Руханият • 26 Маусым, 2024

Шанхайда жанған шоқжұлдыз

192 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тұп-тура бір ай бұрын ғана газет бетінде Данияр Саламаттың Бейімбет Майлиннің шығармалары желісімен түсірілген «Талақ» фильмі үлкен додада бақ сынайтынын жазып, көңіліміз күпті болып жүрген. Міне, күні кеше ғана Шанхайдан сүйінші хабар келіп, өнерсүйер дүйім жұрт қатты қуанды. Қазақ кинокартинасы әлемнің үздік 14 фильмін басып озып, бас жүлдені қоржынға салды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген туынды ХХVІ Халықаралық Шанхай кинофестивалінің (SIFF) толықметрлі фильм аталымының «Алтын кубогін» жеңіп алды. Сондай-ақ актриса Амира Омарова «Ең үздік әйел рөлі» аталымында жұлдызы жанды.

Шанхайда жанған шоқжұлдыз

Айта кетейік, 1993 жылдан бері өткізіліп жүрген халықаралық фестиваль – алғашқы үштікті (Канн, Берлин, Венеция) өкшелеп келе жатқан «А» класындағы үздік кинофестивальдардың бірі. Биыл байқауға 105 ел мен аймақтан 3,7 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Іріктеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 29 ел мен аймақтан 50 фильм бес аталым бойынша «Алтын кубок» жүлдесіне таңдалған.

Режиссер Бейімбеттің шы­ғармасын экрандауға он жыл бойы толғатып, үлкен дайындықпен келген. Данияр Саламатты бәрі әу бастан камералық қалыптағы авторлық туындылар түсіріп жүрген режиссер ретінде таныды. Бірақ режиссердің іштегі көптен бергі арманы тарихи фильм жасау болатын.

Иә, автор Бейімбеттің шығар­масы арқылы 20–30-жылдар – өліара кезеңдегі қазақтың мінезін, та­биғатын, тұрмысын көрсеткісі келді. Аталған фильмде сол кезеңдегі жаппай ұжымдастыру кезіндегі «социализмнің» ызғары суреттеледі. Ел арасында түрлі ұрандар да желдей еседі. Соның бірі – «әйелдерге бостандық». Осы ұранды желеу қылғандардың салқыны сан жұртқа тиеді. «Талақ» сөзі көркем туындыда мұсылман заңдылығымен ажырасуды ғана білдірмейді, сол кезеңдегі қазақ өміріндегі өмір сүру тәртібінен, дәстүрінен, көшпелі өмірінен еріксіз ажырауын да меңзейді. Халық «бостандық» деген ұранмен бостандығынан ажырап бара жатқанын астармен баяндайды. Фильмді стильдік тұрғыдан алсақ, екі-ақ түс беріледі. Бірі – қоңыр, екіншісі – қызыл түс. Қоңыр – қазақтың қоңыр өмірі, қоңыр тіршілігінің белгісі болса, қызыл – сол қазақтың қоңыр тіршілігіне тамып кеткен қан секілді әсер береді.

«Бейімбеттің шығармала­рынан әлі күнге дейін толық­метрлі фильм түсірілмепті. Көрші қырғыздар Шыңғыс Айтматовтың барлық туындысын киноға айналдырды. Бір ғана «Ақ кемесі» өзбек елінде бір, өз елінде екі қайтара түсірілді. Біздің басты қасіретіміз өзіміздің классиктерді бағаламау, өзімізге мән бермеу болып тұр. Соның ішінен сүзіп, жауһарды іздеп табу кемшін. Өйткені қазір режиссерлердің көбі Батысқа, орыс әдебиетіне қарайды, өзінің туған табиғатына, төл әдебиетіне үңіле бермейді. Сонымен Бейім­беттің басқа шығармаларын үңгіп қазып, ақтарып отырып, «Әже» және «Талақ» деген екі әңгімесіне ерекше қызықтым. Осы екі туындының басын қосып, сценарий жаздым», дейді Данияр Саламат.

Еске салсақ, «Талақ» фильмі­нің түсірілім жұмыстары былтыр қараша-желтоқсан айларында Жаркент өңіріндегі Әулиеағаш деген жерде өтті. Арнайы декорация, шағын ауыл жасалды. Актерлік құрамда, негізінен, типтік ерекшеліктерінде, түсте­рінде архаикалық тек, бұрынғы заманның түрін беретін ерекше бейнелер, ерекше образдар таңдалған. Басты рөлдерді Ерболат Әлқожа, Амира Омарова орындады. Құрымбайдың образын Айбек Иманқұлов ойнады. Айта кетейік, Бейімбеттің таңдалған екі шығармасында да Құрымбай деген кейіпкер жоқ. Туындыға «Құрымбайдың жігітшілігі» деген әңгімедегі Құрымбайдың образы алын­ған. Режиссердің айтуынша, сол кездегі ұрдажық, асыра­сілтеушілік, ештеңенің байыбына бармауды көрсету керек болған. Ал ауылнайдың рөлін Бей­нұр Баймұхамбет алып шық­ты. Продюсері – Ербол Бо­раншы, қоюшы операторы – Есен Айтмұқамет, қоюшы суретшісі – Нұрболат Жапақов, композиторы – Қайсар Дәуренқан.

