Зиялылардың басылымы
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
1. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегеніндей, елдің жақсылығын жария етіп, түйткілді мәселелерін билікке жеткізетін басылымның жөні бөлек. Ұлт баспасөзінің бастауында тұрған «Egemen Qazaqstan» газетін 20 жылдан бері жаздырып аламын. Газеттің әр нөмірін асыға күтемін, барлық мақаланы оқып шығуға тырысамын. Басқаша айтқанда, «Егемен» – барша зиялының басылымы.
Бас газеттің бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, ұлт баспасөзінің қара шаңырағы – «Егеменнің» шежіреге толы қатпарлы тарихы бар. Екіншіден, бұл – қазақтың тәуелсіз ел болуын аңсаған Алаш арыстары мен қабырғалы қаламгерлердің айшықты қолтаңбасы қалған басылым. Үшіншіден, басылымның бағыты айқын. Бұл – сенімді әрі шынайы ақпарат тарату.
2. Әр газеттің ұстанатын бағыты әр алуан болатыны анық. Осы тұрғыдан айтқанда, «Егемен» ұлт руханиятын насихаттап, тұщымды дүние ұсынып келеді. Газеттің әр нөмірінен оқырманға ой салатын, елді бірлік пен ынтымаққа үндейтін, отандық экономиканы өркендетуге байланысты мақалаларды табуға болады. Әсіресе шиеленіске толы жаһан елдеріндегі экономиканың даму үрдісі, әлеуметтік түйіндерді шешу жолдары, түрлі кикілжіңнің салдары, қаржылық сауаттылықты арттыру секілді мәселелер кеңінен сарапталады.
Кейінгі кезде газеттің соңғы бетінде танымдық ақпараттар беріле бастады. Әсіресе елді елең еткізетін жаңалықтар топтамасы қызықтырады. Ұлттық, әлемдік әдеби шығармаларды талдаған туындылар, өнер, экономика саласындағы белгілі тұлғалармен сұхбат оқырманды газетті үзбей оқуға жетелейді.
3. Әрине, өзім тарихшы болғандықтан, газет бетінде қазақ халқының нәубет жылдардағы азапқа толы тағдыры зерттелген туындыларды көбірек оқығым келеді. Мұндай мақалалар бүгінгі жас буын, болашақ тарихшылар үшін аса қажет.
Атырау облысы
Тарихи тақырыпты іздеп оқимын
Сатыбалды ТАСПИХОВ,
Орал қаласының тұрғыны, еңбек ардагері
1. «Egemen Qazaqstan» газетіне тарихи материалдар жиі шығады. Ертеде өткен хандар мен билер, тарихи тұлғалар жайында шығармалар, зерттеулер мені қызықтырады. Сондай мақалаларды жібермей оқимын. Жасым 90-ға таяды, газеттің байырғы оқырманымын.
2. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жайында іздеп жүріп оқитын едім. Құдайға шүкір, биылдың өзінде осы бір ерекше тұлға туралы бірнеше мақала жарық көрді. Жақында ғана Мәшекеңнің шөбересі Абай Шарапиевтің «Ғұлама мұрасы – халқының олжасы» атты мақала шықты. Осы мақалада «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітап шыққанын естіп-білдім. Жалма-жан сұрастырып, авторының телефонын іздеп тауып, осы кітапты қалайда қолыма түсіруге әрекет етіп жатырмын енді.
Одан бөлек, өткен сандардың бірінде Құнанбай қажының Семейде өткен мерейтойы жайында жақсы дүние жарияланды. Әйгілі Абайдың ата-тегі, Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай, Айдос, Олжай – шынжыры үзілмеген текті әулеттің тарихы әрдайым қызық қой. Данышпан Абайдың өзі ғана емес, аталары, әжелері де аса текті, өнерлі адам болғандығы тарихи әділеттілік сияқты. Біздің ата-бабамыз қазіргідей жоғары оқу орындарында оқымаса да, өмір академиясынан сабақ алған нағыз дала данышпандары ғой деп марқайып қаласың.
3. Қазақта бойына ерекше қасиет біткен, тумысынан дара адамдар аз болмаған ғой. Солар туралы жиі оқығым келеді. Өмірде ақыл-парасатын пайдаға асырған, көптеген адамға үлгі болған жандардың өмірі ерекше қызықтырады. Тарихи оқиғалардың ортасында жүрген тарихи тұлғалардың өмірі хақында жиірек жазылса деймін. Себебі бұл жастарға үлгі болады ғой. Болмысы бөлек адамдар, қатарынан асып туған жандар туралы жазылса, сондай дүниені оқығым келеді.
Батыс Қазақстан облысы
Табиғат туралы мақалалар тартымды
Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф, құсбегі, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы
1. «Egemen Qazaqstan» – еліміздің барлық басылымы бой түзейтін бас газет. Ішкі және сыртқы саясат, мемлекеттің болашаққа ұстанған бағдары, стратегиялық бағыт, Президенттің ел экономикасы мен рухани кеңістігін ілгерілетудегі толғамды ойлары бірінші кезекте бас газетте жарық көреді. Одан бөлек, мұнда сайдың тасындай іріктелген сақа журналистер еңбек етеді. Олардың жазған тұщымды мақалалары салмақтылығымен дараланады. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты пікірі, салмақты ойы бар газетті сауатты оқырман бірінші кезекте оқиды.
2. Мені жұрттың бәрі табиғат сақшысы деп таниды. Сондықтан бас газеттегі «Туризм», «Талбесік» бетінде жарық көрген көптеген мақаланы үзбей оқимын. Еліміздің әр қиырындағы табиғаты тамаша жерлер туралы жазылған жазбалар көңілге қонады. Руханият тақырыбындағы материалдар мен түрлі тақырыптағы сын мақалалар – авторлардың ізденісі. Тілшілердің біржақты кетпей, жан-жақты саралап жазатыны қуантады. Бұл – кәсібиліктің белгісі.
3. Расында да, табиғат, экология тақырыбындағы өзекті мәселелер менің жаныма батады. Алдағы уақытта бас басылым бетінен киіктер мәселесіне қатысты тереңдетіп, індетіп жазған жазбаларды оқимын деген ойдамын. Үкімет басшысы Шудың суын Сарысу мен Созақ даласына дейін жеткіземіз деп қалды ғой. Бұл жұмыс жүзеге асса, мәселе біршама жеңілдейді. Аң мен құс қазір су іздеп жүр. Премьер-министр айтқан маңайдың ар жағы – қу дала. Бұл жаққа 10 миллионға дейін киік келе алады. Мұнда су жоқ, мықты өріс бар.
Кезінде киіктер Қарақалпақстан аумағына дейін өтіп кеткен кезең де болған. Киік – байтақтың еркесі. Бөтен елге кетіріп, етін шұжық цехына жеткізгенше, сартап даланың байлығын өзімізде сақтауымыз керек. Тілшілер осы мәселені қаузап жазса деген тілегім бар.
Жамбыл облысы