Өскемендегі кең даңғылдың бойынан ашылған визит орталық туристер мен өңір тұрғындарына облыстың табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері, сондай-ақ туристік маршруттар мен қызметтер туралы толық ақпарат беруге арналған. Ішінде кәдесыйларға дейін сатылады. Алтайға аяғы тиіп, тарихымен, табиғатымен тереңірек танысқысы келетін туристер алдымен аталған визит орталыққа ат басын бұрғандары абзал.
Салтанатты іс-шара басталмас бұрын Туристік ақпараттық орталықтың ауласында саяхатшыларға арналған көрме ұйымдастырылды. Бірі балы мен шайын ұсынса, енді бірі рафтингке арналған қайық түрлерін көрсетті. Алтайда кездесетін түрлі тастардан жасалған кәдесыйлар да бүгінгі көрмеден табылды.
– Бұл ақпараттық орталықтың өңірдегі туризмді дамытуға қосар үлесі зор. Ендігі кезекте біздің өңірге келетін шетелдік және қазақстандық кез келген турист осы орталықтан толыққанды ақпарат алатын болады. Қайда, қалай, қай бағытпен, қанша уақытта баруға болатынын және қай жерде демалыс орындары, емдеу орталықтары бар екені туралы ақпаратты осы орталық беріп отырады. Облыс аумағындағы барлық саяхат орындары, туристік фирмалар туралы ақпарат осында шоғырланған, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.
Бұдан бөлек, өңірдегі туристік орталықтар мен саяхат орындары туралы ақпарат парақтары әуежайда және вокзалдарда да болады. Осылайша, облыста туризмді дамытуға нақты қадам жасалып жатыр.
– Біз облыс орталығына ат басын тіреген кез келген туристке қызмет көрсететін боламыз. Қажет болса, 24 сағат қызмет етуге дайынбыз. Бұл туристік орталықта өңірдегі барлық саяхат орындары мен демалыс орындары туралы ақпарат бар. Ең қызығы, мұнда Алтайдың брендтік өнімдері, қолөнер бұйымдары саудаланатын болады, – дейді облыстық туристік ақпараттық орталығы басшысының орынбасары Талғат Оразгелдіұлы Лентасы қиылып, есігі бүгін айқара ашылғанымен, ертеңгі күні туристерге шынайы әрі сапалы қызмет көрсетілсе екен десті жиналған жұрт.
– Мен туристерге арналған киім тігумен айналысамын. Енді осы жерде өз өнімдерімді сатуға мүмкіндік туып отыр. Мұндай орталықтың ашылғаны өте дұрыс болды. Себебі кейбір туристер бұл өңірдің ауа райын білмейтіндіктен жеңіл киіммен келеді. Ондай жағдайда біздің тауға шығуға, саяхаттауға арналған киімдер дайын тұрады. Ақпараттық орталық жұмысының жандануына барынша үлесімізді қосамыз, – дейді «Altay outwear» брендін қалыптастырушы кәсіпкер Саят Бауыржанұлы.
Енді Алтайға ат басын тіреген турист алдымен осынау орталыққа келіп, бағыт-бағдарын айқындап алуына әбден болады. Қайтып бара жатып ауылына түрлі кәдесый да ала кете алады.
Шығыс Қазақстан облысы