Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Олар қарсы емес, бірақ...
«Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін банктік кредит беру бөлігінде ауыл шаруашылығын қаржыландыруды кеңейтудің маңыздылығын назарға ала отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен Агробанк құру мәселесін пысықтап жатыр. Оның нәтижелері қосымша хабарланады», дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин «Ұлттық банк ұлттық даму институты ретінде Агробанк құруға қарсы емес» деп жауап берген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Агенттік депутаттар бастамасына қарсы емес және ауыл шаруашылығы саласын дамыту институты ретінде мемлекеттік Агробанк құру мүмкін деп санайды», деген.
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың айтуынша, Агробанкке байланысты халықаралық консалтингтік компанияның көмегімен қаржылық есептер жүргізіліп, тәуекелдердің барлығы жан-жақты талқыланып, заң жобасы әзірленіп, Үкіметке жолданған.
«Былтыр желтоқсан айында Агробанктің қажеттілігін нақты дәлелдеп беру үшін Мәжіліске аграрлы сала мамандары мен фермерлер шақыртылып, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту агенттігі басшыларының қатысуымен үлкен жиын өткіздік. Алайда содан бері бес ай өтті, мәселе орнынан қозғалар емес. Уәкілетті органдар «қарастырайық, сараптайық» деген сылғыртпа жауап бергеннен басқа ешқандай шара қолданбады. Агробанк құру мәселесін пысықтау үшін сіздің шешіміңізбен Мәжіліс пен Сенат депутаттарының қатысуымен, құрамына Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, тиісті Үкімет мүшелері, басқа да мүдделі тараптар, оның ішінде міндетті түрде маңдайынан терін төгіп, егін егіп, мал бағып жүрген ауыл шаруаларының ресми өкілдерін қатыстырып, жұмыс тобын құруды ұсынамыз», дейді ол Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Шаруалардың өз локомотиві осында
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың пікірінше, мұндай мамандандырылған институттың енгізілуі ауыл шаруашылығын қаржыландырудың қазіргі жағдайын өзгертеді. Ол еліміздегі табысты екі мамандандырылған банкті – «Отбасы банк» пен «Қазақстан даму банкін» мысалға келтіріп, олардың пайда болуға тиісті нарықтарға оң әсер еткенін атап өтті. Айтуынша, Агробанктің құрылуы рентабельділігі жоғары бағдарламаларды қаржыландыру арқылы фермерлерге несие берудің төмен мөлшерлемесіне қолжеткізуге мүмкіндік береді.
«Агробанктің құрылуына көбіне-көп қарсы болып отырғандар – екінші деңгейлі банктер. Халықтың 38 пайызы ауылда тұрады деп қарастырсақ, онда ауыл шаруашылығына қатысты салалық банк ашылса, халықтың көбі соған клиент болып шыға келмек. Демек екінші деңгейлі банктер өздерінің қарыз алушыларынан айырылғысы келмейді. Осындай іштей қарсылық жүріп жатқаны өтірік емес. Бірақ әлі де бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Былтыр Мәжілістің 70, Сенаттың 20 депутаты қол қойып, ашық хат жазып, Үкіметке жолдадық. Жауап «қарастырамыз» деген көңілжықпастықтан әрі аспайды», дейді Анас Баққожаев.
Депутаттың айтуынша, Агробанк құрылған жағдайда кепіл саясаты жеңілдетіліп, әр клиенттің өз рейтингісін қарастыра отырып, кәсібіне аз пайызбен несие қарастырады. Ол шамамен 2–2,5 пайыз болуы мүмкін. Қазір несие беретін ұйым көп, шаруалар да бір жерден емес бірнеше жерден кредит шығарып, шаруашылығын жүргізуге тырысып келеді. Ал салалық банк құрылып, барлық қаржыны бір жерге жинақтаса, банк те арзан пайызбен несие бере отырып, фермер жұмысының алға басуына себі тиеді.
