Қоғам • 21 Маусым, 2024

Жаңа Салық кодексі жобасының таныстырылымы өтті

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Салық кодексі жобасының таныстырылымы өтті. Жаңартылған Салық кодексін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мен қаржы вице-министрі Ержан Біржанов таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа Салық кодексі жобасының таныстырылымы өтті

Фото:«Атамекен» ҰКП

Жаңа Салық кодексінде ұсынылатын негізгі тәсілдермен танысу үшін Қазақстанның барлық өңірінен түрлі қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер  онлайн түрде қосылды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2022 жылдың соңында салалық қауымдастықтар өкілдерінен, кәсіпкерлерден, салық кеңесшілерінен тұратын жұмыс тобын құрды. Кәсіпкерлерді кеңінен қамту үшін ҰКП жанынан экономиканың негізгі секторлары бойынша қосымша салалық кіші топтар құрылды.

Мәселен, бизнес-қауымдастық өткен жылы Үкіметке кодекске түзетулер енгізу тұжырымдамасын ұсынды. Онда салық салу рәсімдерін жеңілдетуге, бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және ШОБ-ке бағытталған бірқатар негізгі өзгерістерге ерекше назар аударылды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов  жаңа құжат құрылымы ұлттық палатаның салық салу жүйесін оңайлатуға бағытталған бастамаларына негізделгеніне тоқталды. Негізгі қағида ретінде үш режимге бөлу ұсынылды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын және орта бизнес үшін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін.

Сондай-ақ Жәркенов бизнес қауымдастығын толғандырып жүрген, қосымша талқылауды қажет ететін бірқатар мәселелер бар екенін атап өтті. Оңды істердің бірі ретінде ол 16-20 пайызға дейін көтеру жоспарланған ҚҚС мөлшерлемесі бойынша шекті көтеру бастамасының жойылуын атады. Бұл көрсеткіш 12% шегінде сақталды.

ҰКП-ның күш-жігері корпоративтік табыс салығы (КТС) нормасын өзгертуге бағытталды. Қадағалайтын ведомстволармен бірлескен жұмыс нәтижесінде нақты саралау енгізіледі. Бұл өндіріс орындарына айтарлықтай көмек болмақ.

«Қолдау бірыңғай жиынтық салықтың бөлігі ретінде кірістің 2 пайызын төлеу мүмкіндігінен тұрады. Қызметкерлер санына шектеу қойылмайды. Қазір бұл шекті көрсеткіш жылына 500 миллион теңге деңгейінде қалып отыр, бірақ біз оны 2 миллиард теңгеге дейін көтеруді ұсынып отырмыз.

Сонымен қатар КТС мөлшерлемесі де төмендейді. Заңды тұлғалар үшін жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте 10% және жеке кәсіпкерлер үшін 5%», деді Тимур Жәркенов.

Сондай-ақ Азамат Амрин Мемлекет басшысының тапсырмаларымен сәйкес келетін салық санын қысқарту, салық жеңілдіктерін тексеру, инвестициялық әлеуетті ынталандыру, КТС ставкаларын саралау сияқты мәселелер бойынша Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымын түсіндірді.

Бұдан өзге, Салық кодексін әзірлеу барысында мұнай-газ секторы, тау-кен-металлургия саласы сияқты экономиканың жүйе құраушы салаларына салық салу, сондай-ақ отандық өңдеуші кәсіпорындардың даму әлеуетін ынталандыру мәселелері қаралды. Таныстырылым барысында шағын бизнеске салық салу мәселелері де көтерілді.

Ержан Біржанов өз баяндамасында салықтық әкімшілендіруді жаңарту және салық органдары тарапынан бақылауды барынша цифрландыру қажеттігін атап өтті. Қаржы министрлігі Салық төлеушілердің хабарламаларын жіберудің ағымдағы жүйесін қайта қарауды, жекелеген салық төлеушілер үшін салық төлеуді кейінге қалдыру (бөліп төлеу) жөніндегі талаптарды жеңілдетуді және камералдық бақылау рәсімдерін қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында салық есептілігінің көлемін қысқарту жоспарланды.

«Біздің қауымдастықтың қызметі әлеуметтік салаға қатысты болды және біз әрқашан корпоративтік табыс салығын және қосылған құн салығын төлеуден босатылдық. Енді олар бізді 10 пайыз салық төлеуге міндеттемекші. Біздің бизнес соншалықты үлкен емес. Бұл өзгерістер жеке мектептеріміз бен балабақшаларымызды жабу қаупіне әкеледі. Бізге бірдей жағдай, бірдей жеңілдіктер жасалғанын қалаймыз», дейді Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының негізін қалаушы Майра Байдубекова.

Кездесуге қатысушылардың сұрақтарына мемлекеттік орган өкілдері таныстырылымнан кейін жауап берді. Солардың біріне жауап ретінде Тимур Жәркенов бұл тұжырымның Парламентте әлі де өзгеретінін атап өтті. «Атамекен» ҰКП ағымдағы нұсқаға енбеген бизнес-ұсыныстарды одан әрі де қорғайды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық жүйесін жетілдіру және кәсіпкерлікті қолдау бойынша жұмысты жалғастырады.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті