Сыбайлас жеқорлық туралы қалай дұрыс хабарлау керек? Ең әуелі «Smart Astana» мобильді қосымшасын жүктеп алғаннан кейін, «Stop жемқорлық» бөліміне өтесіз. Содан кейін «Жемқорлық бойынша шағымдану» батырмасын басып, сізден кімнің не талап еткенін, оқиғаның қай ауданда және қашан болғанын, не үшін, қандай салада екенін белгілеп жолдау қажет. Бар болғаны осы. Одан бөлек, аталған қосымшада «Сall-орталық 1424» қызметі де көрсетілген. Яғни осы нөмір арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің call-орталығына қоңырау шалып, мән-жайды баяндайсыз.
Мобильді қосымша арқылы келіп түскен деректер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне жіберіледі. Осылайша, жаңа қосымша арқылы елорданың әрбір тұрғыны жылдам әрі жасырын түрде жемқорлық фактілерін азайтуға үлес қоса алады. Айта кетейік, «Smart Astana» мобильді қосымшасы «Play market», «Google market» және «iOS» платформаларында қолжетімді.