Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Дүниеден өтерінен бір ай бұрын Мәскеуге шақырып, отбасының алдында қолжазба-құжаттарын алдымызға қоя отырып, мынаны айтты: «Балам, мен өмірімнің соңғы 25 жылын сөздіктер жазуға арнадым. Бірақ мына отырған менің балаларым оның бір сөзін де түсінбейді, аналары орыс болған соң соның ырқында кетіп, қазақ тілін білмей, дәстүр-салтынан бейхабар болып өсті. Мен болсам таңның атысы, күнің батысы ел қамымен жүрдім, өте қиын кездерде үкіметті басқардым... Ұрпағымды солай жоғалтып алдым...өкінемін. Бұл үшін халқымның алдында басымды иіп кешірім сұраймын. Сондықтан мына менің жазған-сызғаныма ие болғайсың...», деп соңғы кездері бастап жазған 20 беттік естелігін маған бере отырып, баспада жатқан «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Араб текті қазақ есімдері» кітаптарының шығуын қадағалауымды өтінді. Және кедергілер болса, қолұшын беретін азаматтардың есімін атады. Олар: Өзбекәлі Жәнібеков, Манаш Қозыбаев, Әбдуали Қайдаров, Жарылқасын Нұсқабаев еді.
Мынадай жауапты істі аламын деп ойламаған біз қобалжыңқырадық. Ол түрімізден көрініп қалған болуы керек, ауыр науқастан жарығы азая бастаған жанарын бізге тоқтата қарап: «Балам, сен мен үшін ешкімнің алдында ұялмайсың!» деді. Аса бір тебіреніспен, нық айтты. Бізге осы бірауыз сөздің күші алапат әсер етті, ес жидырды. Ол айтты, біз сендік. Шындығында да солай болып келеді. Отыз жылдай архив құжаттарын қарап келеміз, Оңдасыновтың үстінен жазылған бірде-бір арыз хатты әзірге кезіктірген жоқпыз, қаншама әріптесімен, қызметтес болған адамдармен сөйлестік, түйірдей де жаман сөз, теріс пікір айтылмады.
Өткен ғасырдың басы қазақ халқы үшін ауыр болғанын көзі қарақты қазақтың бәрі біледі. Атам заманнан жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып, дала мәдениетінің заңымен өсіп-өркендеп жатқан халықты большевиктер отырықшылыққа зорлап әкеліп, күнкөрісі, ата кәсібі малынан айырды. Малынан айырылған халық жанынан да айрылды, аштыққа ұшырады, оның соңын ала «халық жауы» деп ұлттың тұлғаларын жойды. Осындай кезеңде әке мен анадан бірдей айырылған бала Нұртас ашқұрсақ жүріп бай өзбектердің бақшасын суғарып, ауласын тазалап, малын бақты, жоқтықтың тауқыметін барынша көріп өсті. Бірақ жасымады. Ол Ғани Мұратбаев Ташкентте жетім балаларға арнап №14 мектеп-интернат ашыпты дегенді ести салысымен сонда келіп, оқуға қабылданды. Қарны тойып, киімі бүтінделді. Білім алуға бар ынтасымен кірісіп, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді.
Осы интернатта есте қаларлықтай қызық бір оқиға болыпты. Оны бірге оқыған досы Бектас Шынарбаев былайша баяндайды: «...директорымыз Сәдуақас Османов идеясымен және барша оқушы қауымның қолдауымен жас кеңес үкіметінің құрылыс-құрамын оқушылар арасынан құрып, оның басшыларын өз ішімізден, балалардан тағайындап, ойын ойнадық. Бұл бізге – балалардың мемлекет құрамының қандайлық болатынын тез санамызға сіңіруге әсері ұшан-теңіз болды. Бір қызығы, сол ойында Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы болып Нұртас сайланды. Содан тура он алты жыл өткеннен кейін Нұртас шын мәніндегі Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы болып шыға келді. Болашақты болжағандай болған Сәдуақас Османов ағайды Нұртас екеуміз кейіннен талай еске алып едік».
Он алты жылдан кейін Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы болуы да өте бір қиын кезге тура келді. Нақ осы қызметте болған қазақтың біртуар перзенттері Мұхамедхафи Мырзағалиев, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Исаев, төртеуі де «халық жауы» деп атылып кеткен. Ойлап қарасаңыз қорқынышты-ақ, тіршілік дегеннің тәтті дәмін енді татып, өмірге енді араласып жатқанда қанды креслоға барып отыру, жүрегінің түгі бар адам болмаса қиын-ау!
