Аймақтар • 29 Маусым, 2024

Әлеуеті артқан фабрика

160 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын өндіріс қуатын арттыруға басымдық берген «Әулие-Ата Феникс» құс фабрикасының басшылары қазіргі кезде ішкі нарықты қамтумен шектеліп отырған жоқ. Құс еті­нен өндірілген өнімдер алыс-жақын шет мемлекеттерге экс­порт­қа шығарылып жатыр. Уақыт алға жылжыған сайын өн­діріс қуатын арттыруға ден қойған фабрика ұжымы діт­теген мақсатқа жету жолында аянып қалмайтыны анық.

Әлеуеті артқан фабрика

Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылдық округіндегі қаңқасы ғана қалған фабриканы сатып алған кезде Фарида Жүнісоваға «тоз-тозы шыққан фабриканы қандай мақсатқа пайдаланбақшы?» деп таңырқай қарағандар аз болған жоқ. Алайда тәуекелге бел байлаған кәсіпкердің өз жоспары бар болатын.

Іскер азамат мақсатқа жету жолында мүмкін болған бар­лық қадамға барды. Қираған кәсіпорынды қайта қалпына келтіріп, фабриканың жұмы­сын жүйелеу жолында бар күшін сарқа жұмсады. Шүмек­теп төккен тер текке кеткен жоқ. Бастысы да сол емес пе? Бизнеске бет бұрған Фарида «Аграрлық несие корпорациясынан» жеңілдетілген несие алып, жұмысты жандандыруға білек сыбана кірісті.

ар

«Әулие-Ата Феникс» 2016 жылы қайта еңсе тіктеді. Кәсіп­орын жұмысын ширатуды мақсат тұтқан басшы жолай кезіккен кедергілерге сынған жоқ. Қайта барлық қиындықты еңсеру арқылы ерік-жігерінің мықты екенін байқатты. Кәсіпорын басшысы фабриканы заманауи техникамен жабдықтауға айрықша назар аударды.

«Біз «Агроэкспорт» бағдар­ламасының шарапатын бір кісідей көрдік. 2018 жылы сол бағдарлама арқылы 658 млн теңге несие рәсімдеген болатынбыз. Нәтижесінде, Нидерландыдан құс өсі­руге қажет деген барлық заманауи құ­рал-жабдық пен ауыл шаруашылығы тех­ни­касын әкел­дік. Сөйтіп, фабриканың жұмы­сын жан­дандырдық. Атқа­рылған жұмыс­тың арқа­сында өндіріс қуаты ұлғай­ды. Әуелі жылына 5 мың тонна шама­сында құс етін өндірген болсақ, техниканы жаңарт­қаннан кейін көрсеткішті 7 мың тоннаға дейін жеткіздік. Осылайша, жаңа бе­лестерді бағындыруға ден қоя баста­дық», дейді «Әулие-Ата Феникс» ЖШС директорының көмекшісі Ілияс Дүйсен.

Ол келтірген дерекке жү­гінсек, кәсіп­орынның аумағы 536 гектар жерді құрайды. 18 құс қорасында еңбек ететін жұмысшылардың күшімен қырыққа жуық өнім шығарылып жатыр. Фабрика қызметкерлері балапандарға бидай мен жүгері беріп бағып отыр. Салмағын 2 килодан асыруға болмайды. Өйткені халықаралық стандартқа бағыну керек. Ал көршілес Қырғыз Республикасы мен Ресейге экспортқа шыға­ры­латын өнім жалпы өнімнің бес пайызын құрайды екен.

Фабриканың өнім өндірудегі әлеуеті жыл өткен сайын арта түсті. Мұның барлығы әр жылға арналған нақты стратегиялық жоспардың дер кезінде іске асуының арқасында мүмкін болғаны талас тудырмайды. Мәселен, 2017 жылы 4 200 тонна тауық етінен түрлі өнім шығарылса, бұл көрсеткіш 2022 жылы ­­7 040 тоннаға жетті. Сондай-ақ 300 тоннаға жуық етсүйек ұны шығарылды.

«2017 жылы екі елге жөнел­тілген өнім бар болғаны 52 тонна болса, 2018 жылы 172 тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 463 тоннаға артқанын айта кеткен ләзім. Әйтсе де фабрика басшылығы бірінші кезекте жергілікті нарықты қамтуға ден қойып отыр. Мемлекет­тік деңгейдегі қолдаудың арқасында кәсіпорын жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Қазір құс фабрикасында 247 азамат еңбек етіп жүр. Олардың дені жергілікті тұрғындар. Кәсіпорын қызметшілері жалақысын дер кезінде алады. Он үшінші жалақы да қарастырылған. Орташа еңбекақы – шамамен 149 мың теңге», дейді фабрика директорының кемекшісі І.Дүйсен.

Құс фабрикасы 2023 жылы құс өсіру қорасының санын 24-ке жеткізу үшін «Аграрлық несие корпорациясынан» 1 млрд теңгеден астам несие алуға өті­нім білдірді. Корпорация бұл өтінімді мақұлдаған. «Әулие-Ата Феникс» басшылары осы жылы қосымша 6 құс өсіру қорасы құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Әлеуетті кәсіпорыннан жер­гілікті қазынаға да көп-көрім салық түседі. Мәселен, «Әулие-Ата Феникс» құс фаб­рикасы 2019 жылы жергілікті бюджетке 280,2 млн салық төлесе, көрсеткіш 2023 жылы 481,73 млн теңгеге дейін жеткен. Енді қосымша тағы 6 құс өсіру қорасы салынып, өндіріс қуаты 12 мың тоннаға артса, қазынаға түсетін қаражат та көбеймек.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы