Тарихи деп отырған себебіміз, зауыт 1982–1984 жылдары салынып, іске қосылған. Сол жылдары Қандыағаш темір-бетон бұйымдарын шығару зауытының Қазалыдағы цех бөлімшесі ретінде жұмыс істепті. Ал 1986 жылы Қазалы темір-бетон бұйымдары мен конструкцияларын шығару зауыты болып өзгеріп, басшылық Қазалы стансасына көшірілген.
Тоқырау жылдары сан рет дағдарысқа ұшыраған кәсіпорынның атауы ол уақытта да бірнеше рет өзгерді. Бірде Түркістан теміржолы, енді бірде «Қазақстан Темір Жолы» РМК құрамындағы «Желдорстройға» қарасты мекеме болды. Атауы өзгергенмен өнім түрін өзгертпеген зауыт 2013 жылдан бастап «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы болып жұмыс істеп келеді.
«Қазіргі кезде зауытқа тапсырыс берушілер көбейіп келеді. Бір кездері кәсіпорын өңірдегі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының іске асуына айтарлықтай үлес қосты. Ауызсу тарту жұмыстарына сәйкес көптеген тапсырысты орындап келеді. Сондай-ақ кезінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарын өндіруге 2010 жылдан бастап бейімделіп, қосымша құрылыстар салып, кейінгі технологиямен 18, 21, 24 метрлік көпір құрылысына қажетті темір-бетон балкаларын, құбырларды даярлады. Одан соң республикалық жобаның бірі болған «Сексеуіл – Жезқазған», «Шалқар – Бейнеу» теміржол құрылысында да аталған зауыттың өз қолтаңбасы бар. Қазір автомобиль жолындағы көпір құрылысына қажетті қада мен құбырларды, жоғары кернеулі желіге арналған ВЛ10кВ діңгектерін, сондай-ақ үй құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарын соңғы технологиямен өндіреді» дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов.
«LCI-MK» серіктестігінде 80-нен аса жұмыс істейді. Зауытта арнайы өндірістік киім беріледі. Сондай-ақ зиянды цехта жұмыс істейтіндерге сүт өнімдерін беру ұйымдастырылған. Екіншіден, жұмысшы қауымның 14 жасқа дейінгі балаларына жылына бір рет Алматы қаласындағы «Маралсай» демалыс үйіне жолдама беріледі. Айта кетейік, жұмысшылардың орташа еңбек жалақысы 220-250 мың теңгені құрайды. Маман біліктілігін арттыру мекемеде дұрыс жолға қойылған.
«Серіктестіктегі басшылар тарапынан Қазалы бөлімшесінің жұмыс көлемін арттыруына көп көңіл бөлініп жатыр. Қаражат көзін қарастырып, қосымша құрылыс салуға кірісті. Мысалы, ұзындығы 32 метр, әрқайсысы 20 тоннадан көтеретін 2 көтергіш кран құрылды. Жаңа 20 текше метрлік компрессор стансасы іске қосылды. Осыдан біраз жыл бұрын бу қазандығы цехына отын ретінде табиғи газды пайдалану, яғни газдандыру жұмыстары толық аяқталған еді. Бүгінде зауыт әкімшілігі экологияға, адам денсаулығына теріс әсер тигізетін қатты отын – көмірдің орнына «көгілдір отынды» пайдаланып келеді», дейді кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің жетекші маманы Арыстанбек Қанат.
Кәсіпорында автомобиль көпір құрылысына қажетті «ВТК-33У» маркалыаралық құрылыс балкаларын құю технологиясы игеріліп, қазір Орал қаласындағы көпір құрылысына жөнелтіліп жатыр. Қосымша техника мен қондырғылар алып, тапсырыс пен сұранысқа сәйкес жұмыс күшін жыл санап ұлғайтып келеді.