Нұртас Оңдасыновты мұның алдында Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Л.И.Мирзоян «тәжірибем аз» дегеніне қарамай, республиканың ең үлкен облысы, қарамағына Павлодар, Шығыс Қазақстан, орталығы Семей саналатын аймақтың атқару комитетінің төрағасы етіп жіберген болатын. Ол жақта жарты жыл жұмыс істеп, өлкені аралап, жетістігі мен кемшілігін есепке алып, жоспар құрып отырған шақта тосыннан Алматыға, партияның Орталық комитетіне шақыртты. Не болғанын, не боларын Нұртас түсінбеді. Саясаттың сағат сайын құбылып, қоғамды берекесіздік жайлаған тұс емес пе? Кеше ғана барша республикаға үкімін жүргізіп, «Орталықтың» айтқанын екі етпей орындап отырған Мирзоянның өзін бір күнде орнынан алып, (тамыз айында «халық жауы» деп атып тастады) бірінші хатшылыққа А.Н.Скворцовты отырғызған түсініксіздеу тұс болатын. Жаңа басшы Оңдасыновты қабылдап, «ертеңгі сессияда Сізді Халық Комиссарлар кеңесінің төрағалығына ұсынамыз, қарсылық көрсетіп жүрмеңіз...» дегеніне, «тәжірибем аз...» дей бергенде, «Сіз партияның солдатысыз...» деген сөз алдынан тағы шығып, амалсыздан көнгендей болған.
Тағдыр деген пендесінің пешенесіне жазылып қойылады деген рас шығар да, қанша жерден «тәжірибем аз» деп, қашқақтағанмен партия басшыларының «таңдауынан» құтыла алмады. Мансап қуған біреу болса қуана барып, биліктің тағына қонжия қалар еді. Бірақ Нұртас қуана алмады, оның себебі біреу емес, бірнеше. Рас, тәжірибесінің жоқтығы шындық. Бұрын Орман шаруашылығы техникумын бітірген соң, Су шаруашылығы институтына оқуға түсті. Екі жылдан кейін оқуды уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болды. Өйткені ауылда жан сақтай алмаған әкесінің інісі Дүйсен бес-алты бала-шағасымен көшіп келіп, Ташкенттегі Нұртасты сағалады. Бұл кезде ол да Валентина Васильевнаға үйленіп, балалы болған кездері. Міне, бір әулетті асырау үшін жұмыс істеу керек болды да, содан Орта Азиядағы жұмысшыларды жоғары оқу орнына даярлайтын факультетке мұғалім болып қызметке орналасты. Одан кейін Қызылорда су шаруашылығында еңбек етті, Семейде атқару комитетінің төрағасы болып жарты-ақ жыл отырды. Шынында да бір республиканың Үкіметін басқару үшін бұл тәжірибе аздық ететін еді. Түсініп тұр. Бір елдің экономикасы, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, мәдениеті, ғылымы, өнері, қысқасы, бәрін басқару бір адамға, өзіне тапсырылмақ. Оның үстіне өзінің алдындағы төрт арыстың тағдырын ойласа бойын қорқыныш билейтін, ол да ет пен сүйектен жаратылған жан емес пе? «Не істеу керек? Сенеміз дейді...». Осы бір «сенім» деген де адамды жіпсіз байлап, қарсылық білдіруге мұршаңды келтірмей қояды екен», деп ақырында іштей жігерленді де, «нар тәуекелмен», бар-жоғы 34 жасында Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов республика Үкіметін басқаруға кіріскен еді.
«Білімді ел – биік ел» дегенді Нұртас Ташкенттегі Орман шаруашылығы техникумында оқып жүргенде қазақ әдебиетінен сабақ берген ұстазы Мұхтар Әуезовтен мың бір қайтара естіген. «...Әуезов арқылы біз әлем әдебиетінің небір інжу-маржанынан сусындап, әр елдің тарихымен, әдебиетімен, өнерімен таныстық. Көңіліміздің көкжиегі кеңейді. Әр сабақ сайын ұстазымыз, білім, ғылымсыз даму жоқ, басқа халықтардан қалмау үшін оқу керек, іздену керек дегенді күн сайын қайталаудан жалықпайтын», дейді Нұртас Оңдасынов өз естелігінде. Мұндайда Абай айтпаушы ма еді, «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі, өзі де есті болады», деп. Естілігі болар, Оңдасынов билік басына келген күннен бастап білім, ғылым, өнер, мәдениет саласын өркендетуді бірден қолға алды.
