5 мыңнан аса өтініш түсті
Бірлескен отырыстың күн тәртібінде алғаш талқыланған мәселе – Конституциялық соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы. Осы жайында баяндама жасаған КС төрағасы Эльвира Әзімова еліміздегі конституциялық заңдылықтың 2023 жылдағы жай-күйі туралы жолдауын ұсынды.
Оның айтуынша, өткен жылы конституциялық бақылау органына азаматтардан бес мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олар негізінен зейнетақы заңнамасының, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің және Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларының жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеруге қатысты жүгінген.
«Азаматтардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігі нақты істер бойынша жалпы юрисдикция сот шешімдерінің күшін жою немесе оларды қайта қарау туралы, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және құқық қорғау органдарының жекелеген қызметкерлерінің өзге де әрекеттерінің заңдылығын тексеру туралы болды. Негізінен мұндай өтініштердің нысанасы Конституциялық соттың құзыретіне кірмейді. Олар жалпы юрисдикция соттарының немесе басқа мемлекеттік органдардың қарауына жатады», деді КС төрағасы.
Эльвира Әзімованың айтуынша, құқықтық қатынастарды реттеудің жеткіліксіздігі және жіберілген құқықтық олқылықтар азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіруге және олардың конституциялық кепілдіктерін бұзуға әкеп соғады. Конституциялық сотқа жүгінген азаматтардың қолданыстағы құқық қорғау институттары туралы қажетті түрде хабардар болмауынан не оларға сенімсіз қарауынан қолжетімді құқық құралдарын уақтылы пайдалана алмауы да сирек емес.
«Конституциялық нормалардың сақталмауына байланысты жеті заңның және Жоғарғы соттың бір нормативтік қаулысының ережелері Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды. Қазіргі уақытта анықталған құқықтық қайшылықтар екі заңда және Жоғарғы соттың нормативтік қаулысында жойылды. Мемлекеттік қызметке және оның ерекше түрлеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, сондай-ақ қорғаушының кассациялық іс-жүргізудегі өкілеттігіне қатысты мәселелер бойынша тиісті заң жобалары Парламентте қаралып жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы заңдардың Конституциялық сот түсіндірме берген нормаларына заң шығарушы барынша тиімді нормативтік-құқықтық реттеуді әзірлеу бөлігінде назар аударуы қажет», деді ол.
Оның айтуынша, мәселен, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Үкіметке зақымдалған аумақтардағы қазіргі радиоэкологиялық ахуалды, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, демографиялық, медициналық және өзге де факторларды ескере отырып, жаңа қағидаттар мен тәсілдерді зерделеу қажет.
Бүгінгі таңда Парламент бес заңның ережелерін Конституцияға сәйкес келтірген. Қалған заңнамалық ұсыныстар Палаталардың қарауында немесе Үкімет деңгейінде келісу сатысында. Эльвира Әзімова заңнамалық түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұмысты Конституциялық соттың ұсынымдарын ескере отырып, жалғастыру қажет екенін айтты. «Негізгі заңның үстемдігі мақсатына жеке адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің балансы мен паритетін сақтау, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Демек конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттік биліктің әрбір субъектісі мен лауазымды адамның норма шығару үдерісіне және құқық қолдану практикасына қатысу міндеті», деді ол.
Көлеңкелі экономика 18,8 пайызға төмендеді
Бірлескен отырыстың күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – Үкімет пен және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері. Бұл мәселе бойынша Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Өткен жылдың негізгі көрсеткіштеріне қысқаша тоқталған Мәди Тәкиев ішкі жалпы өнім 5,1%-ға өскенін, жылдық инфляция деңгейі 2 есе төмендеп, 9,8% көлемінде тұрақталғанын, жалпы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 2,6%-ын құрағанын, сондай-ақ мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге 22,8 %-ға жеткенін атап өтті.
«Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 99,9%-ға орындалып, бюджетке 19 трлн теңге түсті. Ал бюджеттің шығыстары 99,6%-ға атқарылып, 22,4 трлн теңгені құрады. Игерілмеген қаражат – 73 млрд теңгені, ал үнемдеу, Үкімет резервін қоса алғанда – 27 млрд теңгені құрады. Ұлттық қордың активтері 13,4%-ға ұлғайып, 60 млрд долларға жетті», деді ол.
Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемін ұлғайтуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар көлеңкелі айналымның қысқаруына үлкен әсер етіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 88,7%-ды құраған. Оған өткен жылы Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар, 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды қабылдау себепші болған. Нәтижесінде, көлеңкелі экономика деңгейі жоспарланған 19,9 %-дан 18,8 %-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар Қаржы министрі 2023 жылы қосылған құн салығын қайтару туралы, аванс беру есебінен түсімдер жоспарының орындалуына, квазимемлекеттік секторға қатысты мәселелерді айтты.
