Мәдениет • 27 Маусым, 2024

Президент Ұлттық домбыра күнін жан-жақты дәріптеуді тапсырды

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі барысында айтты, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Ұлттық домбыра күнін жан-жақты дәріптеуді тапсырды

Фото: www.trt.net.tr

Президент биыл «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналғанын тілге тиек етті.

«Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты. Біз қоғам ретінде айналамыздағы тазалықтың қадірін біліп, басқа адамдардың еңбегін құрметтеуді үйренуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының айтуынша, отандық медиа қоғамда жоғары экологиялық сана мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға зор көмегін тигізе алады.

«Осы орайда азаматтарымыздың ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі қоғамдық орындарда вандализммен көзге түсіп, тұрпайы мінез-құлық көрсетуі – назар аударатын мәселе. Тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттер тек заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды», деп қосты Президент.

Жиын барысында Мемлекет басшысы тағы бір мәселе - Ұлттық домбыра күнін дәріптеу туралы сөз қозғады.

«Алдымызда «Ұлттық домбыра күні» келе жатыр. Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.