Әуелі сауатты болмай өркендеуіміз қиын дей отырып, ақырында сонау жиырмасыншы жылдан үздік-создық жүріп келе жатқан «елдегі сауатсыздықты жою» мәселесіне нүкте қойып, Үкімет қаулысымен жалпыға міндетті оқу жүйесі енгізіліп, балалардың бәрі оқуға тартылды. 1939 жылы жүргізілген халық санағы бойынша, Қазақстан халқының 76,3 пайызы сауатты болып, бұрын Одақ бойынша соңында жүретін Қазақстан сауаттылығы жағынан 5-орынға көтерілді. Ойланып қарасақ, осы пайыздардың артында қаншама еңбек, ұйымдастыру жұмыстары тұр десеңізші. Нұртас Оңдасынов тек ұстазы Мұхтар Әуезовтің ғана емес, жалпы алаштықтардың асыл арманын іс жүзіне асырған бірден-бір басшы. Тағы да қандай кезде іске асырды десеңізші, неміс-фашистерімен соғыс жылдарында. Ер-азаматтар соғысқа кетіп, бар ауыртпалық елде қалған қарттар мен әйелдерге, балаларға түскен кезде, майданға оқ-дәрі, жылы киім, азық-түлік жіберіп отыру солардың мойнында болды. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деп, жан беріп, жана алысқан шақ туды. Түптің түбінде әділдіктің жеңетініне, неміс-фашистерінің тізе бүгетініне Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов жұртты да сендіріп, өзі де сеніп, көпті еңбекке жұмылдыра білді. Басшылықты жылы кабинетте отырып емес, елді аралап, қасына екі көмекшісін алып, мөрін қалтасына салып, туындаған мәселені орнында шешіп отырған. Мұны куәгерлер аңыздай етіп айтады.
«Адам өзіне сұрақ қоюды тоқтатқан жерде өмірдің дамуы да тоқтайды» дейді данышпандар. Әсіресе бұл ел басқарған басшыларға тікелей айтылса керек. Бірде бізге Нұртас Дәндібайұлының: «балам, мен Үкімет басына келген күннен бастап, басым жастыққа тигенде халқымның жағдайын қалай жақсартсам екен, қалай ғылымды, білімді, мәдениетті елге айналдырсам екен деп жатып, осы оймен орнымнан тұратынмын. Осы сұрақтарды өзіме үнемі қоюмен, соған жауап іздеумен өттім...» дегені бар еді. Бүгінде біздер бұл сұрақтардың жауабын оның өмір жолынан, республикада атқарылған қадау-қадау күрделі құрылыстар мен өнер, мәдениет ошақтарының ашылуынан табамыз, Қазақстанның 1938 бен 1951 жыл аралығында жазылған тарих беттерінен, архив құжаттарындағы «Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов», 1946 жылдан атауы өзгергенмен мәні қалған «Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов» деп қол қойған қаулы-қарарлар мен шешімдерден көреміз.
Бұл қайдан шыққан батылдық, бұл қандай батырлық? Кеңестер одағы бола ма, болмай ма деп, майданда жауынгерлеріміз жан беріп, жан алысып жатқанда Оңдасынов басқарған Үкіметтің республика ішінде атқарған сан-салалы шаруалары бізді таң қалдырады. Ұстазы Әуезовтің: « ...іс басында жүрген азаматтардың, сол замандардан белгі болып қалмауы ұят. Қолдан іс келетін заманда елдің бір тілегін орындай алмау – ұят іс» дегенін жадында сақтап қалған Нұртас, ел билігі қолына тиген күннен бастап ел сенімінен шығып, ұятқа қалмауды ғана ойлағандай көрінеді. Газеттен бір ғана мақаласын оқып, танып, Жезқазған даласында экспедицияда жатқан Қаныш Сәтбаевты, «Алаш» партиясының мүшесісің» деп қашан алып кетер екен» деп, күпті көңілде отырған жас геологті Мәскеуге шақыртып, Қазақстанның өкілеттілігінде кездесіп, пікірлесіп, ақырында КСРО ҒА президенті В.Коморовпен таныстырады. Оңдасынов академикке «Қазақстанның жеке Ғылым академиясының болғанын қалаймыз, көмектесіңіз...» дегеніне, мысқылмен: «ашайық, оны кім басқарады, президентікке кімді қоймақсың?» дейді. Сонда Нұртас Оңдасынов аспай-саспай, бірден «Қазақстанның болашақ Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев, Том университетін бітірген, геология саласында зерттеу еңбектері жетерлік...» деп таныстырады. Маңдайы жарқырап, бұйра шаштары толқынданып жатқан, келісті келген жас жігітке қарап, ойланып отырып, «онда әуелі Ғылым академиясына корреспондент-мүше етейік...» дейді. Өз естелігінде осы сәтті еске алған Оңдасынов: «орнымнан тұра салып Қанышты құшақтап, құттықтай беріппін» дейді.
