Әдебиет • 20 Маусым, 2024

Біртуарлар шеруі

57 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ол уақта ел еңсесі көтеріңкілеу, рухы биіктеу болған шығар деп ойлаймыз. Қайткен күнде қазақ бұрынғы салтанатты шағынан ұзай қоймаған, өріс тарыла бастаса да, рух тапталмаған соң, ұлт сана-сезімінің көрсеткіші ән де, күй де аспанға шапшып тұрғандай сезіледі. Мүмкін өнер тудырушының (орындаушы емес) ішкі «менінің», шығармашылық түйсігінің шектен тыс жоғарыға көтерілуінен бе екен, әйтеуір әні аспандап, сезімі тасып, сөзі түйдек түсіп жатқанға ұқсайды. Ұқсайды емес, нақты солай.

Біртуарлар шеруі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ертеректегі ақын-жырауларды айт­пай-ақ қойғанның өзінде бер­тініректегі сал-серілердің көбіне тән сондай асқақ, тегеурінді екпін байқалады. Мәселен алысқа бармай-ақ, қазақ ән өнерінің алыбы Әсет Найманбайұлын алайық. Атақты «Қысмет» әні былай басталады:

«Арғынмын атым Әсет арындаған,

Арындап ән сала ма дарымаған?» деген жолдардың басында «мен» сөзі жасырын тұрғанын аңғару қиын емес. Қазақ тілінің сөйлеу ерекшелігіне байланысты жіктеу есімдіктері кей жағдайда жасырын тұратыны белгілі. Мұның сыртында ертедегі ақындар қарсыласының мысын басу үшін асқақтап сөйлейтінін айтып жатпаймыз, сал-сері, әнші, композиторлардың мұрасына қатысты сөйлегендіктен. Әсеттің осы сөзінің жалғасын оқыған адамға әрбір екі шумағының бірінде «мен» сөзінің жасырын тұрғанын аңғарамыз. «Бұлбұлмын даусы көкте дамылдаған» немесе «тұлпармын топтан озған тосырқаман» дегендей. «Қысметінде» осылай арындаған әнші «Інжу-маржанында» тіптен шарықтайды. «Әсет­тей сал ән салсаң аңыратып, Орман, то­ғай, өзенді жамыратып» дейді. Қызық қой, бір қа­рағанда одан басқа әнші немесе үнпаз жоқ сияқты сөйлейді. Шынымен солай болса ше?

«Атандым Ғазиз ақын бала жастан,

Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан.

Жүйрікті жорға мініп жетеледім,

Көңілім қалған емес қиғаш қастан»,

дейді Ғазиз Файзоллаұлы. Бұл да ел ішіне кең таралған атақты туынды.

Иманжүсіп бұдан да зор сөйлейді. «Мен елімде жүргенде жұрттан астым, Менменсіген талайдың көңілін бастым» дейді. Асқан күш пен жүректің иесі мұнда батырлығы мен батылдығын, ақындығы мен әншілігін, басқа да артық қасиеттерін қоса айтқанына шәк келтіре алмайсыз. Жалғыз-ақ білегімен ғана емес, жұрттан ән-жырымен, білім-білігімен асып тұр. Иманжүсіптің бұл әні халыққа кеңінен танымал. Әні көкейге сіңімді, сөзі мен мағынасы тартысты, драмаға толы бір дәуірдің мұрасы дерлік. Сонысына қарай автор да өзіне аса сенімді сөйлейді. «Мен елімде жүргенде жұрттан астым, Менменсіген талайдың көңілін бастым» деп басталатын ұзын-сонар ән-толғаудың екі жолын орта тұсында бүйдеп шегендей түседі.

«Сусыз жерге ауылым қона алмайды,

Кері кеткен тірлігің оңалмайды.

Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да,

Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!»

деп кесіп айтады. Неткен рух, неткен мінез, неткен жүрек! Заман ығына жығылмаған Иманжүсіп өміріне зер салсаңыз, бұл жай ғана кеуде қағу емес.

Осыларды өкшелеп, кейін туса да сал-серілердің жолын өлтірмей бертінге дейін жалғап, қазақ ән-күй өнеріне теңдессіз олжа салған Кененнің кереметін айтып тауысу мүмкін бе? Кенен десе, «Көкшолағын», «Базар-Назарын», «Қайран жастық», тағы басқа туындылары еске түседі. Соншама сынақ пен тақсіреттен сынбай өткен әнші, ақын, композитор сексенге келгенде шырқағаны таңдандырмай қоймайды. Ертеден үзілмей жеткен рухтың бұла қайнары дейміз бе, не дейміз?

«Толдым биыл сексенге,

Тай үйретем тепсеңге.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де» дейді.

Бұл өзі де асыл туған және өзіне дейінгі ұлт өнерін бойына сіңіріп, әбден кемеліне келген тұлғаның алды-артына әулие көзбен қарағанын білдіреді. Кененнен кейін қазақ даласының асқақ та, сыршыл үні басқа арнаға ауысып, формат өзгергенін көреміз. Расын да қайталанбас біртуарлар!