Үндістан Республикасы Сайлау комиссиясының директоры Панкадж Шривастава, Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі доктор Т.В. Нагендра Прасад, ОСК мүшелері және аппаратының жауапты қызметкерлері қатысқан кездесуде екі елдің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
ОСК басшысы үнділік әріптесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен және 2022 жылы өткен республикалық референдумда жалпыхалықтық қолдауға ие болған конституциялық реформа аясында еліміздің жаңартылған сайлау жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардар етті.
Сайлау байқаушыларын өзара жіберудің тәжірибесі табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, Үндістан өкілдері 2019 жылы Қазақстан Президентінің және 2023 жылы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына халықаралық байқауға қатысты. Сондай-ақ ОСК төрағасы 4–8 мамыр аралығында Үндістанның Халықтық өкілдер палатасына (Лок Сабха) сайлаудың үшінші кезеңін халықаралық байқауға алғаш рет қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ол әріптесін ауқымы бойынша бұрын-соңды болмаған сайлау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Кездесу барысында Раджив Кумар Лок Сабха сайлауын өткізудегі қиындықтар, оның ішінде сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, жалған ақпарат пен фейкке қарсы тұру мәселелері, сонымен қатар сайлауды қаржыландырудың кейбір аспектілері туралы айтты. Ол сондай-ақ Қазақстанға келу оның осы сайлау аяқталғаннан кейінгі алғашқы сапары екенін атап өтті.
Халық өкілдерін (Лок Сабха) сайлау бойынша дауыс беру үдерісі 44 күн ішінде (2024 жылғы 19 сәуірден 1 маусымға дейін) жеті кезеңде өтті. Үндістан сайлаушылар саны бойынша әлемдегі ең ірі ел (шамамен 1 млрд адам), олар автономды электрондық дауыс беру жүйелерін (EVM – Electronic Voting Machine) пайдалана отырып, сайлау учаскелерінде дауыс береді. Бұл ретте Үндістанның сайлау жүйесінің ерекшелігі дауыс беру үдерісін фото-, бейнетүсірілімге, сондай-ақ сайлау учаскелерінде фото -, бейнемониторингке тыйым салу болып саналады.
«Біз Үндістанның сайлау комиссиясының қызметін таңданыспен байқаймыз, ол Сіздің басшылығыңызбен сайлау саласындағы халықаралық және аймақтық қауымдастықтар шеңберінде белсенді қызмет атқарады. Сіз 2021–2022 жылдары Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығына (А-WEB) төрағалық еттіңіз. Сонымен қатар 2022–2024 жылдары және алдыңғы жылдары Азия сайлау органдары қауымдастығына (ААЕА) төрағалық етуіңізді жоғары бағалаймыз», деді Нұрлан Әбдіров.
Кездесу барысында Ортсайлаукомның басшысы Үндістанның тәжірибесін бірегей және екіжақты ынтымақтастықта өзара тәжірибе алмасу өте пайдалы деп санайтынын атап өтті. Бұл ретте ол өзара іс-қимылды неғұрлым жоғары, стратегиялық деңгейге шығаруға мүдделілік білдірді. Екі мемлекеттің сайлау жүйелерін біріктіретін басымдық сайлаушылардың сенімін арттыруға ұмтылу екенін атап өтті.
Тараптар екіжақты кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге келісті. Нұрлан Әбдіровтің Қазақстан мен Үндістанның орталық сайлау органдары арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы ұсынысын әріптесі Раджив Кумар қолдады. Жақын арада осы құжатқа қол қойылғаннан кейін оны іске асыру үшін іс-шаралардың егжей-тегжей жоспарын әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Үндістан Республикасының сайлау жөніндегі Бас комиссары Раджив Кумар қазақстандық әріптестеріне Үндістандағы Демократия және сайлауды басқару халықаралық институты базасында халықаралық оқыту бағдарламаларына қатысуға, сондай-ақ жыл соңында өтетін Үндістанның жекелеген провинцияларындағы жергілікті сайлауды байқауға қатысуға ұсыныс білдірді.
Раджив Кумар елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді, атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған өзгерістерді жоғары бағалап, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміт білдірді.
Сапар аясында Үндістан Республикасының делегациясы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен кездесіп, ҚР цифрлық үкіметінің тұжырымдамасы және функционалымен танысты. Оған елдің цифрлық экожүйесін трансформациялау жөніндегі жұмысы көрсетілді.
Ресми сапары аясында Раджив Кумар мырза Алматы мен Астананың аумақтық сайлау комиссияларының қызметімен танысып, қалалар әкімдерімен жұмыс кездесулерін өткізді.