Суретті түсірген – Нұргүл Балтабаева
Кездесу шымылдығын NU президентінің міндетін атқарушы Илесанми Адесида ашып, университет түлектерінің ерекшеліктеріне тоқтала келіп: «Жұмыс берушілерден біздің түлектер мен басқа оқу орындары түлектері арасында қандай айырмашылық бар деп сұраған кезде, NU түлектері мәселе туғызбайды олар керісінше бар мәселені шешуге бейім деген жауап аламыз», деп ризашылығын білдірді.
Университетте студенттерді көшбасшылыққа баулу барысында хакім Абайдың «Толық адам» ілімі негізге алынады. Бұл ілім жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге арналған. Сол себепті де бүгінгі кездесу цифрлық киіз үйде өтіп, NU-дың инновациялар мен мәдени мұра құндылықтарын көрсетеді.
Университеттің студенттер ісі мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырованың айтуынша, жоғары оқу орны құрылғаннан бастап оның үлкен миссиясы – елімізде арманнан туған мінсіз университет құру. Онда XXI ғасырдың «Толық адам» тұжырымдамасымен сусындаған мамандар жұмыс істеп, сапалы білім беретін халықаралық ғылыми бағдарланған университетке айналдыру.
«Сіздер бүгінде әлемнің үздік университеттерінің 30%-ы қатарына кіретін NU-ды тәмамдап отырсыздар. Бұл жетістікке бір күнде жеткен жоқпыз. Осы мақсат жолында студенттер, профессор-оқытушылар құрамы, университет әкімшілігі секілді үлкен команда елеулі еңбек етті. Біз әрқашан екі қағиданы ұстанамыз, ол – меритократия және стретегиялық әріптестермен ынтымақтастық», деді ол.
Сонымен қатар Қ.Дайырова бір қызық оқиғамен бөлісті. 2009 жылы Гарвард университетіне әлі қабырғасы бекімеген аталған жоғары оқу орнымен серіктес болуға ұсыныс жасалған екен. Әлемдегі ең мықты университеттің сол кездегі халықаралық істер жөніндегі вице-провосты Хорхе Домингес Орталық Азиядағы NU-дың болашағы туралы футуристік әңгімені тыңдап болып, осы ұсыныспен кейінірек оралуын сұраған. Ал биыл Гарвард университетінің делегациясы біздің елімізге ат басын бұрып, NU серіктестік туралы ұсыныс жасау үшін келіп отыр.
Университетте патриот жастарды тәрбиелеу мақсатында құрылған ұлттық мәдениет орталығының директоры Гүлтас Құрманбай «Толық адам» тұжырымдамасының іске асуына тоқталды. «Мемлекет басшысы «Толық адам» тұжырымдамасы мемлекеттік басқару жүйесі, білім беру саласынан бастап бизнес пен отбасы институтына дейін өміріміздің барлық саласының негізіне айналуға тиіс деп айтты. Ақылы мен жүрегін тазалықта ұстайтын шын мәніндегі «Толық адам» ілімінен нәр алған адам жақсы инженер де, жақсы дәрігер де, жақсы президент те бола алады», деді ғалым.
NU 2017 жылғы түлегі Дәукен Сейітқали альма-матерді аяқтағаннан кейінгі жетістіктерін тілге тиек етті. «Arlan Biotech» компаниясының негізін қалаушылардың бірі, биыл Forbes Kazakhstan «30 under 30» жас көшбасшылар тізіміне кірді. Ол адамдар мен жануарлар ауруын диагностикалау үшін синтетикалық наноденелерге негізделген өнімдерді әзірлеумен айналысады. Сондай-ақ оның жұмысы белгілі бір ақуыз антигендеріне қарсы бағытталған наноденелерді жасауға жасанды интеллектіні пайдалану қамтылған. Бұл өз кезегінде дәрі-дәрмектерді, соның ішінде онкологиялық ауруларға қарсы препараттарды әзірлеуде қолданылуы мүмкін.
«Қазақстан жаңа технология саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жете алмайды дегенді көп еститінмін. Барлық даму шетелде болып жатқандай көрінетін. Менің осы нарративті өзгерткім келді. Өз жолымды бастаған сәтте біздің елімізде жасанды интеллектіге қызығатындар қатары аз екенін байқадым. Алайда менің ғылыми жұмысым Жапонияда үздік деп танылды. Осы сәтте талмай еңбек етсек, біз де көптеген жетістікке жете алатынымды сезіндім. Бұл бірінші кезекте NU-дың арқасында екенін білемін. Осында оқып жүріп, зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми мақала жазуды үйрендім», деді Д.Сейітқали. 2024 жылғы көктемде «Arlan Biotech» әлемдік деңгейдегі «StartX» акселераторына қабылданды.
Аталған жоғары оқу орнының «Alumni Association» қауымдастығының атқарушы директоры Ырымгүл Ыбрайымова 2020 жылы университетті саясат және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Ол бұл оқу орнында тамаша адал достар тауып, өз жолында жаңа мүмкіндіктер болғанын айтады.
«Шынымды айтсам, әлем менің аяқ астымда жатқандай көрінетін. Біз өте сапалы білім алдық. Сондықтан осындай ортада өскенімді мақтан етемін. Бүгін басқа түлектерді көріп, олардың ғылымдағы жетістіктерін тыңдап, қуанып отырмын.
Бұл мені де ынталандырады. Бұдан да жақсы дүние жасап, одан да жоғары жетістікке жетуге талпындырады. Ең бастысы, бір-бірімізге қолдау көрсету деп білемін», деді Ы. Ыбрайымова.
Алдағы таңда осындай тағылымды басқосулар дәстүрге айналып, ол түлектер мен университет арасында ықпалдастық пен ынтымақтастық орнатуға бағытталмақ.
Бибіхан Серікова