Содан соғыс жылдарының өзінде Үкіметтің қолдауымен 16 ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылып, нәтижесінде, 1946 жылы республикадан тұңғыш Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне Қаныш Сәтбаев сайланады. Бұл қазақ халқының ғылым мен білімге деген ұмтылысын көрсететін тарихи оқиға болып еді. Нақ Нұртас Оңдасыновтың қолдауымен, қажет болған жерінде талап етуімен дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Шет тілдер институты, одақ бойынша дара оқу орны – Қыздар педагогика институты, Дене тәрбиесі институты, жабылып қалып өзі Сталинге кіріп жүріп аштырған Шымкент технология институты, Қарағанды медицина институты және облыстардан екі жылдық мұғалімдер институттары ашылды. Жастардың жоғары оқу орындары мен техникум, училищелерге оқуға түсу ынтасы өсті. Қазақстанда 1941 жылы жоғары оқу орындарының саны 20-ға жетіп, оларда 10,5 мың студент оқыды. Бұрынғы көшпелі қазақтың балалары аз уақыттың ішінде ана тілінде: инженер, құрылысшы, геолог, мұғалім, дәрігер секілді мамандықтарды меңгеріп, халық шаруашылығының әр саласына аттанды. Белгілі тарихшы Талас Омарбековтің: «Біздің қазақ болып қалуымыз Оңдасыновтай тұлғалардың арқасы» деуіне қосылмасқа амалыңыз жоқ. Кеше ғана «ұлтшылсыңдар», «алашсыңдар» деп талайды атып жіберген отаршылдардың өктемдігінен қорықпай, соғыс жылдарының өзінде республиканың ғылым, білім, мәдениетін, ақырын-ақырын көтеріп жатқан Нұртас Оңдасыновты «нағыз басшы, ұлттың жанашыр тұлғасы» деп қалай айтпайсыз, мойындамайсыз. Алаштықтардың арманын орындаған батыр басшы деп айтсақ та артық болмас.
Н.Оңдасынов соғыс басталған кезде «Ленфильм» мен «Мосфильмнің» Өзбекстанға эвакуациямен кетіп бара жатқанын естіп, оларға өзі хабарласып: «бар жағдайларыңызды жасаймыз, Қазақстанға келіңіздер» деп шақырып алады. Үкімет тарапынан кино түсіру алаңы, баспана, жалақы, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Төрт жылдың ішінде 30 фильм түсіріледі. Олар: «Иван Грозный», «Біздің қаланың жігіті», «Райком секретары», қазақ өмірін суреттейтін «Абай әндері», «Қазақша концерт», «Алып жайлы ән» фильмдері. Бүкілодақтық кинематографистер институтының Алматыда болуының нәтижесінде 1944 жылы тұңғыш «Қазақфильм» киностудиясы құрылды. Осы кезеңнен бастап қазақ кино өнерінің шын тарихы басталды десек болады. Бұл фактіні анықтайтын архив құжаттары біздің қолымызда жетерлік, әрине.
Оңдасыновпен қызметтес болғандар оның мына бір қасиетін жиі айтады. Ол іссапармен барған жерінен өнерлі, ән айтатын, домбыра тартатын жастарды, ал ел тарихынан, шежіреден хабары бар қартты іздеп, сұрастырып отырады екен. Сол әдетімен Қостанайдың Шөптікөл аулында терезе алдында саз балшықтан салынған қой мен ешкі, жылқы мүсінін көріп қалады да, кім салғанын сұрастырса, ат бағушы бала Хакімжан болып шығады. Бірден оны Алматыға шақыртып, оқуға орналасқанша үйінде тұрғызып, сосын Алматының көркемсурет училищесіне орналастырады. Оны бітірген соң Харьковтің көркемсурет институтына жолдамамен жіберіп, «Хакімжан Наурызбаев» деген қазақтың тұңғыш мүсіншісін тәрбиелеп шығарды. Сондықтан да Наурызбаевтың «Қайраткер басшы Оңдасынов болмағанда, мүсінші Наурызбаев та болмас еді», дегені шындық.
