Нұрлан Аманұлы ұлттық арнада қызмет ете жүріп-ақ аймақтың көптеген күрмеулі мәселесінің шешімін табуға ықпал еткен. Мәселен, тозығы әбден жеткен ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмысын жасауға атсалысады. Аңқасы кепкен ауылына сапалы ауызсу тартып беруге де белсене кіріседі. Құмкөл аулына көпір керек деп те билік назарын аудартады. Журналистикадағы осы еңбектері елеусіз емес. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын «Алтын микрофон» аталымы бойынша иеленді.
«Әр қызметімнен түрлі тәжірибе жинадым. Журналистикада жан-жақты болуды үйрендік. Заң саласында құқықтық сауатымызды жетілдірдік. Кәсіпкерлік палатадан кәсіппен айналысуды, қаражат тартудың түрлі тетігін түйсіндік. Шаруашылық ашып, қара жұмысқа бойымызды үйреттік. Осының бәрі жаңа қызметіме септігін тигізеді», дейді әкім.
Талды ауылының кіреберісінен жақында Сеңкібай би батырға арналған ескерткіш алаңы салыныпты. Бидің нышанына айналған сұңқарды тұғырға қондырып, тақтаға бидің аталы сөзін жазып, арнайы орындық қойыпты. Ескерткіш ауылға бөлінген түрлі жобалардан үнемделген қаржыға салынған. Қазір ауылға келген жұрттың барлығы аялдайтын қасиетті орынға айналған.
Талды археологиялық паркіне жол осы ауыл арқылы өтеді. Былтыр да, биыл да туристер легі көп. Франциядан, Германиядан келетіндер саны артқан. Осыны ойлаған әкім кіреберістен келушілерді қарсы алатын ауылдың төлқұжатын билбордқа орнатып қойыпты. «Қаражартас» қорымының суреті бар. Мұнымен қоса, ауыл ішіне тағы үш бірдей билборд тұрғызған. Оған ауыл өнерпаздары, ауылдан шыққан танымал тұлғалар мен еңбек адамдарының суреттері ілінген. Бұл жұмысқа 7,5 млн теңге қаражат бөлініпті.
Осы уақытқа дейін ауыл әкімдігі Мәдениет үйінің аядай ғана екі бөлмесінде жұмыс істеп келген. Нұрлан Аманұлы қараусыз қалған тойхана ғимаратын 7 миллионға сатып алып, аудан әкімдігінен құрылыс жұмысына қаржы сұраған. 15 млн теңгеге жөндеу жұмысы жүргізіліп, кеңсе жиһаздары мен компьютерлер сатып алған. Дәл қазір әкімдіктің алдына тастөсеніш төселіп жатыр. Әкім келесі апта ауылдағы ағайынмен бірге лентасын қимақшы.
Біз ауылға барған күні фельдшерлік-акушерлік пункттің(ФАП) іргетасының қадасы қағылып жатты. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен бой көтеріп жатқан жаңа нысанның сыртқы қоршаулары салыныпты. Екі-үш техника шаңдатып жұмыс үстінде жүр. Бас мердігер «Агропромремстрой» ЖШС жұмысын қыркүйек-қазан айына дейін аяқтайды. ФАП-қа 200 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Ауыл басшысының өтінішімен мердігер ауыл тұрғындарына жұмыс беріп отыр.
– Негізі қалада жұмыс істеп жүргенмін. Ауылдан ФАП салынады деп әкім хабарласып, жұмысқа шақырды. Әке-шешем осында ғой. Отбасыммен сол кісілердің қасына келейік, ауылдың бір кірпіші болсын қаласайық деп шештік. Жалақысы да көңілге қонымды, – дейді ауыл азаматы Дархан Әбілтайұлы.
Біз іздеген ауыл әкімі осы құрылыстың басында жүр екен. Құрылысқа 10 ауыл азаматын орналастырыпты. Жұмыскерлерге бір аспаз екі мезгіл тағам әзірлейді. Оның да бекітілген еңбекақысы бар. Сонымен қоса, алдағы уақытта ауылдағы әйелдерді сылақ жұмысына қабылдайды.
Жақында ауылдан дәріхана ашылады. Әкім жергілікті бюджет қаражатының 2 млн теңгесіне павильон сатып алыпты. Бұл шаруаны ауылдағы ауруханада отыз жылға жуық еңбек еткен медбике Мағрипа Байленоваға тапсырыпты.
Ауыл мектебінде де күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Қырық жыл бойы есігі мен терезесі мүлдем ауыстырылмаған. Әбден шіруге айналған. Балалар ескірген есік пен терезенің жақтауынан соққан суықта амалсыз отырып, білім алуға тура келген. Әсіресе қыстың суығы шыдас бермей кетеді екен. Соның кесірінен көмірді екі есе жағып келген. Жөндеу жұмысы тамыз айына дейін толық бітеді. Мұнда да ауылдың алты азаматы еңбек етіп жүр.
– Мектептің үш қабатындағы барлық кабинеттің есігін ауыстырып біттік. Енді терезелерді ауыстыруға кірістік. Барлығын ауыл азаматтары атқарып жатыр. Бастысы, балалар биыл қыста алаңсыз сабақ оқитын болады. Соған қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны Мейрам Ибраев.
Жаңа әкімдік ғимаратында жиын өтетін зал, жас мамандар мен ауылдағы учаскелік инспектордың жеке кабинеті бар. Әкімнің сайлауалды бағдарламасында ауыл көшелеріне бейнебақылау орнатамын деген жоспары бар көрінеді. Уәдесіне сай, басты көшелерге төрт бірдей бейнебақылау камерасын орнатыпты. Мұның бәрін ауыл полицейі өзінің мониторынан көріп, бақылап отырады.
Ауыл ақсақалы Мұхтар Түсіп әкімнен көмек сұрай келіпті. Жұрт болып жұмылып ауылдың іргесіндегі мазар қорымын қоршап жатыр екен. Соның материалдары қаладан жетіпті. Жүкті түсірісетін екі-үш жігіт керек екен.
– Жаңа әкіміміз ауылды көгертіп жатыр. Істеген ісін халық көріп отыр. Жылда таудан ағатын су ауылды екіге қақ бөліп басатын еді. Биыл судан аман-есен өттік. Күзде ауданнан техника алдырып, жарты шақырым бөгет тұрғызды. Көпірдің астындағы құмды тазалап, үш арна жасатты, – деп батасын жаудырды Мұхтар ақсақал.
Ауыл ақсақалдары өздері сайлаған әкімге биыл тоңның қалың болатынын, судың мөлшері жылдағыдан көп келетінін ескерткен. Ауыл әкімі аудан әкімдігінен осы бағыттағы шаруаға 1 млн теңге қаражат сұрап, соған тендер жариялаған. Техника тізгіндеген жігіттің жанын қоймай, таудан келетін тасқынға бөгет те соқтырып алған. Ауыл көшесіне 81 жарықшам қойылған. Бес көшеге асфальт төселіп, екі көшені келесі жылға қалдырған. Бұрынғы стадион орнынан жап-жаңа футбол алаңы салынады. Осы аптаның аяғына қарай жұмысты бастамақшы.
Нұрлан Аманұлы ауыл азаматтарының қолдауы айрықша екенін айтады.
– Ауыл азаматтары ауызбірлігінің арқасында көп шаруа жүзеге асып отыр. Мәселен, жігіттермен ақылдасып, жылқы қоршауын салайық деп шештік. Азаматтар аз-маз ақша жинадық та, қаладан қажетті сымды, тор қоршау мен трубалар алып келдік. Екі күннің ішінде тұрғыздық. Осы жерге жылқысын қамайды, таңбалайды, сататынын осы жерден құрық салып ұстап, артып жібереді, – дейді әкім.
Жақын күндері ауылдан әлеуметтік дүкен ашылады. Енді ауыл жұрты азық-түлікті қолжетімді бағамен алады. Бұған да әкім бастамашы болған. Жергілікті бюджеттің ақшасынан тағы бір павильон әкеліп қойыпты. Дүкеннің шаруасын ауыл тұрғыны Дәулет Тәукешовке сеніммен табыстаған. Қаладағы «Гүлжан» сауда орталығымен келісімшарт жасасуға да себепші бопты. Дүкеннің заттарын содан тасиды.
Осыдан бес-алты жыл бұрын ауылға өрт сөндіру көлігі сатып алынған екен. Алайда тұрақ болмағандықтан, штат берілмей келген көрінеді. Мәдениет үйінің артындағы отыз жыл бойы қаңырап тұрған ғимаратты таңдап алған. Қыстың ішінде жігіттерді жинап, бір қабырғасын құлатып, қақпа қылған.
