Тарих • 21 Маусым, 2024

Академияның іргетасы

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым академиясы – біздің интеллектуалдық темір­қазығымыз. Иә, солай еді және солай болуға тиіс. Қазір Президент бастамасымен оны жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Академияның іргетасы

Ғылым культі қалай орнығады? Бү­гінгі ғалым мен ғылым өлшемін қалай қа­лыптастырамыз? Академия дәстү­рінен алар тағылым қайсы?

Иә, Ғылым академиясы – шын не­гізінде 90-жылдарға дейін Ғылым ми­нистрлігі рөлін атқарды. Құрамын­дағы 43 ғылыми институт пен орталық заманауи ғылым мақсатын сәтімен жүзеге асырды.

Мысалы, қазір гуманитария саласына келсек, бес автор қосылып шығарған Scopus мақаласы «керемет дүние» саналады. Маңдай термен жазылатын монографияның немесе шаң басқан қолжазба мұраны комментариймен әзірлеудің бәсі одан әлдеқайда төмен. Тіпті ол ғылыми еңбек санатына енбей де жатады. Әри­не, бұл – қам жейтін мәселе... Сонда академияның іргетасын қалағандар ғылымда жаратылыстану-техникалық бағыт пен гуманитарлық бағыттың өлшемі әр қилы болатынын ойламады дейсіз бе? Ойлағанда қандай!

Біздіңше, мына суретті қазір университет пен зерттеу мекемелерінің маңдайына болмаса да, көрнекі жеріне іліп қою керек.

Жалпы, бізде Академия ашу мәсе­лесі 1932 жылдан қолға алынған. Сол жылы 8 наурызда КСРО Ғылым академиясының Қазақстан базасынан зоология және ботаника секторын құру туралы шешім қабылданып, оның төрағалығына академик А.Самойловичті, мүшелігіне академик Б.Келлер мен профессорлар С.Ас­фендияров пен М.Төлеповті бекітеді. 1938 жылы қарашада бұл база филиалға айналады. Мұнда 100 маман, соның ішінде 17 ғылым докторы мен кандидаты қызмет істепті. «Әр істің қайыры бар» дегендей, соғыс кезінде орталық қалалардан Алматыға ғалымдар эвакуацияланғанда, қай­рат­кер Нұртас Оңдасынов пен ғалым Қа­ныш Сәтбаев Қазақстанның жеке академиясын құру мәселесін көтереді. Әзірлік туралы республика үкіметі 18.08.1944 жылы қаулы қабылдайды. Төрағасы – Н.Оңдасынов, орынбасарлары – Н.Скворцов, Ж.Шаяхметов, А.Завельев, Қ.Сәтбаев – құрамы жалпы 18 адамнан тұратын комиссия құрылады. Жұмыс сәтімен жүріп, 1945 жылы 1 наурызда республика үкіметінің басшысы Н.Оңдасынов пен КСРО Ғы­лым академиясының президенті В.Ко­ма­ров одақ басшы­лығына «Қазақ­стан жеке Ғылым академия­сын ашуға са­­қадай сай» деп есеп бе­ре­ді. Сол за­­манның тәртібіне сай КСРО Хал­ком­ 26.10.1945 жылы Қазақ КСР ҒА-сын­ ұйымдастыру туралы қаулы шы­­ғарып, 1946 жылы 1 мау­сымнан бас­­тап республика Ғылым академиясы жұмысын бастайтынын атап көрсетеді.

Әрине, бүгінде Алматыға сән беріп тұрған Академияның алып әрі мызғымас ғимараты бір күнде немесе бір жылда тұра салмаған. Оған қаншама күш-жігер, ақыл-парасат, қыруар қаржы жұмсалды. Мына сурет сол сәттің бірін аңғартады. Фото-жәдігер Қанекеңнің жеке архивінде сақталыпты. Іргетастың ағаш қалыбы үстінде үш тұлға тұр. Олар: сол кез­дегі үкімет басшысы Нұртас Оң­дасынов, академия президенті Қаныш Сәтбаев, архитектор Николай Прос­таков. Қасында бір инженер есеп беріп тұрғандай. Нұртас Дәнді­байұлы плащы мен шіләпісін шопырына берген де, қолына күрек ұстап алған. Құрылыс инженері оның сұра­ғына жауап қатып жатса керек. Қа­ныш Имантайұлы әрі ойланғаны, әрі қуанғаны байқалады. Суреттің тү­сірілген уақыты – ерте көктем (26.04.1951). Қанекең жеңілдеу макинтош пен шіләпі киген... Іргетас үшін қазылған шұқырлардан Алматының үлкен қойтастары да көрінеді.

Академияның бастапқы архитекторы әйгілі Алексей Щусев еді. Бірақ жоба кейін толықтырылып, түзетілген. Николай Простаков бастап, аяқтаған жоба құрылысы 1957 жылы тұрғызылып бітті. Бұл – академияның бірінші бөлігінің іргетасы. Екінші бөлігінің құрылысы 1972–1981 жылдары жүргізілген. Сөйтіп, ол еліміздегі мызғымас тарихи-монументалды ғимартқа айналды.

Ғылым қара шаңырағы іргетасын саясат пен ғылыми салада ары да, қолы да таза тұлғалардың қалағанын ұмытпауға тиістіміз.

 

Айтуған Досби