Іс-шараның мақсаты — әйелдердің дипломатияға қосқан елеулі үлесін көрсету, олардың тәжірибелеріне тоқталу және осы саладағы гендерлік теңдікті одан әрі ілгерілету стратегияларын талқылау.
Талқылауға БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич, БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияны жою жөніндегі комитеттің (CEDAW) мүшесі Мадина Жарбосынова, Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы Елшісі Кейтуметси Сейпело Тандека Мэтьюз, ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов және басқа да еліміздегі дипломатиялық корпустың өкілдері, студенттер мен академиялық орта өкілдері қатысты.
1920 жылдардың басынан бастап әйелдердің таңдауын шектейтін заңдық кедергілер жойыла бастады. Дегенмен әлеуметтік нормалар мен теріс пікірлер әлдеқайда ұзақ уақытқа созылды және 1945 жылы БҰҰ Жарғысына қол қойған 850 делегаттың төртеуі ғана әйелдер болды. Содан бері екіжақты дипломатияда және БҰҰ-да әйелдер өкілдігінің өсуі байқалды, бірақ прогресс баяу болды.
1992 және 2019 жылдар аралығында әйелдер әлем бойынша келіссөздерге қатысушылардың 13%, делдалдардың 6% және бейбітшілік үдерістеріне қол қоюшылардың 6% ғана құрады. Гендерлік теңдік және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту де барлық Тұрақты даму мақсаттарына жетуге маңызды үлес қосады.
«Дипломатияда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету әділдік мәселесі ғана емес, біз әйелдерді дипломатияда алға жылжытқанда, біз дипломатияны алға жылжытамыз. Әйелдердің өркендеуі үшін жағдай жасай отырып, біз жаһандық сахнада тиімдірек және тұрақты дипломатиялық араласуға жол ашамыз», деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.
Айта кетерлігі, Қазақстан БҰҰ-ға 1992 жылы мүше болғаннан бері ел мүшелігінің басым уақытында – 32 жылдың 17 жылын – әйел елшімен таныстырды. Қазіргі таңда Қазақстанда тіркелген әйел елшілер саны 67 елшілік арасында 11 адамды құрайды, ал Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері арасында үш әйел елші бар. Бұл сандар жоғары болмаса да, Қазақстан үкіметінің әйелдер мүмкіндіктерін кеңейтуге аса көңіл бөлуін ескере отырып, аталған көрсеткіш оң үрдіс көрсете беретіні сөзсіз.
Еске сала кетейік, халықаралық дипломатиядағы әйелдер күні 2022 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында ресми түрде белгіленген еді. Аталған резолюцияны 191 мемлекет қолдап дауыс берді, олардың қатарында Қазақстан да бар. Биыл бұл күн ресми түрде екінші рет атап өтілмек.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті