­машалаған өнерсүйер жұрт әлеуметтік желіге әсерлерін бөлісіп жатты.

Да Винчи: он күнде 7 мың адам

Ұлттық музейдің баспасөз қызметінің мәліметінше, Леонардо да Винчидің біре­гей туындысын осы уақытқа дейін 6 772 адам тамашалап үлгерген. Ке­лушілердің дені – ересектер (3 727 адам), шетелдіктер (1 017) мен мектеп оқушылары (764).

Суретші Оксана Қалиакперованың айтуынша, ерекше сезім сыйлайтын суретті көруге әр жан ұмтылу керек.

«Леонардо да Винчидің бұл туындысы Астанаға келуіме түрткі болды. Еліміздің мәдениетін көтеріп, ұлы өнермен, ұлы суретшімен ара­ласуға мүмкіндік берген ұйымдас­ты­рушыларға ризамын. Арнайы бөл­ме музыкалық және көрнекі сүйе­мелдеумен безендірілген екен. Туын­дының ерекше әсер еткені сонша­лық, бір сәт лифтпен көтеріліп бара жатқандай әсерде болдым. Әлеуметтік желіде көргеніміз бен музейде куә болғанымыз мүлде бөлек. Нағыз баруға тұрарлық дүние», дейді ол.

Сондай-ақ аталған мұражайда 23 маусым күні Ольга Батуринаның Лео­нардо да Винчидің өнері туралы лекциясы өтеді.

Айта кетейік, танымал туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай Италияның «Scripta Maneant» бас­пасымен бірлесе ұйымдастырылған. Жоғары Ренессанс дәуіріне жататын бұл құнды жәдігер Еуропадан тыс жер­ге алғаш рет шығарылып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ита­лияның Қазақстандағы елшілігі және Италия мәдениет институты ұйым­дастырған көрмедегі осынау б­ірегей туынды 4 тамызға дейін ұсы­нылмақ.