Облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын жүйелі түрде жалғастыру жоспары талқыланды.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған акция аясындағы жұмыстар ірі қалаларда ғана емес, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылуы керектігін атап өтті.
«Осыған орай акцияны жалғастырудың облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп отыр. Қызылорда қаласы аумағындағы санитарлық тазалық жұмысының бөлінісі жасалды. Бұл бағытта әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың қасбетін қалыпқа келтіріп, көше, жол бойы тазалығын қамтамасыз ету, жол белгілерін түзету қолға алынады. Барлық жұмыс бекітілген іс-шараға сәйкес сапалы атқарылуға тиіс», деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Бұл жұмыстарға бюджеттік сала, кәсіпорындар қызметкерлері, белсенді жастар ұйымдары өкілдері жұмылдырылады. Ортақ іске қосар үлесі көп волонтерлер де экошаралар ортасынан табылмақ. Елді мекендердің көркеюі мен көгалдандырылуы, санитарлық тазалығының сақталуы бағытындағы жұмыстардан мекемелер өкілдерімен қатар қарапайым тұрғындар да шет қалмайды.
Қызылорда