Тұлға • 25 Маусым, 2024

Алаш әнін асқақтатқан

57 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оны Абай облысының тұрғындары жақсы таниды. Қалың жұрт Құсекеңнің талантына таңдай қаққанда Үржардың ірісі, Семейдің серісі десе, азаматтық ұстанымына сай мәдениет жанашыры, қайраткер тұлға деп санайды. Бүгінгі әңгіме Құсмілия Нұрқасым туралы болмақ.

Алаш әнін асқақтатқан

Үржардың ірісі дей­тіні, сол өңірге тән рух, мінез, мента­ли­тет, фольклор дей­сіз бе, күл­лісі Құсекеңнің бойында бар қасиет. «Жі­гіт­ке жеті өнер де аз» дегендей, Құсмілия Жыр­­ғалы­ұлы – бел­гілі тіл жанашыры, кү­міс көмей әнші, көне­нің кө­зіндей жыраулық дәс­түр­ді жалғастырушы, ком­по­зитор. Ақынның жер­ге, елге деген сүйіс­пен­шілігі­нен туған «Үржа­райым» жыр жи­нағы, «Ұмыт­­паңдар мені» естелік кіта­бы, «Құс­мілия» атты шы­­ғар­ма­лар жинағы – оқыр­­ман­дар қауы­мының оң бағасын алған ­туындылар.

Енді Семейдің сал-серісі дегенге келейік. Сері ата­нуға ақын һәм шешен ғана емес, әнші әрі композитор болуың шарт. Қара домбырасы қолынан түспейтін Құсекеңе керемет әншілік қуат қонғаны талассыз. Қаламыз­да­ғы Абай театры сахнасында дәстүрлі ән-жыр, опера ариясын да кәсіби деңгейде орындап, Семей жұртын талай мойындатқан жұлдызды сәттерінің куәсі болғанбыз. Ол арнайы музыкалық оқу орнын бітірмесе де, достары, әріптестері оның дарындылығын, ақын, әнші, күлдіргі әңгімелер айтқанда да үлкен отырыстың сәні, дара тұлға екендігін бағалап, Құсан сері деп атап кеткен.

Құсан – Үржар ауданы Тарбаға­­тай-Барқытбел өңірінің тумасы. Семей қаласы Шәкәрім атындағы университетінің филология факуль­тетін бітірген, тіл маманы. Қайым Мұхамедханов, Қинаят Шаяхметов, Қуандық Жүсіпов сияқ­ты білгір ұстаздардан тәлім алған. Еңбек жолын қатардағы трактор жүргізушілігі­нен бастап, ұжымшар бас­тығы, мек­теп директорлығы сияқты жұмыстар­мен айналысты.

Үлкендердің айтуынша, бізге жеткен аңыз әңгімелерді естіген Құсан серінің туған жерге деген ыстық ықылас сезімі оянып, жұмбаққа толы жерлерін зерттесем, білсем, деген армандары балаң, оқушы кезден-ақ асқақтай түскен. Соның бірі ертеде Ақберлі деген адам өмірден өтерінде, «Мені биікке қойыңдар, өйткені мен жатқан жер қысы-жазы жауынсыз-қарсыз, борансыз болмайды, елге зияным тиеді», деп өсиет айтса керек. Сондағы жұмбаққа толы жерлері: «Тарбағатайдың таңбалы тастары», «Әлемді», «Тасбақа», «Сатылы тас» үңгірі, «Кітапұшқан» жақпар тасы, «Күркіреме». Ал енді осы Тарбағатай-Барқытбелдің басқа да өңірінде тастағы суреттер аз емес, бірақ Ақберідей шоғырланған жері жоқ сияқты. «Таңбалы тасқа» жетудің өзі өте үлкен қиындық тудырады. Ол үшін тағаланған, сол өңірдің қойнау-қолатына шыныққан ат керек және де баруға тәуекел еткен адам да соған сай қайратты болу­ға тиіс. Бірнеше жыл­ғы ұмты­лыстардың сәті түсіп, Құсан бас­таған жігіттер мақсаттарына жеткендей болса керек, ғалым-тарих­шы, археолог, этнограф мамандарды апарып, бұл ескерткіштердің қола заманы мен ерте темір дәуіріне жататынына көз жеткізді. «Оны әрі қарай зерттеу, кітап-альбом шы­ғару болашақтың еншісінде», дей­ді кейіпкеріміз. «Тарбағатайдың күн­­­гейінде, сол кезде (1917) Алаш үкі­меті милициясының басшысы Міржақып Дулатұлының тапсырмасымен құрылған командир Отын­шы Әлжанұлы болған», деп жазады кітабында Құсан. Есіл ер Отын­шы Әлжанұлы Мамонтов басқар­ған «Красные горные орлы» отряды­ның партизандарымен болған ақтық шайқаста Үржардағы шіркеудің ағаш мұнарасына бекініп, пулеметпен атысып беріспейді, ақыры шіркеудің ағаш мұнарасы өртеніп, ­сонымен бірге кетеді. Бұл жағдай қазақ халқын күңіренткен азалы өлім болады, бү­кіл қазақ даласы аза тұтады. Осы ­аяулы азаматтың қоғамдық-әлеу­мет­­тік қызметін халыққа жеткізіп, қай­­раткер Қуат Есімханұлы, Ромин Мади­новтермен бірлесіп тұңғыш рет Отыншы Әлжанұлына Үржар орта­лығында көрнекті ескерткіш орнатты.

Құсанның ұстанымы: Алаш тұл­ғалары айтқандай, «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Демек өз күшіне сене білгендіктен 2004 жылдан жоғарғы жақ басшыларының ұйғарымына қарсылық білдірмей Семей қалалық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің басшысы болды. Мәдениет саласының тізгінін ұстау көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін отқа да, суға да түсетінін білді. Өнерге жаны құмар Құсан­ның тасы өрге қарай домалай берді. Жә, не бітті, не тынды? Менің біле­тінім – Алаш мұрасын түген­деген істері. 2008 жылы Алаштың 90 жылдығы мере­кесін атап өтуге байланысты Үкі­мет қау­лысы қабылданды. Оған түрт­­кі болғандардың бірі – Құсан. Ол асқақ гимн­нің авторы. Онан асқан «Алашқа» арналған маршты да, гимн­ді де естіген емеспіз. Әде­ті­не қары­сып шегіншекте­ген ше­неу­нік ортамен алы­са жүріп, ұстазы Қайым Мұха­мет­ха­нов­қа ескерткіш орнатты.

Бұл туралы Құсан сері: «Өз тіршілігімде бітірген бір шаруам болса, ол – Қайымның ес­керткіші!» деп кітабында мақ­таныш­пен атап айтыпты. Тағы не бітірді десеңіз, «Семей» телеарнасында жүргіз­ген «Ой-түйін» атты танымдық жоба­сы көпшіліктің ой-санасын ұйқы­дан оятқаны анық. 2018 жылы «Семейге – 300 жыл» деген дата көтеріліп, қаржысы бө­лін­ді. Осыған орай, конферен­­­ция ұйымдастырып, зерттеу мақала­лар жаудырып дегендей атойлап қар­сы шыққанның бірі – тағы Құсан еді. Сол сияқты қоғам белсендісі Рахат Алтай бастаған топпен бірге Әлихан Бөкейханның ескерткіші ­бой көтеруі­не ат салысқанын да айтып өтуге мін­деттіміз.

Ақындық, әншілік, жыршылық қабілеті өз алдына, Құсмілия өзін нағыз қалыптасқан композитор екен­дігін дәлелдей білді. Отыздан астам ойлы әндердің авторы. Диа­пазоны кең әнші. Құсмілия әндері Бар­қытбел­дей асқақ, байтақ даласындай байыпты, құлаққа жағымды болып келеді. «Арғы атам – Ер Түрік біз Қазақ елі­міз» атты шығармашылық кеші автордың әнімен «Семей Алаш» Мұқан Төлебаев атындағы музыка­лық училищесінің хоры, жеке дауыс­та: Құсмілия Нұрқасым сүйемел­деу­ші: Ә. Қашаубаев атындағы мемле­кет­тік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауы­мен аяқталды. Әлі де оның алғаны­нан берері көп. Қазіргі кезде қалалық ардагерлер қоғамының белсенді бір мүшесі. Қоғамдық жұмыстарда өзін алдыңғы қатарда көрсете білді, денсаулығы мықты. Қорыта келгенде, өмірі қазіргі таңда аса өзекті ұлттық һәм патриоттық тәрбиені қажымай, талмай болашақ жастар алдында насихаттаумен өтіп келеді.

 

Қадыр ДОСЫМЖАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

Семей