«Отбасы банк» арқылы кейінгі 20 жылда құрылыс саласын ретке келтірдік. Түрлі ипотекалық бағдарлама пайда болды. Құрылыс жанданды. Оның ізін ала сол құрылысқа қажетті өнімді өндіретін отандық кәсіпорындар пайда болды. Бір «Отбасы банк» арқылы бірнеше салада қозғалыс пайда болды. Ауыл шаруашылығы бойынша банк құрылса, ондағы депозиттік кіріс, бос жатқан ақшаны айналымға енгізу, кассалық операциялардан түсетін түсім банк құзіреті мен қорын ұлғайтады», дейді Анас Ахатұлы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінде фермерлерге мемлекеттік қолдауды 14 бағыт бойынша тұрақты түрде көрсетеді. Мысалы, былтыр фермерлерді субсидиялауға шамамен 500 млрд теңге бөлінген.
«Мал шаруашылығына 115,9, өсімдік шаруашылығына және несие қолжетімділігін арттыру бойынша 318,1 млрд теңге берілген. Сондай-ақ Үкімет резервінен өсімдік өсірушілер мен мал өсірушілерді қолдауға тағы да 60 млрд теңге бөлген. Мемлекеттік қолдауды алған кәсіпкерлерге еңбек өнімділігін арттыруға, экспортқа бағдарланған тауар өндірісін ұлғайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттеме жүктеледі. Алайда мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өткен жылы 11,4%-ға өсті. Меніңше, Агробанк құруға қосымша қаражат қажеті жоқ, сол жылда жүйесіз бөлінетін қаражаттарды бір жерге жинап, тиімділігін арттыру қажет. Ол тек осы Агробанк арқылы жүргізілуге тиіс», дейді ауыл шаруашылығы сарапшысы.
Кепіл керек
Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстан даму банкі» АҚ және Halyk Bank бірлесіп 444,5 млрд теңге сомасына жеңілдетілген қаржы беру үшін агроөнеркәсіп кешенінде 90 жобадан тұратын пул қалыптастырған. Бұл – ет, сүт, астық өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту сияқты мемлекет үшін басым бағыттар бойынша өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін жобалар. АНК-те 81,2 млрд теңге несие сомасына 43, ҚДБ-да 285 млрд теңгеге 14, Halyk Bank-те 78,3 млрд теңгеге 33 жоба бар. Алайда қаржыландырудың белсенді қарқыны кезінде несие алу үшін кепілдің болмауы шаруалар үшін айтарлықтай кедергі болып отыр. Мұны 5 маусым күні Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты.
Вице-премьер де шаруалардың қаржыландыруға қолжеткізуін барынша жеңілдетуіміз керек деді.
«Үкімет шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына қаржыны Ауылшаруашылық кооперативі арқылы алуға мүмкіндік беретін шараларды қазірдің өзінде қолға алып жатыр. Сондықтан енді шаруаларға қолайлы, қаржы институттары үшін қауіпсіз тетіктерді бірлесіп әзірлеуіміз керек. Экспорттық несие агенттігі ауыл шаруашылығының басым жобалары үшін тарифтерді төмендету мүмкіндігін қарастыруы қажет. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларға кепілдік беру бағдарламасы бойынша қаражат бөлудің нұсқаларын әзірлесін», деген болатын С.Жұманғарин.
Біздегі барлық агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің 70 пайызы – шағын және орта деңгейдегі шаруа қожалықтары. Көбіне қаржыландырусыз, қолдаусыз қалатын да дәл осы контингент. Жоғарыда айтқандай, қомақты қаражат алуға келгенде қол қысқа. Үлкен кепілдік сұраған қаржы ұйымдарының алдына келгенде шағын шаруашылықтардың жұмысы кері кетеді. Ал Агробанк жұмыс істеген кезде осы мәселелердің барлығы ескерілуге тиіс. Жалпы, жаңа банк құрылған жағдайда оның мақсаты тек шаруаға несие беру емес, сауатты, табысты және өзіне сенімді кәсіпкер тәрбиелеу болса керек-ті.