– Тұрақ дайындауымыз бір шаруа болса, «Газ-66» көлігін жөндеу екінші шаруа болды. Көлік жүргізушісі Айбек Жұмабектің еңбегін атап өтуіміз керек. Төрт бірдей жаңа дөңгелек салдық. Мотопомпа сатып алдық. Ақылдасып автоматты су сепкішті орнатуды жөн санадық. Өйткені 2 тонна бөшке су дала өртін сөндіруге аздық етеді. Мұнымен қоса, 60 өрт сөндіру шыпыртқысын дайындадық. Ауылдың алты жігітін штатқа қабылданды. Керек-жарағымызбен қамтамасыз етті. Енді рацияға тапсырыс бердік. Екінші жалақымызды алып үлгердік, – дейді өрт сөндіру бекетінің капитаны Бауыржан Махметов.
Талды ауылындағы ұялы байланыс мүмкіндігі де мол. Көктемде ауылдың барлық үйіне тегін Wi-Fi модемі мен кабелі таратылды. Барлық үйдің кең жолақты интернетке қолы жеткен. Әкім жол қауіпсіздігіне де баса мән берген. Көше ішіне жол белгілерін орнатып жатыр. Қолға алынған шаруаның бірі – талдарды кесу. Өйткені тамыры шіріген тал үзіліп құлағанда тоқ сымдарын қиып жіберіп, соның салдарынан екі-үш ауыл жарықсыз қалады. Жалпы, мұнда жарық жиі сөнеді. Себебі белгілі. Электр бағаналары әбден ескірген.
– Талды мен Берекет ауылының аралығындағы электр бағаналарының жөнделмегеніне ондаған жыл болды. Қырсық шалғандай, осы аралыққа жай оты да көп түседі. Құлағаны құлап, құламағаны жарты белінен опырыла қисайып, тоқ сымдары салбыраған. Жамаудан құралған бағаналар енді жөндеуге де келмейтін қалыпқа жеткен. Осы мәселені «ШетЭнерго» ЖШС басшылығына халық атынан өтінген едік. Өтінішіміз жерде қалмай, арнайы жөндеу тобын жіберді. Изоляторлар айырбасталды, құлаған бағаналар жаңартылды, созылған сымдар тартылды. Бірақ мәселе мұнымен шешілді деу қиын. Апатты учаскілер жойылғанымен, шіріген бағаналар да аз емес. Бұл мәселе де біз үшін күн тәртібінде тұр, – дейді әкім.
Әкім Талды ауылына тиесілі 15 мың гектар жер белгісіз біреудің қолында дейді. Сол себепті, жер мәселесі өткір тұрғанын айтады.
– Ауылдағы жер мәселесі қазір даулы әрі шешімі күрделі проблемаға айналды. Кезінде жерді иеленгендер бүгінде не мемлекетке өткізбей, не өздері пайдаланбай, жайылым мен шабындық пайдаланылмай отыр. Талды ауылдық округі бойынша барлығы 124 мың гектар жер болса, соның 15 мың гектары белгісіз біреулердің қолында. Осы жер телімдерін қайтарса, жерсіз отырған шаруалар кәдеге жарататын еді. Биыл қыста шаруалардың шөбі аздық етіп, қаншама малынан айырылды. Одан кейінгі мәселе – жылқы мен сиыр табыны. Қазір бақташы таппай отырмыз. 325 мың теңге айлық төлейміз десек те, ешкімнің құлқы жоқ. Күн құрғатпай іске асыратын тағы бір үлкен шаруа бар. Ауыл әкімдіктерін техникамен қамтамасыз ету керек. Бір-бір тракторды тіркемесімен берсе, санитарлық тазалық, қыста ауыларалық жолдың қарын күреу, жазда өрт қауіпсіздігі үшін жер жырту, күзде аз қамтылған отбасыларға шөп түсіріп беру, көктемгі тасқынның алдын алуға бөгеттер тұрғызу секілді шаруалар шешілер еді. Қысқасы, бір ауылдың бар мәселесі осы 20 млн теңгеге тіреліп тұр. Осындай мәселелер ескерілсе екен дейміз, – деген бүкпесіз ойын жеткізді журналист-әкім.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Талды ауылы