Орталық таратқан ақпаратқа сүйенсек, бірінші тағайындау нәтижесі бойынша 138 адам магистратура, 13 адам докторантура бағдарламалары бойынша білім алады, 33 азаматымыз әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Іріктеу кезінде инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық берілген. Оқыту 62 мамандық бойынша жүргізіледі. Биыл басым мамандықтардың тізімі мемлекеттік органдардың қажетті мамандықтар бойынша кадрлар даярлау жөніндегі сұраулары негізінде жасалды. Ауылдық жерлерден шыққан үміткерлерге, инженерлік-техникалық қызметкерлерге, медицина қызметкерлеріне жеңілдік санаттары қолжетімді. Олар оқуды бастамас бұрын 12 айға дейінгі тілдік дайындықтан өте алады, стипендияға құжаттарды тапсырған кезде университеттен шақыру хатының болуы міндетті емес.
Осы жылғы өзгерістерге қатысты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Әлия Оспанова: «Биыл өтінімдердің рекордтық саны конкурсқа қатысудың жоғары деңгейін көрсетті. Алдағы уақытта біз конкурсқа іріктеу ережелерін жетілдіріп, құжаттарды ресімдеудің бүкіл үдерісін цифрландыруды жоспарлап жатырмыз. Іріктеу кезеңдерін енгізу және тестілеу түрін өзгертуді де қарастырып отырмыз», деді.
Үміткерлер Harvard University, Stanford University, National University of Singapore, University of Pennsylvania, University of Illinois at Urbana-Champaign сияқты әлемдік рейтингтердің топтарына кіретін университеттерге түсті. Ең көп қызығушылық тудырған мамандықтар: «Ақпараттық технологиялар және жүйелер», «Үлкен деректерді талдау», «Көлік технологиялары», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Химиялық инженерия», «Құрылыс инженериясы», «Халықаралық құқық және қауіпсіздік», «Зияткерлік меншік», «Экология». Стипендиаттар тізімін орталықтың bolashak.gov.kz сайтынан көре аласыздар.