Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Электр стансаларындағы жұмыс барысын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтып берсе, жылу желілерін реконструкциялау бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Өңірлердегі жағдай туралы бірқатар облыс әкімдері есеп берді.
Биыл электр стансаларында 10 энергия блогін, 55 қазандық пен 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1 энергия блогін, 6 қазандық пен 9 турбинаны жаңғырту аяқталды. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық аясында 20,8 мың шақырымға жуық электр желісін, 423 жоғары вольтты қосалқы стансаларды әртүрлі жөндеу түрлерімен қамту жоспарланып отыр. Жылу желілерін реконструкциялау 541 км коммуникация желісін қамтиды, қазіргі дайындық деңгейі – 23%.
Премьер-министр отырысқа қатысушылардың назарын жылумен жабдықтау объектілерін дайындаудағы сын-тегеуріндерге аударды. Мысалы, Екібастұз Жылу орталығында жөндеу жұмысын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмысы әлі басталмай тұр, кестеден артта қалу – 2 ай. Тараз, Жезқазған мен басқа өңірлердегі жылу көздерін жаңғырту мерзімі де кешіктірілген.
«Биыл мамыр айының басында Үкімет отырысында жөндеу мерзімін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанмын. Алайда оператор «KEGOC» бекіткен жөндеу жұмысының кестесін меншік иелері өз бетінше өзгертуін доғармай келеді. Биылдың өзінде жөндеу жұмысын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни бұл фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр», деді Үкімет басшысы.
Әсіресе Ақмола, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарында жылу желілерін жаңғырту баяу жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұған қоса, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мүмкіндігін жеткіліксіз пайдалану мәселесіне назар аударылды. Елімізде инженерлік коммуникацияларды жөндеу республикалық бюджет қаражаты есебінен ғана жүргізіліп отыр.
Олжас Бектенов бірінші вице-премьер Роман Склярға жергілікті жерлерде жылу беру кезеңіне дайындық барысын бақылауды тапсырды.
«Роман Васильевич, жалпы жергілікті жерлерде шұғыл шешімдер мен барынша қатаң шараларды қабылдаңыз. Жөндеу жұмысының сапасына ерекше назар аударуды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.
Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен желілеріне жөндеу уақтылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту, барлық жылу-электр орталықтары мен қазандықтарды 1 қыркүйекке дейін отынмен қамтамасыз ету тапсырылды.
15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның жаңа жылыту маусымына дайындығын толық қамтамасыз ету қажет.
Үкімет отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе – елімізде тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету барысы. Мемлекет басшысының биыл 1 млн-ға жуық отандасымызды жұмысқа орналастыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.
Бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту карталарына сәйкес 2024 жылы 948 мың азаматты жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінде 353 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, бұл жалпы көрсеткіштің 37%-ын құрайды. Оның ішінде 148 мыңы – жастар. Осылайша, жыл басынан бері мемлекет субсидиялайтын орындарға 137 мың жұмыссыз адам жұмысқа тұрды. 97 мыңнан астам азамат Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 103 мыңнан астам адам жұмыс беруші тарапынан ұсынылған бос жұмыс орындарына, ал 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар аясында іске асырылып жатқан бағдарламаларға жіберіліп жатыр.
Өңірлер бөлінісінде Абай (53%), СҚО (47%), Қызылорда (45%) мен Жамбыл (45%) облысында оң динамика байқалады. Жоспарды орындаудың ең төмен көрсеткіші Ақтөбе облысы (30%) мен Алматы қаласында (30%) тіркелген. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктері осы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы өзекті проблемаларды шешу мақсатында өткен жылы «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілгенін атап өтті. Онда әсіресе, жас мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру көзделген. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектердің 25%-ға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жаңа жұмыс күші қажет барлық жобаны қадағалай отырып, жұмыс берушілермен жұмыспен қамтудың цифрлық мониторингі арқылы өзара іс-қимылды жолға қою қажет.
Отырыс барысында отандастарымызды шетелде жұмысқа орналастыру мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Оларға жалақы төлемеу, медициналық қызмет көрсетпеу, келісімшарттар өрескел бұзылған фактілер бізге белгілі. Сондықтан қазір тиісті үкіметаралық келісімдерді бекіту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде шетелдерде біздің азаматтарды жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің қызметін бір жүйеге келтіру қажет. Ел азаматтары келісімшарт бойынша сенімді кепілдік алуға тиіс», деді Премьер-министр.
Жұмыс аясында Шығыс Қазақстан, Түркістан мен Алматы облыстарында Кәсіптік және тілдік даярлау орталықтарын ашу жоспарланған. Өңірлердің тәжірибесі алдағы уақытта сапалы жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, халықты жұмыспен қамту 2029 жылға қарай 3,8 млн сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету туралы баяндады.
Бүгінде 67 мыңнан астам адам үйіне оралды. Эвакуациялық пункттердегі 3 664 тұрғынға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Су тасқынынан зардап шеккендердің жалғыз баспанасы саналатын 12 086 тұрғын үй мен 7 380 саяжай құрылысы су астында қалды. Зардап шеккен өңірлерде 18 228 тұрғын үй тексеріліп, 15 651 объект бойынша бағалау аяқталды.
Бағалау қорытындысы бойынша 9 306 үйге жөндеу қажет, 8 290 үй қалпына келтірілмейтіні анықталды, олар бойынша қайталама нарықта 5 714 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ үлгілік жоба бойынша 2 576 үй салу жоспарланып отыр.
Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруге шамамен 257 млрд теңге керек.
Қазірде тұрғын үйді жөндеу мен қалпына келтіру үшін 6 176 отбасына 40 млрд теңгеге өтемақы берілді. 3 414 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтер алды.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 2,5 мың жаңа үйдің құрылысы басталды.
24 маусымдағы жағдай бойынша 33 321 отбасы 12 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл жұмыс Қарағанды, Павлодар, Ақмола мен Абай, Ұлытау облысында толығымен аяқталды. Төлемдер Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Атырау облысында жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, зардап шеккен тұрғындарға 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жоғалған қажетті заттарды сатып алу үшін қосымша өтемақы төленеді. 15 355 отбасы 7,6 млрд теңгеге өтемақы алды. Суға кеткен малдың өтемі үшін мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.
Зардап шеккен бизнестің шығынын өтеу жұмысы басталды. Бүгінде өңірлік комиссиялар ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы 833 млн теңгеден асатын 124 өтінімін қарап, мақұлдады. Әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша 797 ШОБ субъектісі 24,1 млрд теңге сомасында зардап шеккен. Осы объектілерді бағалау және сметалық жұмыстар жүргізіледі, олардың қорытындысы негізінде өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылады.
Инфрақұрылымды қалпына келтіруге жалпы қажеттілік 48,7 млрд теңгеге бағаланды. Бұл қаражат автомобиль жолдарын, электрмен жабдықтау желілерін жаңартуға, әлеуметтік объектілерді жөндеуге бағытталады. 39,8 млрд теңгеге жобалар дайындалды. Құжаттама Қаржы министрлігіне келіп түсуіне қарай Үкімет басқа жобалар бойынша шешім қабылдайтын болады.