Отыз жылдан аса Қазақстан Республикасының билігінде болған Д.А.Қонаевты үлкен саясатқа әкелуі де осы оқиғаға ұқсас. Лениногорға іссапармен барғанда жас, білімді, түр-тұрпаты келісті Д.Қонаевты көріп, ақырында өзіне өндірісті басқаратын орынбасарлыққа, сол кездегі бірінші хатшы Н.А.Скворцовқа айтып отырып, шақыртып алады. Ол содан Оңдасыновтың 10 жыл орынбасары болды. Қонаевтың: «мен ұсақ-түйек шаруадан мемлекеттік маңызы бар мәселені екшеп алуды сол кезде үйрендім», деуі Н.Оңдасыновтың тәлім аларлықтай кемел басшы болғанын дәлелдеп тұрса керек. Соғыс жылдарында, әсіресе түсті металлургия жоғары қарқынмен дамыды. Шымкент зауытының қорғасыны одақтағы ең таңдаулы деп танылып, Балқаш мыс қорыту, Лениногор, Зырянов полиметалл зауыттары жұмысын бұрынғыдан да жандандырды. Шымкент қорғасын, Ащысай, Қоңырат кеніштері, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Текелі полиметалл, Жезқазған мыс балқыту комбинаты, Қарсақпай, Ертіс мыс балқыту зауыттары бірі ұлғайтылып, бірі жаңадан салынды. Соғыс уақытының талабы солай болды.
Бүгінгі әлемге аты мәшһүр қара металлургия зауытының іргесі сол кезде қаланып, қасынан қала тұрғызылып оған «Теміртау» деген атауды берген Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. Мына бір оқиғаны да ол кісінің өзінен естіп едік: «...металл қорытатын зауытты салуын салдық, бірақ онда жұмыс істейтін қазақ жастары мүлдем болмады. Содан, екі мың қазақтың жас жігіттерін республика бойынша жинап, комсомолдық жолдамамен Донбас пен Кузбасқа оқуға жібердік. Олар металл қорытудың қыры мен сырын үйреніп, Теміртауға келіп еңбекке араласты. Қызық болғанда екі-үш жылдан кейін олардың алды туған ауылдарына кете бастады. Үкімет алдында «Неге?» деген сұрақ туды. Өмір заңы емес пе, сөйтсек олар отбасын құрып, ұрпақ сүйгісі келеді екен. Содан республика бойынша ұран көтеріп, ішінде мұғалім, дәрігері, құрылысшысы бар 500 қыз-келіншекті комсомолдық жолдамамен Теміртауға жібердік. Жағдайларын жасадық. Кешікпей жас отау құрғандар көбейіп, металлургтер қаласының жаңа ұрпағы өсіп-жетіліп, Теміртаудың іргесі мығымдала түсті...».
Тағы да соғыс жылдарында бір ғана эвакуациямен келген 142 зауыт пен фабриканың, аса құпиялы оқ-дәрі шығаратын 9 зауыттың көшіп келуі, олардың соңында 100-ден аса жұмысшы-мамандары бар, жиырмадан аса жоғары оқу орындары, театрлар, жетім балалар мен қарттар үйі... бұған қоса депортацияға ұшыраған: шешен-ингуштар, қарашайлар, балқарлар, немістер мен поляктар... жаралы солдаттарды қосатын болсақ, бас-аяғы Қазақстанға екі миллионнан аса адам келіпті. Зауыттарды орналастыру, жұмысшыларын баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз ету... бәрін ойдағыдай шешу ел Үкіметінің мойнында болды. Бұған тағы тылдағы еңбекті ұйымдастырып, майданды азық-түлікпен, жылы киіммен қамтамасыз етуді қосыңыз... Мәселе мың. Оны шешуге күш-қайратың жете ме? Сыналар тұс. Қандай күрделі уақыт. Сондықтан болар Оңдасынов: «балам, біз соғыс кезінде тәулігіне 25 сағат жұмыс істедік, кабинетте қондық, үйге тек киім ауыстыру үшін ғана баратынбыз...», деп айтқан еді.
Ел бірлігін, тұтастығын сақтауда Нұртас Оңдасынов еңбегі ерен. Басқалар қолдарындағы билігімен басқарса, Оңдасынов – бойындағы парасатымен басқарған басшы. Ол ең әуелі өзіне, сосын халқына барынша адал болған нағыз басшы. Нұртас Оңдасынов, біріншіден, «қандай қиын кездерде ел басқарсам да ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ – арым таза», екіншіден, «ешкімнен ешқашан пара алған емеспін – қолым таза», үшіншіден, «ешқашан ешкімнің руын, жүзін сұраған емеспін – жүзім таза», деп, өз ұстанымы мен қоғамдағы орнына баға беріп кеткен біртуар тұлға.
Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,
оңдасыновтанушы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты