Аймақтар • 22 Маусым, 2024

Аграрлық сала қолдаудан шет қалмайды

100 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарағанды, Ұлытау облыстарына жұмыс сапарымен барған вице-премьер Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аталған өңірдегі шаруа­шылықтардың тыныс-тіршілігі және көктемгі дала жұмыс­тары­ның қорытындысымен танысты.

Аграрлық сала қолдаудан шет қалмайды

Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарасты Көбетей ауылындағы сүт-тауар фермасы голштин сиырларын әкелген. Жоба 1 100 ірі қара малды ұстау­ды қарастырады. Ферма жобалық қуат­ты­лыққа шыққан кезде жылына 9 000 тоннаға жуық сүт өн­діреді деп жоспарланып отыр. 70-ке жуық жұ­мыс орны ашылады. Жұмысқа орналасу кезінде бірінші кезекте жергілікті тұрғын­дар қа­был­данады. Сонымен қатар СТФ өзін азық­пен қамта­масыз етеді. Жалпы, Қараған­ды облысында мал шаруашылығы белсенді дамып келеді.

Өсімдік шаруашылығы саласында аймақ өндірушілері суармалы егіншілікке баса назар аударады. Жоспарлар туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов баяндады.

«Биыл ауыл шаруашылығы дақыл­дары 1,1 млн гектарға егілді, бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 37,6 мың гектарға артық. Бұл рет­те дәнді дақылдар 966,3 мың гектарды, май­­лы дақылдар 31 мың гектарды құрады. Кар­­топ 11,5 мың гек­тарға, басқа көкөністер 1,2 мың гектарға отырғызылды. Суармалы жер­лер аумағы ұлғайтылады», деп хабарлады ол.

«Шахтерское» элиталық тұқым өсіру кәсіпорны да делегацияның назарынан тыс қалмады. Мұнда жыл сайын суармалы жерлердің аумағы кеңейтіледі. Айналымға су алу және беру үшін барлық инфрақұрылымы бар қосымша 200 га енгізілді. Қазіргі заманғы тұқым тазарту желісі салынып жатыр. Ол дәнді, майлы және бұршақ тұқымдарын дайындауға арналған.

«Шахтерское» ЖШС басшысы Георгий Прокоп астық қоймасы мен астық кептіргішті көрсетіп, Қазақстаннан тыс жерлерде белгілі картоп өсіру туралы айтып берді.

«Бүгін біз ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында болып жатқан айтарлықтай ілгерілеушіліктерді көріп отырмыз. Бұл бізге одан да үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз барлық күш-жігерімізді жұмсап, лайықты өнім алу және өнімділікті екі есе арттыру үшін жақсы жұмыс істеуіміз керек», деп атап өтті ол.

Вице-премьер Серік Жұманғарин фермерлермен кездесу барысында Үкіметтің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөніндегі жос­пары, фермерлер үшін «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 5% жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктері және қаражат алудың қарапайымдатылған тетігі туралы айтып берді. Сонымен қатар ол фер­мерлерге аграршылардың агротехни­каны жақсартуға көбірек көңіл бөлу, ты­ңайтқыштар, тұқымдар енгізу, жоға­ры өнімді техниканы қолдану және т. б. міндеттемелері жөнінде еске сала кетті.

«Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінді. Фермерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Қарқынды дамуға мүмкіндік бар. Тұқымға, пестицидтерге, минералды тыңайтқыштарға, жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, техникаға қаражат бөлінеді. Енді фермерлер мал шаруашылығын қолдауды сұрайды. Бар­лық мәселелерді кезең-кезеңімен шеше­міз, егіннің жақсы өнуін көріп отырмыз, жақсы өнім күтеміз», деп өз кезегінде атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлы­тау облысында жұмыс сапарымен болды.

Қазіргі таңда өңірде егіс жұмыс­тары аяқталды. Биыл егістің жалпы көлемі 29,5 мың га құрады, оның 24 мың га – дән­ді дақыл­дар, 4,5 мың га – жемшөп. Кар­топ пен басқа да көкөністердің тұқы­мы 1 мың га жерге себілді. Шегірт­кеге қарсы күрес бойынша жағдай тұрақты. Болжамдарға сәйкес жалпы өңдеу алаңы 14,2 мың га, оның 10 мың га өңделген.

Жұмыс тобы, ең алдымен, Қаракеңгір ауыл­дық округіндегі «Бекетай баба» шаруа қожа­лығына барды. Шаруа­шылықтың жалпы жер көлемі 21,3 мың га құрайды, оның 15,6 мыңы – жайылым. 5,5 мың гектарға бидай, арпа өсіріледі. Шаруа қожалығының бас­шы­сы Бағдат Бекетаев гектарына орта есеп­пен 10-12 центнер жинайды, өнім деңгейі жоға­ры болғанда 15 центнерге дейін алуға мүм­кін­­дігі бар. Оның айтуынша, биыл топы­рақ­қа ты­ңайтқыш салмаған. Кәсіпкер егістік алқабында бастапқы уақытта 400 гектар аумаққа суару жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі фермерге мемлекеттік қолдауды пайдалануды, сондай-ақ тыңайтқыштар енгізуден және сапалы тұқымдарды пайдаланудан бастап барлық агроөнеркәсіптік кешендерге дейін агротехнологиялардың барлық кешенімен айналысуды ұсынды. Сондай-ақ дақылдарды сақтандыруға назар аудару ұсынылды.

«Егер сіз тыңайтқыш қолдансаңыз, онда егін міндетті түрде бітік шығады. Өнімділікті кем дегенде 20 центнерге дейін жеткізуге тырысу керек», деді ол.

Шаруа қожалығында вице-премьер мен министр облыс фермерлерімен кездесті. «Бақдәулет» ШҚ басшысы Жарқынбек Бөлендин өзін толғандырған мәселе бойынша сұрағын қойды.

«Менде 22 мың гектар жер бар. Өз қаражатыма мал сатып алдым. Биыл 700 га бидай мен арпа егіп, суаруды қалпына келтіріп, енгізуді жоспарлап отырмын. Мемлекет қолдауының арқасында мен тракторды жеңілдікті пайызбен 88 млн теңгеге лизингке алдым. Алайда мен бағдарламаның талабы бойынша алған соманың өзін де пайызын да өтеуді бірден бастап кетуім қажет. Нақтысын айтқанда, біз алғашқы жылы пайда көрмейміз, бізге кем дегенде 2 жыл жеңілдік кезеңі, төлем демалысы қажет. Шетелдік егіс кешенін сатып алуға өтініш бергенмін, шетелдік ауылшаруашылық техникасына субсидиялардың жойылуына байланысты оны қазір сатып алу оңайға соқпай тұр», деді ол.

Шаруаның сұрағына Айдарбек Сапаров: «Біз ауыл шаруашылығы техникасын алу үшін кәсіпкер төлеуге тиіс бастапқы 15% жарнаны алып тастадық және отандық өндіріс техникасына субсидиялар мөлшерін 30%-ға дейін ұлғайттық. Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауға 100 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Қазір өтінімдер жиналып жатыр. Ауылшаруашылық техникасы­ның қарызын төлеу бойынша демалыс беруге келетін болсақ, осы мәселені қарастырамыз», деп жауап берді.

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы Серік Жұманғарин баяндады.

«Мемлекет биыл көктемгі егіс жұмыс­тарына жыл сайынғы 180 миллиард теңгені 400 млрд теңгеге үстемеледі. Бағдар­ламаның ерек­шелігі несиелер фер­­м­ерлерге 5% бері­леді. Қазір жеңіл­детіл­ген ақшаны беру тәсілі айтар­лықтай жеңіл­детілді: «Даму» қоры фер­мер­лер­дің «Аграрлық несие корпорация­сы» ал­дын­дағы қарыздарына 85% кепілдік береді. Қалған 15% кепілдікті фермер береді. Бұл жеңілдетілген несие алуды айтарлықтай жеңіл­детеді. Сонымен қатар біз Үкіметтің қау­лы­сына өзгерістер енгіздік, енді АНК ғана емес, ӘКК көктемгі егіс жұмыстарына фер­мер­­­лерге несие бере алады. Бірақ сіздің тара­­пы­­­ңыз­дан агрономияны сақтау, тыңайт­қыш­­тар ен­гізу, мемлекет үшін басым дақылдар­дың өнім­ділігін арттыру қажет», деді вице-премьер.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Серік Жұманғаринге облыстың ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобалар таныстырылды, олар биыл баста­лады деп күтіліп отыр.  Олардың қатарын­да Жаңаарқа ауданындағы ет ком­бинаты, Жезқазғандағы құс фабрикасы мен көкөніс қоймасы, Сәтбаевтағы құс етін өңдеу цехы және басқа да жобалар бар. 

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024