«Жаңа Бюджет кодексі аясында тиімді және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін тиісті жағдайлар көзделіп отыр. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатты игеруіне мониторингті және олардың есептілігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалар қабылданатын болады. Квазимемлекеттік сектордың барлық субъектісі үшін қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашу бойынша, Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы мен халықаралық тәжірибе ескеріле отырып қаралады», деді ол.
Шығыстың көбеюі алаңдатып тұр
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде салық-бюджет қағидаларын мүлтіксіз сақтау, мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімді тетіктерін құру қажеттілігіне баса назар аударды.
Оның айтуынша, басты проблема – бюджеттің тұрақты тапшылығы. «Кейінгі жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақмерзімді жоспар қажет. Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік-құқықтық база тұрақтылықты қажет етеді. Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз», деді ол.
Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі ішкі жалпы өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспардың 1,4 трлн теңгесі орындалмаған. Осы мәселенің анығын білу үшін палата биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаты тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отыр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет қаражатын пайдалану үшін дербестік берілген, бірақ қабылданатын шешімдер әрдайым тиімді болып отырған жоқ. «Кейбір мемлекеттік органдар құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асыруын жалғастырып келеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министрлігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асырып жатыр. Салдары – түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржыландыру тәуекелдері. Анықталған қаржылық бұзушылықтар мен мемлекеттік ресурстарды тиімсіз басқару көлемі айтарлықтай. Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады», деді ол.
9 млн адамда несие бар
Қос палата депутаттары өткен жылғы бюджеттің игерілуіне қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Сенатор Сәкен Арубаев микронесиелер мен субсидиялар берудегі кейбір кемшін тұстарға тоқталды.
«Жыл қорытындысымен ауыл халқына 12,1 мың микронесие беріліп, 13,1 мың жаңа жұмыс орны құрылған (жоспар бойынша 18,2 мың болуы керек еді). Алайда, берілген микронесиелер арқылы кем дегенде екі адамнан жұмысқа алған жағдайда 24,2 мың адам қамтылуы керек, әлде ашылған шағын кәсіпкерлер жалғыз өзі жұмыс істеп жүр ме? Немесе қаражаттар басқа мақсаттарға пайдаланылуда ма? Бұл бір ғана бағдарламадағы еселі кемшіліктер, ал бізде қабылданып, қисыны келмей тұрған бағдарламалар жетерлік. Сондай-ақ есепті кезеңде агроөнеркәсіп саласын субсидиялауға 492,8 млрд теңге бөлініп, 105,4 млрд теңгеге артқан. Дегенмен бұл қаражаттар шаруалардың толық қажеттілігін өтеген жоқ. Қазіргі уақытта субсидияға өтінім беріп күту парағында тұрғандардың саны 2 500-ге жуық, ал мемлекеттің берешегі 10,0 млрд теңгеден асқан. Бұлай жалғасатын болса, шаруалардың жағдайы нашарлай түсетіні анық» деді ол.
Ал «Amanat» фракциясының атынан республикалық бюджеттің 2023 жылғы орындалуына байланысты бірқатар мәселеге тоқталған депутат Елнұр Бейсенбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы 2 есе өсіру межесін тапсырғанын, осыған орай Үкімет пен билік үшін алдағы 6 жылдық – тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдайтын кезең болатынын атап өтті. Дегенмен экономиканың ахуалын бейнелейтін бірқатар көрсеткіш әлі де көңіл көншітпейді.
«Мысалы, елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, борышкерлер реестрінде, яғни қарызын қайтармай, жалтарып жүрген жеке тұлғалардың саны – 3,4 миллион. Сондай-ақ, тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. Бір жылда несие алушылардың сомасы 5 триллионға өскен. Бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі», деді депутат.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалғанын, оның ішінде 70 млрд теңге игерілмей, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойғанын атап өтті.
Мәжілістегі «Ақжол» партиясының фракциясы Үкіметтің 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қарсы дауыс берді. Оның бірінші себебі – бюджет кірісіндегі кемшіліктер. Олардың айтуынша, былтырғы бюджет жаңа қарыздар алу арқылы жабылған. Екінші себеп – шығыны көп бағдарламаларды қаржыландыру артып, нақты секторға бөлінетін қаражат азайған. Фракция мүшелерінің сөзінше, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділігі де қарсы дауыс беруге себептердің бірі.
Бірлескен отырыс күн тәртібінде бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Ол бойынша баяндама жасаған депутат Снежанна Имашева бірлескен комиссияның қарауына жүзден аса түзету келіп түскенін, оның ішінен 60 түзету қабылданғанын атап өтті.
Сонымен бірге отырыс барысында Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамы өзгертілді.