Оқиға • 26 Маусым, 2024

Су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау: Қостанайлық отбасы жаңа пәтерге ие болды

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының «Жомарт жан» гуманитарлық орталығы аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық қоры» қоғамдық қоры Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жайлы баспана алып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау: Қостанайлық отбасы жаңа пәтерге ие болды

Қор басшысы Рафик Мирзоевтің айтуынша, аталған қоғамдық ұйым су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға белсенді түрде көмек көрсетуді жалғастыруда, өйткені олардың көпшілігі қиын өмірлік жағдайға тап болып, баспанасынан айырылған.

1

«Су тасқынына дейін балаларымызбен пәтер жалдап жүріп, өз үйіміз қашан болады екен деп армандайтынбыз. Табиғи апат өмірімізді тас-талқан етті, бар нәрсемізден, тіпті жалдап тұрып жатқан уақытша баспанамыздан да айрылып қалдық. Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында өз пәтерімізге көшіп, жаңа өмірдің парағын аштық. Бұған әлі де сене алар емеспін, өңім емес, түсім сияқты», дейді Айман Қадырханқызы.

Зардап шеккен отбасылардың ішінде бірінші болып Арқалық қаласынан Қазовтарға көмек көрсетілді. Айман Қадырханқызы кәмелетке толмаған төрт баласымен су тасқыны кезінде баспанасыз қалған. Қоғамдық қор оларға Арқалық қаласынан төрт бөлмелі пәтер алып беріп, жаңа әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етті.

2

«Осындай қиын-қыстау кезде жалғыз қалдырмай, қол ұшын созған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен әкімдікке алғысым шексіз. Жаңа пәтер болашаққа деген сенімімізді нығайтты», деп ризашылығын білдірді.

Рафик Ягубович қордың мақсаты табиғи апат салдарынан қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға қолдау көрсету және оларды қолайлы жағдайларымен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Арқалық қаласында көктемгі су тасқыны кезінде баспанасыз қалған отбасылар үшін жаңа 50 пәтерлік «Smart» тұрғын үй салынып жатыр.