Ғылым • 27 Маусым, 2024

Радиофармацевтік дәрі-дәрмек өндірісі

137 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастық аясында Ядролық физика институты Қырғызстанға қатерлі ісік пен жүрек ауруларын диагностикалауда қолданылатын ­молибден-99/технеций-99 генераторын жөнелтті. Қырғызстанға радиофармацевтикалық препа­раттарды жеткізу денсаулық сақтау жүйесін нығайту мен көрші ел тұрғындары үшін озық медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам саналады.

Радиофармацевтік дәрі-дәрмек өндірісі

Былтыр Астанада Энер­гетика ми­нистрі Алмас­адам Сәтқалиев пен Атом энер­­гиясы жөніндегі халықара­лық агент­тік бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстан мен Агенттік ара­сындағы 2023–2028 жылдарға арналған елдік бағ­­дарламаға қол қойған болатын. Бағ­­дарлама атом энергетикасы инфра­құрылымы, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және ядролық медицина сияқты төрт басым бағытты айқындайды.

Молибден-99 – диагностика­лық зерттеулер жасауда Техне­ций-99т генераторлары өндірісін­де қолданылатын шикізат. ­99mTc қалқанша және сілекей безде­рін, мидағы ісіктерді, жүрек сцинтиграфиясын және басқа ішкі ағзалар жұмысын сканерлеуде қолданылады. Радионуклидті диаг­­­ностиканы қолдану өте ерте кезеңде адам ағзасындағы ауыт­­­қулар мен патологияларды анық­­тауға, уақтылы ем алуға мүм­­кін­дік береді.

Бүгінде Ядролық физика инс­титуты – елімізде радио­фар­ма­­цев­тикалық препараттарды өн­­діру үрдісінің халықаралық стан­дарттарға сәйкестігін растайтын GMP сертификаты бар жалғыз ұйым. Сертификат инс­титутта өн­дірілетін дәрілердің жо­ғары сапасы мен қауіпсіздігін айғақтайды. Мұн­да радиоизо­топ­тар, яғни ­диагнос­тика мен те­­рапияға арналған серти­фи­кат­­тал­ған дәрілік препараттар өн­дірісі жолға қойылған. Қазіргі кез­де елімізде өндірілетін ра­дио­­­фармацев­тика­лық препа­рат­­тардың 75 пайызға жуығын инс­­титут мамандары өндіріп, Алматы, Шымкент және Семей қа­ла­­ларындағы медициналық меке­­­ме­лерді қамтамасыз етіп отыр.

Қатерлі ісік ауруларын емдеу мен ерте диагностикалау­да ме­дициналық және өнеркәсіптік мақ­саттағы радиоизотоптар­ды өн­дірумен байланысты радиа­ция­лық технологияларды қолдану­ға қажеттілік артып келеді. Осы мәселені шешу және импортқа тәуелділіктен арылу мақсатын­да Ядролық физика институты ға­­лымдары соңғы жылдары аса ма­ңызды медициналық изотоптар мен радиофармпрепараттар техноло­гияларын әзірлеумен айналысып жатыр. Қазақ радиология және онкология институтында орнатылған онкологиялық, басқа да ауруларға диагностикалық зерттеулер жасайтын позитронды-эмиссиялық томографта, Президент Іс басқар­ма­­сы Медициналық oрталығы базасын­да ашылған онкологиялық клиникада қолданылатын генераторлар Ядролық физика институтында өндіріледі. Тәжірибе көрсеткен­дей, институтта қатерлі ісікті емдеуде қолданылатын радиофармпрепараттар еліміздің медици­на саласында ғана емес, шетел­дер­де де сұранысқа ие бола бас­тады. Ал өнеркәсіпке арналған радио­изо­топтар өндірісі зама­­науи жетіс­тіктер қатарында. Қазіргі ­кез­де инс­ти­тут кобальт-57 радиоак­тив­ті изо­топын Германия, Фран­­ция, Ресей на­рығына экспорттап жатыр. Түркия Республикасына атал­­мыш изопты тасымалдау жоспарла­­нып отыр.

Ғалымдар ядролық физика ғы­лы­мының іргелі және қолдан­балы жаңа­лықтарын медицинамен қатар өнеркәсіп, ауыл шаруа­шы­лығы, құрылыс саласы мен архео­логияның игілігінде пайдаланып келеді. Радиоизотоптар мұнай, металлургия саласында да ке­ңінен қолданыс табуда. Дефек­тоскопия саласы үшін гамма сәуле шығаратын радиоизотоптар да нарықта үлкен сұранысқа ие. Институт базасында өндіріле­тін жараны зарарсыздандырып, инфекциядан қорғайтын «Aqua dress» медициналық-косметикалық сте­рильді гидрогельді таңғыштары мен теріге арналған шунгитті маскалар осы саладағы өндіріске серпіліс беріп отыр. Ғылым қорының грантын жеңіп алған институт қазіргі таңда халықаралық стандартқа сай гидрельді таңытқыштар өндірісін дамытуды көздеп отыр.

Институтта орналасқан ССР-Қ реакторындағы нейтронды ра­дио­графия мен томография қон­­дырғысы рентгенмен са­лыс­тырғанда оның бейтарап бөл­шек ретінде тереңдете зерттей­тін ерек­­шелігінде. Мұнда 3D моделі арқылы 3-4 см қалыңдықтағы ­бо­латты, 10 см темірді де, тасты да ска­нерлеуге болады. Оның көме­гі­мен кен орындарынан табыл­­­ған бұйымдарды зерттеу ғалым­дар жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп отыр. Нейтронды томография­ның жетістігі бүгінде археология саласында да жемісін беріп жат­қаны белгілі. Осы орайда Есік қор­ғанынан табылған Сақ дәуі­ріне тиесілі адамның жақ сүйегін түсіріп, тісінде судың қалдықтарын зерттеу әдісі Орталық Азияда ал­ғаш рет қолданысқа енген бола­тын. Сонымен бірге ядролық физи­кадағы жетістіктердің бірі ретінде литий ионды батареялар өндірісін атауға болады. Литий ионды батареялар ұялы телефондарды және электромобильдерді қуаттауда пай­даланылады. Соңғы жылдары қолға алынған бұл бағыт жасыл энергиядағы жетістік саналады.

Қазіргі таңда шикізаттық емес әлеуетімізді дамытуда институт ғалымдары радиациялық өңдеу әдісі арқылы, сондай-ақ судан тарайтын аурулар, сәулеленген суда болатын химиялық реакциялар, зиянды органикалық заттардың, зиянды микроорганизмдерді жоюға қатысты жобаларды өнді­ріске енгізу бағытында да кешенді жұмыстар істеп жатыр.

 

АЛМАТЫ