Көркем туындыда мінезі жұмсақ, өзі әлжуаз Сарымсақтың рөлін сомдаған Ерболат Әлқожа кейіпкердің табиғатына қаншама жылдан бері дайындалғанын айтады.

«Режиссер бұл сценарийді он жыл бұрын бастаған кезде маған арнап жазды. Әр бөлімін аяқтаған сайын жіберіп отырды. Осыншама жыл бойы картинаның әр сюжетін бойыма сіңірдім. Жылда питчингтен өтпей қала­мыз, ол да дұрыс болған шығар деймін қазір. Оқиғаларды тү­гелімен бойыма дарытып барып фильмге түскен соң, маған аса қиынға соққан жоқ. Бұл – талай жылғы дайындықтың жемісі. Әдеби шығарманың экрандалуына алғаш рет қатысып отырмын. Өзіміздің ішімізден шыққан дүниені жаман деуге аузың бармайды. Сондықтан фильмнің әділ бағасын халық айтсын, мамандар сөйлесін. Дегенмен Шанхай фестивалінде бұл картинамызды әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар жоғары бағалады. Ал бас жүлде аламыз деген ой неше ұйықтасақ та түсімізге кір­меді. Тек «Үздік режиссер» аталымында озық шығармыз деп ниет­тендік. Сондықтан күтпеген қуанышқа жүрегіміз жарылып, ала­сапыран күйде болдық», дейді актер.

Қазылар алқасы қазақ кинокартинасын комедия, фарс және трагедия жанры жігі бі­лінбей үйлесім тапқан туынды, «фильм оқиғасы қоғам өмірінен шаңырақтары түсініспеушілік салдарынан құлаған ерлі-за­йып­тылардың интимдік қа­рым-қа­тынасына жылдам ауы­сатын» күрделі оқиға жүйе­лі баяндалған фильм деп б­ағалаған.

Кинотанушы Гүлнар Әбікеева аталған фильмнің бұған дейін де бірнеше кинофестивальға өтінім жіберіп, қабылданбағанын айтты.

«Талақтың» көтерген тақы­рыбы дәл қазіргі қоғамда өте көкейкесті. Әйел құқығы кейінгі жылдары қоғамның бір жарасына айналды. Кинокартина стилис­тикалық тұрғыдан өте жақсы сапада түсірілген. Юмор да, сатира да бар, бірақ бұл фильм ортасында драмаға ұласып, соңында трагедияға айналады. Отбасылық өмірдің психологиялық ауыр тұстары да бейнеленеді. Бай­қаусызда айтылған бір ғана сөздің айналасында оқиға өрбіп, ширыға түседі. Кез келген көркем туынды өз заманының шындығын іздейді. Данияр Саламат бұл кинода сол мақсатқа жетті. Ол сол 20-жылдардағы қоғам өмірін, халықтың мінезін айқын су­реттей алды. Данияр Саламат­тың өзі айтқандай, «Талақ» – три­логияның басы. Режиссер енді 30-жылдардағы ашаршылық туралы көркем туынды түсірмек. Ал үшіншісі Екінші дүниежүзілік со­ғыстағы тылда жүрген әйел­дер­ге арнал­мақ», дейді кинотанушы.

Ал кинотуындының про­дю­сері Ербол Бораншы кез келген көркем дүниенің артында талантты, еңбекқор ұжым болатынын тілге тиек етті.

«Шынын айтсақ, «Талақ» –  жолы да, жөні де бөлек туын­ды. Фильмді түсіру жұ­мыстары да қиындық, кедергісіз өтпейтіні мәлім. Сонда да мықты ұжым­ның бірлескен еңбегінің, ре­жиссердің табандылығының арқасында кинокартина соңғы нүктесіне жетті. Жалпы, жаңа фильмдердің алғашқы жылдары түрлі додаларда бақ сынаумен өтеді. Халықаралық кино­фестивальдардың барлығында өзінің шарттары болады. Мәселен, соның бірі додаға қатысатын туынды прокатқа шықпаған болуы керек. Біз де «Талақты» осы Шанхай кинофестиваліне шоқжұлдыздай сақтап отырдық. Күткеніміз «Алтын кубок» болады деп кім ойлаған...» дейді продюсер.

Биылғы Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойы қар­саңында шығармаларының желісімен көркем фильм түсі­ріліп, бәйгеден оза шауып жат­қаны, әрине, үлкен жетістік. Қазақ көрерменіне мүлдем бейтаныс кинокартинаның күзге қарай ұлы суреткердің осы құрметіне орай өз елімізде көрсетіледі деп жоспарланып отыр.